«Ақмола облысының азаматтық альянсы қауымдастығы» бірлестігінің ұйымдастыруымен «Экологиялық проблемалар, қоршаған ортаны қорғау және қоғамдық ұйымдардың қызметі» деген тақырыпта семинар өтті.
Қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан семинарды биология ғылымдарының докторы Әбілжан Құсайынов ашып, жүргізіп отырды. Қоршаған орта тазалығын сақтау бүгінде әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе болып отыр. Экология саласындағы проблемалар біздің елімізде де бар. Қоршаған ортаны, ауаны, судың ластануы барлық жерлерде бой көрсетуде. Осы орайда, бұл мәселемен тек мемлекеттік құзырлы органдар ғана айналысып қоймай, оған қоғамдық ұйымдар да атсалысуы қажет. Бұл жайында семинарда жан-жақты әңгіме болды. «Қазақстанның Швейцариясы» атанған табиғаты көркем Көкше өңірінде өзге аймақтармен салыстырғанда қоршаған орта тазалығы біршама дұрыс сақталған деп айтуға болады. Дегенмен де, шешімін күткен экологиялық мәселелер де жоқ емес. Өңірдегі ірі өндіріс орындары мен жеке тұлғалар тарапынан экологиялық заңдарды бұзушылық, қоршаған ортаға залал келтіру жайлары орын алып жатады. Осы орайда, экологиялық заңнамаларды пайдаланып, мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу тек құзырлы органдардың ғана міндеті емес, бұған қоғамдық ұйымдар да атсалысуы керек. Туған жердің табиғатын қорғау баршамыздың міндетіміз.
Соңғы кездерде құрылып, жұмыс жүргізіп жатқан қоғамдық кеңестердің де бұл мәселені шешуде үлкен ықпалы болатыны даусыз. Семинар барысында азаматтарға экологиялық заңдарды түсіндіру мен насихаттау бағытындағы жұмыстарға жете көңіл бөліну қажеттігіне назар аударылды және облысымызда табиғатты таза сақтау бағытында бірнеше жобалар қолға алынғандығы, мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатқандығы айтылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.