Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қайсарлықтың жақтық мұзда алауын... - АРҚА АЖАРЫ

Қайсарлықтың жақтық мұзда алауын…

Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы басталғанда 3 курста оқитынмын. Атышулы пленумнан кейін келесі күні таңмен таласа тұрып, жатақханамыздан амалын тауып шыққаннан кейін орталық Брежнев алаңындағы жастар легіне қосылдық.

 

Уақыт өткен сайын саны көбейе түскен  жастардың қолында Лениннің портреті, «Әр ұлттың өз көсемі болуы керек» және Кеңестік конституцияның ұлт саясатына қатысты сөздері жазылған плакаттар болды. Сондай-ақ, кейін «Менің Қазақстаным» әнін қайта-қайта шырқаумен жүрдік. Шерумен темір жол вокзалына қарай бару керек деген ұсыныстар болды, себебі, ол жақтан келген-кеткен жолаушылар көрсін деп. Сол лекпен жүріп отырып, ауыл шаруашылығы институтының бас корпусына келдік. Содан ҚазПИ-дің студенттерін қосып, ЖенПИ-дің жатақханаларынан қыздарды ертіп, Космонавт көшесіне шығып, қайта жоғарыдағы алаңға бет алдық. Бізбен бірге милиция да еріп жүрді. Тәртіп бұзылған жоқ, бейбіт түрде алаңға келсек, осында жиналған жастардың шеті көрінбейді. Сол мыңдаған ұлтжанды ұл-қыздардың басын қосқан жастар толқуы ертеңінде де қайталанды.
Бірақ, Ресейден шұғыл жеткізілген солдаттар қызыл империяның қаһарынан қаймықпаған жастарды қоршауға алып, қолға түскендерді қанжоса қылды. Ендігі кезекте қашып құтылғандарды жазалау үшін жастардың жұмыс және оқу орындарында іздестіру шаралары қолға алынды. Әйтеуір, бір топта оқитын қыз-жігіттердің ауызбіршілігі арқасында күні-түні тексерушілердің қара тізіміне ілікпей аман қалдық. Ал, сол тұста кеңестік ақпарат құралдары алаңға өңкей нашақор, маскүнем, бұзақы жастар тобы шықты деп жарты әлемге жар салып, намысқа булыққан өр мінезді, жігерлі жастарды қаралаумен болды. Қысқы сессияда менен емтихан алған хирургия пәнінен беретін ұстазымыз, ветеринария факультетінің партбюро хатшысы Т.Аухадиев ағай «тілші Есілбаев саған кім болады?», – деп сұрады. Мен  «үш қайнасақ та сорпамыз қосылмайды» дедім. Ол кісі риза болып, басқа қосымша сауал қоймады. Сол кезде «Правда» газетінің тілшісі Есілбаев менімен фамилиялас, болған жағдайды бұрмалап жазатын. Алматыда тек оңтүстіктіктер ғана оқиды деп, оған қоса пайыздар келтіретін.   
1984 жылы шілде айында Көкшетауға Алматының зооветеринария институтынан көшпелі қабылдау комиссиясы солтүстік өңірлерден, яғни, Көкшетау, Торғай, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан абитуриенттер қабылдауда деген хабарды естіп, құжат тапсырған жастардың қырықтан астамы студент атандық. Тек өзім оқыған топта ғана Африканың Бенин мен Нигериясынан, Ауғанстан және Моңғолиядан студенттер оқып бітіріп шықты. Егер сол «тілшінің» жазғандарындай болса, бұл жастар бізбен бірге бір күн де болмас еді ғой. Бір оқу орнында оқыған сол кездегі бодандық босауға талпынған жастардың бас көтеруіне бірге қатысқан Көкше өңіріндегі жерлестерімізді айтатын болсам, олар: ауылымыз көршілес, бой түзеген бозбала шақтан таныс досым Ибраһим Балтабаев, Тайынша ауданындағы Дрогомировка селосынан Жұлдыз Әжіғұлов, қызылтулық Тимур Сыздықов, Щучинск қаласынан Сағындық Ертайлақов, Степняктан Темен Маев, Зерендіден Бектұрсын Сүлейменов және осы Көкшетаудан Ибраһим екеуімізден басқа Еркін Байгенжин мен Бақытбек Омаровтар. Сол кезде бәріміз де екі жылдық әскери борышымызды өтеген, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген, азды-көпті өмір көрген, 23-26 жастағы жігіттер едік. Сондықтан да,  ұлттық намысты ту етіп, саналы түрде алаңға шықтық. Қым-қуыт тіршіліктен арылып, сәті түскен бас қосуларда ұлтымыздың намысы үшін бас көтеріп,  қыршын кеткен құрбы-құрдастарға құран бағыштап, сол күндерді еске алысып, әңгіме қыламыз.  Біразымыз  көтерілістің 25 жылдығына орай «Желтоқсан ақиқаты» ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық және көтеріліс кезінде қаза болғандарға дұға оқып, ас бердік. Биылғы жылы бірқатар Желтоқсан оқиғасына қатысушылар марапатқа ие болды.
Елдің ертеңі үшін өктемдікке қарсы шыққан жастардың ерлігі қарапайым халықтың жадында мәңгі сақталары хақ.
Еркін ЕСІЛБАЕВ.
Суретте: Желтоқсан ардагерлері Ибраһим Балтабаев пен Еркін Есілбаев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар