Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ынтымақ бар жерде, ырыс бар - АРҚА АЖАРЫ

Ынтымақ бар жерде, ырыс бар

Жақсы селосында іссапарда жүр едік. Әлдене қажет болып азық-түлік сататын дүкенге бас сұқтық. Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы. Әр зат өз орнында жайнап тұр екен.

 

Қалай қарасаң да ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Сатушысы да иманжүзді. Адам тілдескенше деген емес пе, қас пен көздің арасында ел жайы, халықтың тұрмысы төңірегіндегі әңгіме сабақталып кетті. Сөйтсек, өз кәсібін дөңгелету үшін біршама ауыртпалықты бастан кешуге тура келіпті. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Жолаушы екенімізді білген соң, дүкеннен қарға адым жердегі шаңырағына бас сұғып, дәм татуға шақырды. Астан үлкен емеспіз, шақыруын құп алдық. Үйінде үлкен адамы бар екен. Қайын енесі. Алдымен үлкен кісіге сәлем бердік. Ауыл-аймақтың амандығынан кейін тәуелсіздік жылдарының шежіресі өріліп жүре берді.   
–  Тәуелсіздік алғанымызда елмен бірге шүкіршілік айттық. Ата-бабамыздың аңсаған арманы ғой. Еншалла, біздің қолымыз жетті, – дейді Әмина әжей, – рас алғашқы жылдары қиын болды. Жалғыз біз емес, осы Жақсы ауылында ішерге ас таба алмай қиналып қалғандар да болды десем, жалған айтпаған болармын. Дәтке қуаты, менің жолдасым Сайлаубек ғұмыр бойы темір жол саласында жұмыс істеген болатын. Әкесі бастаған кәсіпті баласы Сапарбек те жалғастырып сол темір жолда жұмыс істеді. Темір жолдың бір жақсы жері үздіксіз жұмыс істеп тұрады ғой. Кей айларда жалақылары кешіккен шығар, кей кезде кеміген шығар, қиындық көргеніміз рас. Бірақ, соңғы жылдары соның бәрі көрген түстей ұмытылды.
Халық шіркін көн терідей мықты, шыдамды ғой. Әйтеуір, «көппен көрген ұлы той» дестік те, әрқайсымыз өз қотырымызды өзіміз қасып, әркім өзінің қолынан келетін кәсібін айналдырып, тіршілік қылдық қой. Алғашқыда аңтарылып қалғанымыз да рас. Кешегі кеңес заманында көзімізді тырнап ашқалы өкімет асырады. Тағы да асырайды деп сенеміз де баяғы. Сөйтсек, мына нарық дейтін заманның заңы басқа екен. Есесіне тәуелсіздікке қолымыз жетті.  Сол тәуелсіздікті ел тізгінін ұстаған азаматтар сақтап қалып, іргесін бекітіп, шаңырағын көтеріп жатқанда біздің жайымыз осылай болып тұр деп айтудың өзі ұят шаруа. Өзгенің ісін, қам-қарекетін айтуым оғаш шығар. Мен өз шаңырағымыздағы ахуалды баяндайыншы. Үй болып отырғаннан кейін отбасындағы адамдардың талаптанып, тырмысуы керек-ақ екен. Ынтымақ бар жерден ырыстың қашпайтындығы белгілі. Келініміз Гүлнәр әуел баста сауда техникумын бітірген, жаратылысынан пысық бала. Сол бала Қарағанды қаласында тұратын туысқанымыздан қарызға ақша сұрап алды. Ол уақытта әркім бірін екі қыла алмай отырғанда, бір-біріне қарайласу қайда. Әлгі туысқанның мұқтаж болып отырған қаражатымызды бере қойғаны жақсы болды. Өзіміздің де шамалап жинаған қаржымыз бар еді. Соның бәрін қосты да балалар үйге жақын жерден көшіп бара жатқан біреудің үйін сатып алып, азық-түлік дүкенін ашты.
Әмина әжейдің келіні Гүлнәр Арқалық қаласындағы кооператив техникумын бітірген екен. Жақсы селосының тұрғыны Сапарбек екеуі шаңырақ көтерген алғашқы жылдары сауда саласында қызмет істепті. Кейін жұмыссыз қалған. Сөйтсе де қарап отыра алмай, бұрынғы тәжірибесіне сүйеніп, саудамен айналыспақшы болып Қарағанды қаласындағы Айжан есімді нағашы апасынан қомақты қаржыны қарызға алыпты.
– Әрине, жоқтан бар жасау оңай емес. Бел буып кірісіп кеткен соң, шегінерге жол болмады. Қазір ғой, керек затыңды дүкенге фирмалардың өздері әкеліп береді. Тек ненің қажет екенін айтсаң болды. Ешқандай қиындығы жоқ. Ал, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары та-уарды өзіміз тасымалдайтынбыз, – дейді Гүлнәр Төртқарина, – қиын болса да шыдадық. Маңдайымызға біткен жалғыз дүкен болған соң бүкіл отбасының күшін жұмылдырдық. Өзіміз сатушы болдық. Бірімізді біріміз алмастырып тұрдық. Сөйтіп, аздап тиын құралған соң, алған қарызымыздан құтылдық. Жалпы менің ойымша әркім жанын жалдап жұмыс істеуі керек. Менің жолдасым Сапарбек темір жол саласында жұмыс істейді. Бос уақытында бір қарап отырмайды. Осы бір дүкеннің жұмысы бәріміздің иығымызға түскен жүк.
Ел іші болған соң адамдардың мұқтажын Гүлнәр да түсінеді. Азық-түлік дүкеніне келетін тұтынушылардың басым көпшілігі төрт құбыласында тамыр жайып отырған көрші-қолаң, ағайын, жекжат. Мұқтажын айтқан адамға қарайласып, қарызға да бере береді. Түптің түбінде әйтеуір бір қайтарады ғой. Адамның күні адаммен деген.  Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде ел ішіндегі адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы сауда істеген адамға беп-белгілі. Тоқшылықта саудасы жүреді, таршылықта қожырап та қалуы мүмкін. Қалай болған күнде де осы сауданың өзі тіршіліктің барометрі тәрізді.  
– Әркім ел тәуелсіздігіне өзінің үлесін қосып, ортақ шаңырақтың уық-керегесінің кеңеюіне атсалысу керек дейді ғой. Біз қарапайым адамдармыз. Ешкімге қол жайып, ештеңе сұраған емеспіз. Өзіміздің адал еңбегіміздің арқасында күн көріп жатырмыз. Қолымызда бар болса, мұқтаж адамдарға көмектесеміз. Көрші отырған соң көмектеспей қайтерсің. Оның дас-тарханында нан болмай қалса, өз үйіңде қазы-қарта өңешіңнен өте ме, – дейді Сапарбек, – ендігі тілек ел мерейінің үстем болуы. Осы жолда он екі мүшесі сау барша адам бірлесе қимылдап, қарекет етуі керек. Сонда ғана сапарымыз оң болады.
Жақсы селосының жуан ортасындағы қазақы шаңырақта ет пісірім уақыт болғанымызда бір отбасының тәуелсіздік жылдары түтінін қалай тіктеген шағын тарихының беттерін парақтап шықтық. Өз күйіне шүкіршілік еткен, өз бетінше талпынған қоңырқай тірліктің тілегі көңіл сүйсіндірді.
Шынында да тәуелсіздік дейтін алып шынардың титімдей бір бұтағы Төртқариндердің отбасы өз еңбектерімен бүр жарып тұрса,  ол да ортақ мұратқа қосылған оймақтай үлес емес пе?!

Байқал Байәділов.

Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар