Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Табысымыз толымды - АРҚА АЖАРЫ

Табысымыз толымды

Үстіміздегі жыл әрбір қазақстандық үшін естен кетпес оқиғаларға толы, айрықша мәртебелі, көл-көсір қуанышқа толы, мерейі мелтектеген мерекелі жыл.

Олай болатындығы, ықылым заманнан бері баһадүр бабаларымыз ет жүрегі елжіреп аңсаған ұлы тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесін алты Алашқа сауын айтып тойлау үстіндеміз. Той үстінде ғана емес, алқалаған терең ой үстіндеміз. Тойдың жөні өз алдына, ой теңіздей терең, иірімдей тұңғиық. Қазақстанның жаңа тарихының мағынасы мен мазмұны кемел, жарқын беттері болып саналатын бұл күндері өткен жылдардың жемісін, қол жеткен табыстарымызды саралай салмақтап, жаһан дүниеге жария етіп айтудай айтып жатырмыз. Айту керек те. Өткенді екшесек, болашақтың сара жолын бағамдаймыз. Ал, өткен өз алдына бір белес. Ол белестің салмақты сабағы бар.
Ақмола облыстық ауруханасы да тәуелсіздік шежіресі іспетті 25 жылдық жолды жүріп өтті. Бүгінде ол   көпсалалы, заманауи құралдармен толық жабдықталған, кәсіби біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз етілген, толыққанды ұжым. Нақтырақ айтатын болсақ, 22 сала бойынша бүгінгі күннің талабына сай медициналық көмек көрсете алады. Бізде 18 клиникалық және 22 параклиникалық бөлімшелер қызмет атқарады. Әрбір жыл сайын 14 мыңнан астам емделушіге стационарлық емдеу қызметі көрсетіледі. Талдау нәтижелерін сараптап қарағанда, осы емделушілердің 60 пайызын ауыл-село тұрғындары құрайды екен. Шынтуайтын айтқанда, облыстық аурухана болғандықтан, бізге жауапкершілік те аз емес. Тіпті, кейбір ауыр науқастарды автокөлікпен тасымалдау мүмкін болмаған жағдайда біздің мамандарымыз ұшақ арқылы қатынап, медициналық көмек көрсетеді. Ал, диагностикалық кеңес алу үшін жыл сайын шамамен 55 мың адамға кеңес беріледі екен. Амбулаториялық хирургия орталығында әр жыл сайын бір жарым мыңдай манипуляция жүргізіледі. Бұдан басқа да ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асып жатыр. Іс жүзінде барлық бөлім меңгерушілері штаттан тыс бас салалық қызмет мамандары болып есептеледі. Түсінікті тілмен айтатын болсақ, емделушілерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерімен аудандық жауапты қызметкерлермен бірлесіп шешеді.
Ертеректен келе жатқан іс тетігін кадр шешеді дейтін қағида бар. Шынында да солай. Біздің мекеме басқа медициналық мекемелердегідей кәсіби кадрдың жетіспеушілігін отандық, шетелдік клиникаларда оқыту жолымен шешуде. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл тарқатып айтатын болсақ,  Еуропадан Оңтүстік Шығыс Азияға дейін, Америкадан Израильге дейінгі клиникаларда оқу оқып, тәжірибе жинақтап жатқандығын айтуға тиістіміз. Осы арада нақты дерек келтіре кетелік, біздегі жоғары санатты дәрігерлер 73 пайызды құрайды, ал, орташа санаттағы мамандарымыз 67 пайыз. Бұл медицина қызметкерлерінің жоғары білікті екендіктерін аңғартатын көрсеткіш.  
Асылында қай мамандық болсын алған біліммен тоқырап қалғандығы жөн емес. Міне, сондықтан да ғылыми бөлімге кәсіби біліктілікті жетілдіру үшін медицинасы дамыған елдерден ғылыми журналдар үзбей келіп тұрады. Бұл біздің қызметкерлердің өз саласындағы ғылыми жаңалықтарды, әлдебір елеулі өзгерістерді, жаңадан пайда болып жатқан технологияларды біліп отырулары үшін керек. Айтпақшы, ғылым демекші, облыстық ауруханада практикалық материалдар бойынша хирургия саласынан бір маман докторлық, 7 маман кандидаттық диссертация қорғадық. Облыстық аурухана үшін мұның өзі аз жетістік емес. Біз ұдайы білікті мамандардың қатысуымен ота жасап, семинарлар өткізіп тұрамыз. Сапаны арттыру үшін осындай шеберлік сыныптарының маңызы өте зор.
Көп жылдан бері тәлімгерлік институт жұмыс істеп келеді. Тәлімгер тәжірибесі – жас мамандарды кәсібилікке, біліктілікке жетелейтін төте жол. Әрбір адамға жаңа жұмыс орнына, заманауи құрылғыларға, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қараумен бірге, ұжымдық ережелер мен бейтаныс ортаға үйреніп кету алғашында әжептәуір қиындық тудыратыны белгілі. Міне, осындайда тәлімгерлердің тәжірибе бөлісуі, жас маманның қалыптасуын қадағалауы  өте маңызды.   
Тәуелсіздік жылдары облыстық аурухананың материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жыл сайынғы Жолдауында денсаулық сақтау саласына жіті назар аударылады. Осындай жанды қамқорлықтың арқасында науқастардың дертіне шипа, тәніне қуат беруге кепіл болатын жоғары сапалы технологиялар күн сайын қарыштап дамып келеді. Инновациялық технологияларды енгізу – біздің басты кепіліміз. Бүгінгі таңда ауруханада кардиохирургия, кардиоинтервенция, хирургия, травматология, ангиохирургия, оториноларингология, урология және нейрохирургия сияқты бағыттарда жоғары мамандандырылған медициналық көмек жүзеге асырылып жатыр. Шынын айтқанда бұл көмек үнемі алға жылжуда. Орасан зор материалдық қаржыны талап етеді. Күні бүгінге дейін жүрекке 1200-ден астам ашық ота жасалды. Жүрек ақауына жасалатын аорто-коронарлық ұштастыру отасы, үздіксіз жүрек ширатқышты ауыстырып, қондыру оталарынан басқа, белсенді қатынасу спектрі қарқынды өсу үстінде. Жаңа заманауи ангиографиялық жабдықтың едәуір жаңа түрі нейрохирургия қызметінің қанат жаюына кеңінен жол ашып отыр.
Халықтың денсаулығын сақтау бағытындағы қолға алған іс көп. Жаңалық та аз емес, жақсылық та мол.  Соның барлығы осы салаға шынайы қамқорлық жасалып отырғандықтан мүмкін болып отыр. Бұл да тәуелсіздіктің тартуы деп айтсақ, жарасымды.
Серік АЯҒАНОВ,
облыстық аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар