Ауданымызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған стратегиялық жоспарлары мен міндеттері өз деңгейінде орындалып, мемлекеттік бағдарламалар негізінде түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Тау-кен, өңдеуші сала, егіншілік пен мал шаруашылығы қарқынды дамып, ел экономикасына қосатын үлесіміз де молая түсуде.
Өңірді дамытуда елеулі орын алып отырған басты салалардың бірі – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы деп айтуға болады. Оған дәлел, өндірістегі өнеркәсіп саласының үлесі – 70,9 пайызды, ауыл шаруашылығы – 27,1 пайызды құрайды. Биылғы жылдың басынан бері 64698,2 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл атап өтуге тұрарлық өте жақсы көрсеткіш. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі қолданыстағы баға бойынша үй шаруашылығы секторын қоса алғанда 45863,4 миллион теңгені құрады. Сөйтіп, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11730,4 миллион теңгенің өнімі артық өндірілді. «Алтынтау Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдерін есепке алмағанда, ауданның өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 5362,7 миллион теңгеге жетіп, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 109,3 пайыз болды. Облыстағы өнеркәсіп өнімдерін өндірудегі ауданымыздың үлесі 16,3 пайызды көрсетіп отыр.
Тау-кен өнеркәсібі өндірісінің көлемі 15229,7 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 124,1 пайызды құрады. Алексеевкадағы доломит өндіру кенінде 177 мың тонна өнім өндіріліп, ол 562,9 миллион теңге табыс әкелді. Сонымен бірге, ауданда өңдеуші сала да қарқынды дамып, оның көлемі 29867,5 миллион теңгеге жетті.
«Алтынтау Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 40394,9 миллион теңгенің 9901 келі алтынын өндіріп, өткен жылғы нәтижеден 135,4 пайызға асып түсті. Сондай-ақ, күміс өндіру көлемі өткен жылға қарағанда 244,4 келі артық болды және 71,3 миллион теңге табыс әкелді. Сол сияқты биылғы жылы «Айдабол спирт зауыты» акционерлік қоғамы да табысты жұмыс істеді. Жыл басынан бері онда 230,9 мың дал этил спирті өндіріліп, 528,2 миллион теңге табыс түсті.
Ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан бергі жалпы өнімнің көлемі 17525,1 миллион теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 147,7 пайызды құрап отыр. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш әлі де жоғарылай түсетіні сөзсіз.
Мал шаруашылығында да ілгері басушылық бар. Бүгінгі күнге дейін 6,4 мың тонна ет, 40,8 мың тонна сүт, 10374,7 мың дана жұмыртқа өндірілді. Мал басы артып, құс саны да көбеюде. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын қалыптастырушы кәсіпорындарда, шаруа қожалықтары мен фермаларда да мал басы өсіп келеді. Соның нәтижесінде 1160,6 тонна ет, 14077 тонна сүт өндірілді. Елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бағдарламасы шеңберінде «Milk Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тоғыз айдың ішінде 1720 тонна сүт өнімдерін Астананың сауда орындарына өткізіп, 297,0 миллион теңге пайда түсірді. Жыл басынан бері серіктестік 1939,0 миллион теңгенің 13 мың тонна сүт өнімдерін өндірген. Көкшетау қаласында екі рет жәрмеңке өткізіп, одан 32,7 миллион теңге пайда түсті.
Ағымдағы жылдың басынан бері 3633,7 миллион теңгенің инвестициясы тартылды. Жекеменшік кәсіпорындардан тартылған инвестицияның үлесі 63,4 пайызды құрады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 1309,7 миллион теңгеге жетті. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш әлі де арта түспек. Бүгінге дейін 3236 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3133 шаршы метр болған еді.
Ауданда шағын және орта бизнестің 1287 субъектісі тіркеліп, жұмыс істеуде. Қазіргі күні оларда бес мыңға жуық адам жұмыс істейді. Сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының екі бағыты өз дәрежесінде орындалуда. Ағымдағы жылға жалпы сомасы 1205,4 миллион теңгенің 9 өтініші беріліп, «екінші деңгейдегі банктердің пайыздық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» бойынша «Дихан Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі несие алып, оған ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Сол сияқты, «Агрофирма Мирас -Жер», «Көкшетау автодор», «Milk Project», «PLANT ME» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналымға қажетті қаражатты толықтыру, арнайы техникаларды сатып алу мақсатында несие алып, жұмыстарын жандандыруда. Алдағы уақытта «Жақсылық-Агро», «Рейн», «Народ» сияқты серіктестіктер де осы бағдарлама шеңберінде қаржыландырылмақ. Аталған бағдарламаға қатысу үшін кәсіпорындарды әлі де тартып жатырмыз, бұл мәселе күн тәртібінде үнемі бақылауда ұсталады.
Әлеуметтік сала жайында айтар болсақ, зейнетақы, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, мақсатты әлеуметтік көмек, әлеуметтік сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеу бойынша ешқандай қарызға жол берілген емес. Жұмыс іздеп өтініш білдіргендер саны 566 адам болса, олардың 429-ы жұмыспен қамтылды. Аудандағы еңбек нарығындағы жағдай мынадай: жұмысшылар – 23555 адамды құраса, жалдамалы жұмысшылар саны – 17660, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 5627 адам болып отыр. Ауданда ауыл шаруашылығы, сауда-саттық және басқа да салалар бойынша 423 жұмыс орны құрылды. Қоғамдық жұмыстарға 118 адам қатыстырылды.
Өңірімізде 65 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның 11-і бастауыш, 26-сы негізгі, 28-і орта мектептер. Сонымен бірге, Гранитный кентінде бір кешкі жалпы білім беретін мектеп бар. Зерендідегі қазақ орта мектебінің жанында интернат қызмет көрсетеді. Онда жетпіске жуық оқушы көршілес ауылдардан келіп, білім алып жатыр. Жаңа оқу жылының қарсаңында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Ақкөл орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданда «Балапан» бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде ашылған 14 шағын орталық пен 5 мектепке дейінгі мекеме бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беруде. 3 және 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 95 пайызды көрсетіп отыр.
Өткен оқу жылында екі түлек «Алтын белгімен» бітірсе, алдыңғы жылы төрт оқушымыз үздіктер қатарында болып, мерейімізді үстем еткен еді.
Ауданда халықтың денсаулығы да басты назарда тұрған мәселе. Бүгінде 67 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Олардың барлығы аудандық орталық ауруханаға бағынысты. Медициналық қызметті тұрғындарға 40 дәрігер, 200-дей орта медициналық қызметкер көрсетеді. Материалдық-техникалық қамтылуы жағынан медициналық мекемелердің жағдайы 61 пайыз. Әлі де атқарылатын жұмыстар аз емес. Ана мен бала мәселесі дәрігерлердің басты назарында. Мемлекеттік медициналық стандарттар мен бағдарламалар аясында аналар өлімі жүз пайыз тоқтатылды. Жыл басынан бері ауданда 275 сәби дүниеге келді. Өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда бұл көрсеткіш сәл төмендеу, дегенмен алдағы уақытта өңіріміздің кішкентай тұрғындары көбейе түседі деген үміттеміз.
Асқар МҰРАТҰЛЫ,
Зеренді ауданының әкімі.