Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының қызметкерлерінің ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай салтанатты кеші болып өтті.
Дүйім жұртқа дүбірлі дүниенің жаңалығын жеткізіп, жұртшылыққа жедел және шынайы хабар тарату ісінде «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының алар орны ерекше. Ол Ақмоланың тыныс-тіршілігін, өңір ажарын ашқан бірден-бір жалғыз телеарнасы ғана емес, бұқара мен биліктің арасын жалғаған алтын көпірі әспетті. Осы орайда, арна қызметкерлерінің айтулы мереке қарсаңында марапатқа ие болуы заңды. Облыстық филиал директоры, Халықаралық Телевизия және радио академиясының мүшесі Арсений Дүйсенов сахнаға көтеріліп, жиналғандарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдіре келіп, бірқатар газет пен басқа да мекемелердің басшыларын Алғыс хатпен марапаттады. Мұнан соң облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова сөз сөйлеп, мерекемен құттықтап, бірқатар журналистерге Алғыс хат табыс етті. Олардың қатарында Мәдина Смағұлова, Қорғанбек Көпей, Данияр Жұмағұлов, Қалымбек Мұхамеджанов, Абзал Қасымбаев, Сабырбек Құлатайұлы және тағы басқалары бар. Сондай-ақ, облыс әкімінің Мадақтау қағазымен Гүлнәр Бекенова марапатталса, облыстық мәслихаттың Алғыс хаты Берік Әбділманов, Дина Хаджымұратова, Нұргүл Нұрбайқызы, Ілияс Қайыров және тағы басқаларына табыс етілді. «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филилалының Алғыс хатымен Индира Тегжанова, Раушан Сайлауқызы, Айзат Тұрғынбайқызы, Павел Соловьев, Елемес Серікбай марапатталды.
Салтанатты шарада Көкшетау қаласы әкімі мен қалалық мәслихаттың және басқа да мемлекеттік мекемелердің басшыларының Алғыс хаттары табыс етілді. Сондай-ақ, осы саланың ардагерлеріне де осындай марапаттар жасалды. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен түйінделді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.