Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еліміз тәуелсіздік алған жылы туған - АРҚА АЖАРЫ

Еліміз тәуелсіздік алған жылы туған

Ескендір бұл күнде әкесінің жолын жалғастырған теміржолшы

Қазақ елі бодандықтан  босап, тәуелсіздік алған жылы дүниеге келген жастар қазір 25-ке келіп, толысқан жігіт, толықсыған бойжеткен болған. Яғни, ұрпақ ауысып жатыр.  Саналары бодандықтың бұғауынан толық  босамаған аға ұрпақтың орнын ақырындап тәуелсіздік жылдарында туып- өскен жастар басуда. Енді бір 15-20 жылда тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген  жас буын мемлекет  ісіне араласпақ. Шынайы тәуелсіздігіміз де сол кезде нық орнығары даусыз.
Тәуелсіздігімізді алған жылы дүние есігін ашқан нәрестелер бүгінде азамат атанып, еліміздің өркендеуіне үлестерін қосуда. Отау құрып, бала сүйіп, қыздарымыз ана, ұлдарымыз әке атанып жатыр. Солардың бірі, бүгінде «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ филиалының Ақмола бөлімшесінің Атбасар станциясында қызмет ететін тәуелсіздігіміздің құрдасы Ескендір Ізбасаров.
 Ескендір Ізбасаров 1991 жылдың 10 сәуірінде Атбасар қаласында туған. 1997 жылы қаладағы №8 темір жол орта мектебіне оқуға барады. Мектеп қабырғасында жүргенде қоғамдық шаралардан қалмай, белсенділік танытады. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданды. Сол тұста қалада бокс мектебі ашылып, Абай Жақсылықов бастаған бапкерлер жастарды спортқа баулуды қолға алған еді. Ескендір де бокс секциясына қатысып, спорттың осы түріне шындап берілді. Талай аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, жүлдегер атанды. Қазір ол бокстан спорт шеберлігіне кандидат. Он бір жылдықты бітірген соң Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясына оқуға түсіп, тасымалдауды ұйымдастыру бөлімінде білім алды. Бір жыл оқығаннан кейін сырттай оқуға ауысып, Атбасар станциясында еңбек жолын «белгі берушіден» бастайды. Одан кейін маневр диспетчері, ОП-86 станциясы бойынша кезекші және соңғы жылдары пойыз құрастырушы қызметін атқарып келеді.
 «Он екі адам ауысыммен еңбек етеміз. Ұжымымыз ұйымшыл, бір-бірімізді сыйлап, бірлесе жұмыс істейміз. Бір-бірімізге көмек қажет болса, қол ұшын беруге әрдайым даяр тұрамыз», – дейді жас теміржолшы Ескендір Ізбасаров. Оқу мен еңбекті қатар жалғастырған жігіт отбасында да бақытын тапқан. Жары Қарлығаш екеуі бүгінде Әмір есімді ұлдарын тәрбиелеп, өсіруде. Нарық талабына бейімделген жары Қарлығаш іс тігумен айналысып, жеке кәсіпкерлікті кәсіп еткен. Тұрмыстары да жақсы.
 Ескендірдің атасы Төлеу ақсақал да ұзақ жылдар  темір жол саласында еңбек етіпті. Әкесі Ораз бен анасы Динара да байырғы теміржолшылар. Ескендір де әкелер салған жолды жалғастырып, осы саланы қалады. Сөйтіп, ол теміржолшылар әулетінің үшінші буыны саналады.  «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді қазақ.  Еліміздің ертеңгі тізгінін ұстайтын да осы азат ойлы Ескендір сияқты жастар.

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар