Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Бурабай ауданындағы №7 орта мектепте «Арлан» әскери-патриоттық клубы ашылды.
Еліміздің алдыңғы қатарлы 50 мемлекеттердің сапынан көрінуі, экономикалық еркiн аймаққа мүше болуға ұмтылысы, бiздiң алдымызға үлкен маңызды мiндеттердi жүктейдi. Бүгінгі жаһандану үрдісінде патриотизм ұғымы тек мемлекеттiк тұрғыда ғана емес, әлемдiк деңгейде бейбiтшiлiк пен тыныштықты сақтау мәселесi тұрғысынан қарастырылады. Осы мақсатта аудандық мектеп жанынан құрылған «Арлан» патриоттық клубының сапына аталмыш білім ордасының 7-11 сынып оқушылары қабылданды.
Салтанатты шараға облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Жанат Ережепов, Қорғаныс министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусының басшысы, полковник Руслан Кабдуллинов, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Ерік Баржақсынов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері және тағы басқа әскери шені бар лауазымды тұлғалар, мектеп ұжымы қатысты. Жиында патриоттық клубтың жетекшісі, полковник Мейрамбек Исманов салтанатты жағдайда ант беру рәсімін өткізіп, клубтың куәлігін 30 оқушыға табыс етті.
Кадет корпусының курсанттары өз өнерлерін ортаға салып, жоғары жауынгерлік даярлықтарын көрсетті. Мектеп директоры Жомарт Қайрмденов сөз алып, жиналған қауымды ел тәуелсіздігіне 25 жыл толу мерекесімен шын жүректен құттықтап, өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді.
Расында да патриот ержүрек адамды, табанды күрескерді тәрбиелеудің негізі мектепте қаланады. Біз осы орайда «Арлан» патриоттық клубына қабылданған аталмыш мектептің 10 сынып оқушысы Мирас Мырзабаевты сөзге тарттық.
– Болашағымды әскери қызметпен байланыс-
тырсам деймін. Сол себепті де, мектептегі әскери патриоттық клубына алғашқылардың бірі болып өтініш білдірдім, – деп өз ойын сабақтады ол. Айта кету керек, осы күні Кадет корпусының ұйымдастыруымен қару-жарақ көрмесі болып өтті. Салтанатты жиын мектептің дарынды оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Бурабай ауданы.