Ананы ардақтау халқымызда ежелден келе жатқан қағида. Бұл мәселе бүгінгі қоғамымызда да назардан тыс қалмауда. Өз басым он бала өсірген анамын. Балаларымның барлығы аяқтанып, бір-бір шаңырақ иесі атанып, бүгінде үбірлі-шүбірлі болған үлкен әулеттің әз әжесі атанып отырмын.
Сексенге аяқ бассам да ел жаңалықтарына елеңдеп, үзбей теледидардан көріп, тамашалап, жетістіктеріне қуанып отырамын. Биыл Қазақстан үшін ерекше жыл. Ел тәуелсіздігіне 25 жыл толып отырған айтулы мереке қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы салтанатты жиында сөз сөйлеп, баршамызды ұлық мейраммен құттықтады. Мемлекет басшысының ерен жігерінің арқасында аса сәулетті болып бой көтерген Астанадан тарайтын жол ұлан-байтақ сүйікті Отанымыздың түкпір-түкпіріне жасампаздық рухын жеткізеді.
Шындығын айту керек, ел іші еңсесін тіктеп келеді. Қазір ауылдың тұрмысы түзелген. Ауыл жастарының өзі атакәсіпті жалғастырып, мал басын көбейтуге мықтап кірісіп жатыр. Оған Үкімет тарапынан да қолдау бар. Өз балаларымның тіршілік тынысынан да осыны байқаймын. Елбасы тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, келесі жылдан бастап зейнетақы көлемін 2016 жылғы деңгейден 20 пайызға, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала тууға байланысты берілетін бір реттік мемлекеттік жәрдемақы көлемін 20 пайызға ұлғайтуды тапсырды. Бұл дегеніңіз әлеуметтік мәселенің оң шешімін тауып, халықтың тұрмысын, демографиялық ахуалды жақсартуға, отбасының әлеуетін нығайтуға оңынан септігін тигізетіні сөзсіз. Мемлекет көлемінде көрсетіліп жатқан осындай қолпаштауларды талай жас отбасылар көріп қуанды. Он баламнан өрбіген немере-шөберемнің алаңсыз ғұмыр кешуіне біздің елде барлық жағдайлар жасалған. Осыны көріп ана жүрегім қуанады. Еңсесін тіктеп еліміз өркендей берсін, шүкіршілік деймін ішімнен. Еліміздің еңсесі биік болғай. Ылайым соған жазсын!
Рәш ХАМИТОВА,
көп балалы ана.
Еңбекшілдер ауданы.