Мерейлі мереке – ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала елі –тәуелсіздіктің 25 негізі» жұлдызды күндер аясында аудандық мәслихатта салтанатты іс-шара өткізілді.
Аталған мерекелік жиынға ауданның құрметті азаматтары, шаңырақ құрғандарына 25 жыл толған отбасылар, яғни, күміс той иелері, тәуелсіздіктің құрдастары, аудан тұрғындары қатысты. Барап ауылынан арнайы шақырылған Алма мен Қабдолла Таевтар, Рамадан ауылының тұрғындары Гүлнәр мен Рүстем Рамазановтар бұл шарада отбасылық құндылықтар, оны сақтау, өзара сыйластық пен татулық, бірлік, өмірде кездесетін қиын кезеңдердегі ауыртпалықты отбасыларының қалай жеңгендігі туралы өз тәжірибелерінен қызықты етіп айтып берді.
Сонымен бірге, тәуелсіздіктің құрдастары, Наумовка елді мекенінен келген Татьяна Валендер, Қына ауылының тұрғыны Мадина Гагиева, Азат тұрғыны Данияр Рақымжанов өздерінің жетістіктері туралы әңгімеледі. Бұл жастар елімізбен бірге өсіп-өніп, жасап келеді. Олар ауылдық жерде туып-өсіп, мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарын ойдағыдай тәмамдап, диплом алған білімді азаматтар. Ауылдарының гүлденіп, көркеюі үшін еңбек етуге туған жерге оралыпты. Бүгінде әрқайсысы әр салада ауылдарының дамуына үлес қосып келеді.
Кеш соңында жиналғандарды аудан әкімінің орынбасары Г.Әбілқайырова, облыстық мәслихаттың депутаты В.Симчук, ауданның құрметті азаматы А.Асқаров, аудандық мәслихаттың депутаттары А.Мананбаева, Н.Калашниковалар құттықтады. Ақмола облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшинаның атынан жеке кәсіпкер Шолпан Баяхметоваға Алғыс хат табыс етілді. Сондай-ақ, мерейтой иелері мен тәуелсіздік құрдастарына да Алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Ақкөл ауданы.