Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай, Көкшетау қаласының «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігі «Қаламыз бойынша саяхат» тақырыбындағы фотосуреттер байқауының қорытындысын шығарды.
Аталмыш байқау ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген еді. Көкшетау қаласының әсем көрінісін, зәулім ғимараттары мен бай табиғатын бейнелеген кәсіпқой және әуесқой фотографтар түсірген суреттердің бәрі көз тартар ашылғандығымен ерекшеленеді.
Байқауға қазылық еткен облыс әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі кеңесшісі Василий Шиманский, Көкшетау қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Рамазан Мұқатаев пен бірқатар ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері ұсынылған фото туындыларға әділ бағасын берді.
Байқау нәтижесі бойынша Гүлсім Түлекенова бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Нұрлан Бижанов, үшінші орынды Нұрлан Ысқақов иеленді. Байқауға қатысушылардың бәрі дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.