Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ән әлемінің жиһангері - АРҚА АЖАРЫ

Ән әлемінің жиһангері

Осындай тақырыппен  ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған  мерекелік шара аясында облыстық филармонияда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен жазушы, композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың 80  жылдық мерейтойына орайластырып әдеби-сазды кеш болып өтті. Өнер  саңлағына облыс әкімі Сергей Кулагиннің атынан ықылас гүлі ұсынылды. Мәдени шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, халқымыздың көрнекті өнер қайраткеріне облыс әкімінің құттықтау хатын оқып, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Қазақстан мен Қырғызстан Республикаларының саз өнеріне еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Халықаралық әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі, Ж.Жабаев және Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері Ілия Жақановпен жүздесу үшін келген көрерменде есеп болмады. Кешті М.Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек жүргізіп отырды. Алдымен, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов белгілі тұлғаны Көкше жеріне келуімен құттықтады. Салтанатты шараның ерекшелігі орындалған әндердің барлығы жанды дауыспен шырқалды. Облыстық филармонияның концертмейстері Марат Бектасовтың сүйемелдеуімен шырқалған әндерді тыңдаған халық бір серпіліп қалды.
Көмейіне бұлбұл ұялаған небір күміс көмей, жезтаңдай әншілер біздің Арқада дүниеге келіп, сал-серілер дәстүрін орнықтырып, қазақ әнінің өрісін кеңейтіп, өресін биіктетті. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар қазақ әнін биік тұғырға көтергені тарихтан белгілі. Бүгінде өңір өнерпаздары сол мол қазына, асыл аманаттың арқауын үзбей келеді десе де болады. Сал-серілердің бүгінгі көзіндей боп көрінетін Иран Тасқараұлы аталмыш өнер кешінде арнау айтып, көптің көңілін
көкке өрлетті.  
Сахнаға әнші Қажыбай Жахин шыққанда ән құдіретін жақсы түсінетін көкшелік көрермен ерекше қуанды. Арқаның әндері кең тыныстылығымен, әуен байлығымен, терең мазмұн, күрделі құрылымымен ерекшеленетіні белгілі ғой. Қажыбай аға осындай әндерді құлақтың құрышын қандырып, жеріне жеткізіп тамаша орындай біледі. Ілия Жақановтың  «Толағай» әнін шырқағанда жүрек те ерекше толқып сала бергені бар. Себебі, ағаның әндері жүрек қылын шертетін лирикалық иірімдерге бай сырлы әуез. Облыстық филармонияның маңдайалды әншілері композитордың «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Әселім әнім», «Даниярдың әні», «Еділ мен Жайық» және тағы басқа халық арасында кең таралған айтулы әндерін шырқап, әнге өнерге сусап келген өнерсүйер қауымның құмарын қандырды.
Әдеби кеш барысында Ш.Уәлиханов атындағы  Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров сөз алып, қазақы дәстүрмен айтулы өнер қайраткеріне шапан жауып,  сый-сияпат тарту етті. Әдеби кештен тағылым алған жастар өр тұлғаның өнегелі ғұмырымен сусындап, осындай рухани қуат алып тарқасты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар