«Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалы, облыстық көліктік прокуратура, облыстық кәсіпкерлер палатасы, қалалық ішкі істер басқармасы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен облыстық көлік бақылау инспекциясы Көкшетау темір жол вокзалында ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «Жолаушы күні» акциясын өткізді.
Бүгінгі таңда инспекция автокөлік, су көлігі және темір жол салаларына бақылау жүргізіп, көлікте жүретін жолаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды. Сондай-ақ, осы салалардағы мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысын қадағалайды. Бөлмелеріне барып, құжат тексереді. Пойыздарға шығып, жолаушылар құқығын қорғайды. Вокзалда жолаушылармен кездеседі.
– Бүгінгі күнгі шара ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналды. Оны «Жолаушы күні» деп атап, темір жол вокзалында ұйымдастырдық. Өйткені, мұнда жолаушылар көп шоғырланады. Бүгін вокзал суық. Іші-сырты ширек ғасыр жөнделмегені көрініп-ақ тұр. Жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаты Астанаға жіберілді. Мәселе қаржыға тіреліп отыр, – деді инспекция басшысы Ерімбет Ерболат бізбен әңгімесінде. Вокзалдың бас инженері Баттал Сабыржан жолаушылардың ұсынысымен келісіп, жел соғатын қарама-қарсы есіктің бірін жабатынын айтып, жылу желдеткішін іске қостырды. Жолау-шы Арайлым Қасымжанова өз сөзінде вокзалдың іші суық екенін, өзінің пойыз біраз күтіп жаурағанын айтты.
– Екі-ақ касса жұмыс істегендіктен кезекте тұрған адам саны көп. Билет сатуды электрондық жүйеге ауыстыру қажет,–дейді жолаушы. Инспекция өкілдері бұл мәселені шешуге тырысатындарын, бұл жерде кәсіпкерлер кінәлі екенін айтты. Касса меңгерушісі Марина Қамбарованың айтуынша, боран-шашында автокөлік жолдары жабылған соң, бәрі жолаушы пойызына келген. Мұнда екі-ақ касса жұмыс істеп тұр.
– Бізде үш касса бар. Үшінші кассаға адам жетіспейді. Қалған төртеуі жекеменшікке берілген. Олар бүгін жұмыс істемеді. Касса «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының «Солтүстік» өңірі филиалының қарамағында. Зал МЖС-ке қарайды. Мұнда қырық шақты сауда нүктелері орналасқан. Олардан жалға алынатын қаржыға вокзалды жөндеуге болатынын әлі ешкім ойламапты, – дейді касса меңгерушісі.
– Вокзал ішінде орналасқан дүңгіршік сөрелеріндегі тауарлардың бағасы қымбат. Жеке кәсіпкер Меңдігүл Әбутәліпова қала дүкендеріндегі тауар бағасына 20 пайыз қосылса, мұнда 40 пайыз қосылатынын алға тартты.
– Жалпы, «Вокзал Сервис-Астана» акционерлік қоғамынан 33 шаршы метр орынды жалға алып отырмын. Әрбір шаршы метрге 3 мың теңге төлеймін. Вокзал «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамына ауысты. Жал ақысын банк арқылы Астанаға аударамыз. Мұнда жалға алушылар саны жетерлік, – дейді ол. Застанционный кентінде тұратын Светлана Грудина темір жол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің қардан тазаланбайтынын, соның салдарынан талай адам жарақаттанғанын айтты.
Облыстық көлік бақылау инспекциясының өкілдеріне жолыққан жолаушы Жанат Нұғыманов сонау кеңес заманындағы пойыздар қозғалысының картасы әлі қабырғада ілініп тұрғанына, оның ішінде Қазақстанның картасы шамалы көрінетініне наразылық білдірді. Расында да тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр толды. Еліміздің темір жол қозғалысының картасын ілсек қолымыздан кім қағады?!.
Шара соңында облыстық көлік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Хамит Сатыбалды барлық өтініштер мен пікірлер назардан тыс қалмайтынын айтты.
Рамазан Тілеуов.
Суретті түсірген автор.