1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының мән-жайы бұқаралық құралдарында айтылып та, жазылып та жатыр. Десек те, ол туралы толық ақиқат әлі ашылған жоқ және Желтоқсан оқиғасына қатысты қуғын-сүргінге ұшырағандардың бәрі бірдей заң жүзінде ақталған жоқ. Солардың бірі – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері, сызу және дизайн кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет атқаратын Әділбай Шүйінішев.
Оның туып-өскен жері Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылы. Бала кезінен сурет салуға бейім болып өскен ол мектеп бітірген соң ҚазПИ-дің көркемсурет факультетіне оқуға түседі. 1986 жылы осы институттың 4 курсында оқитын. Желтоқсанның сол бір ызғарлы күнінде Әділбай жатақханада кезекшілікте болыпты. Түстен кейін сабаққа келгенде студенттердің бәрі алаңға кеткенін естиді. Бірнеше жігіт алаңға барады.
– Біз келгенде алаңда ине шаншар жер жоқ, жастарға лық толы екен. Әр жерде биікке көтеріліп, сөйлеп жатқан шешендер. Айтатындары: «қазақ елін қазақтан шыққан адам басқарсын, пленумның бұл шешіміне келіспейміз, оны өзгертсін». Үкімет үйі жақтан келген біреулер тараңдар, бұл жасап жатқандарың заңсыздық, деп дауыс зорайтқыштан айқайлайды. Бірақ, олардың сөзіне құлақ асып жатқан ешкім болмады, – деп есіне алады ол сол күнді.
Содан кешке қарай қақтығыс басталыпты. Әуелі алаңға өрт сөндіргіш машиналар келіп, жиналғандарға су шаша бастайды. Бұл жастардың ашуын онан әрі қоздырып, сол арада өртсөндіргіш машиналарды төңкеріп, өртеп жібереді.
– Алаңда оншақты өртсөндіргіш машина жанып жатты. Дәл бір соғыс кезіндегі жағдайды көрсеткен кинофильмді еске салатындай көрініс еді бұл, – дейді Әділбай.
Күш қолданғаннан ештеңе шығара алмаған үкімет адамдары ол күні басқа еш әрекет жасамайды. Қас қарая жастар алаңды тастап, тарайды. Ертең ерте жиналып, наразылық шеруін қайта жалғастыруға уәделеседі. Ертеңіне таңертең ҚазПИ-дің студенттері сабақты қойып алаңға тағы барады. Бұлар келгенде алаң сыртынан көк темір құрсанған әскермен қоршалып тасталған екен. Әріректе бронды техникалар қойылыпты. Бір түнде қалаға әскер кіргізген үкімет өз халқының қанын төгіп, наразылықты басуға сақадай сай әзірленген сияқты.
Бұл – 18 желтоқсан күні еді. Билік жастармен кешегідей әңгімелесіп, келісімге келуге талпынбаған да. Оның есесіне, жауынгерлерге зәрлі үнмен офицерлер тарапынан беріліп жатқан әмірлер әр жерден естіліп жатыпты. Сол-ақ екен қарулы әскер бейбіт шеруге жиналған қазақ жастарына тап беріп, сапер күректерімен, резина шоқпарлармен соққының астына алады. Күш тең емес еді. Бір жақта қарулы әскер де, екінші жақта қарусыз, тек ерік-жігерін, ұлттық намысын ту еткен жастар тұрды. Жаңа алаң сол күні қызыл қанға боялды. Жазықсыз талай қазақ жастары қыршынынан қиылды, ауыр соққыдан алаңда сұлап жатты. Көп жастарды автокөліктерге тиеп, қала сыртына апарып, сырт киімдерін шешіп, айдалаға тастап кетіпті. Ал енді, біреулерін қаланың абақтыларына апарып қамаған.
Әділбай да қолға түсіп, біраз жас-тармен жертөледегі абақтыға апарып қамалыпты. Мінездері дөрекі, қабаған иттей қабақтары салыңқы милиционерлер тергеп, «құртамыз, жоямыз, әбден беттеріңмен кеткен екенсіңдер» деп ауыздарына келгенді айтып, ар-намыстарына тиеді. Бір камерадан екіншісіне ауыстырып, қайта-қайта тергеп, абақтыда екі күн ұстапты. Екі күннен кейін абақтыдан шығып, институтқа оралады. Бірақ, мұнда одан да жаман қиындықтар күтіп тұр екен. Бір жиналыстан соң екіншісіне салып, «ұлтшыл, бұзақы, нашақор» деген айыптар айтылып, әуелі комсомолдан, содан соң 23 желтоқсанда институттан шығарады. Жатақханадағы төсек-орындарын өткізіп, ауылына қайтады.
– Ауылға келгесін де біраз уақыт жұмыс таппай бос жүрдім. Сонау 1937 жылғы халық жауы сияқты көріп, маған ауыл белсенділері қырын қарады, – дейді Әділбай сол ызғарлы шақтағы ауыр күндерді көз алдына келтіргендей күрсіне сөйлеп. – Содан бір күні Алматыдан тағы шақырту алдым. «Жазған құлда шаршау жоқ» дегендей, амалсыз Алматыға қайта бардым. Сөйтсем, бір милиционер менің суретімді үкімет адамдарына тас лақтырып, шабуылдаған біреумен шатастырыпты. Енді мені Мәскеуден келген тергеуші тергеді. Олай сұрап, бұлай сұрап айыпқа тартатын ештеңе таппаған ол амалсыз босатып қоя берді. Осыдан кейін Әділбай елге оралып, құрылысқа жұмысқа кіреді. 1988 жылы жариялылықтың арқасында желтоқсаншыларға деген көзқарас өзгере бастайды. Міне, сол жылы Әділбай институттағы оқуын қайта жалғастыруға мүмкіндік алады. 1990 жылы оқуын бітіріп, жолдамамен Көкшетауға келеді. Осында мектепте, кейін институтта қызмет еткен ол бүгінде Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінде аға оқытушы болып еңбек етеді.
Уақыт – емші бәрін де ұмыттырады екен. Желтоқсанның жүрегіне салған жарасы да жазылғандай. Бірақ, осы күнге дейін құқық органдары арқылы «жазықсыз қуғын көрді» деген ақталу қағазын ала алмағаны жанына батады. «Желтоқсан» қозғалысының облыстық филиалының төрағасы Ерден Төлеген де Желтоқсан оқиғасына қатысты қуғын көрген азамат. Ол екі жылдан бері ақталу қағазын ала алмай келеді. Мұндай қағаз беретін прокуратура сот шешімі қажет дейді, ал сотқа құжат тапсырып, шешімін шығарта алмай жүргеніне екі жылдай болыпты. Облыста желтоқсаннан зардап шеккен 32 адам болса, солардың екеуі ғана заң жүзінде ақталған.
Биыл, міне Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толып отыр. Алыста қалған жастық шағының белгісіндей сол күндерді бүгінде ол қимастықпен есіне алады. Рас, біраз қуғын-сүргін көрді, дегенмен, қазақ жастарының тұңғыш рет тоталитарлық жүйеге қарсы батылдықпен қасқайып қарсы шыққанын, солардың арасында өзінің де болғанын мақтаныш етеді. Иә, бұл шынында да нағыз жүрек жұтқан ерлік еді. Желтоқсан батырларының есімдері тарихтан әлі-ақ өзінің лайықты орнын аларына сенеді.
Қалкөз Жүсіп.