Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында Щучинск қаласындағы №8 мектеп-гимназияның жанында Ауған соғысында қаза тапқан боздақтар құрметіне мемориалдық ескерткіш орнатылды.
Күннің қаһарлығына қарамастан бұл жерге өңіріміздің түкпір-түкпірінен халық ат терлетіп келді. Себебі, бірінің баласы, бірінің ағасы Ауған соғысының құрбаны еді. Халықаралық «Патриот kz» қорының төрағасы, «Айбын» орденінің кавалері Александр Аздравин «Намыс» әскери-патриоттық клубы мен осы шараға белсенді атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдіріп, он жылға тарта созылған бұл соғыстың аяқталуы да ауыр болғандығын айтты. Өзге елде қару асынып мұң арқалаған сын сағаттарда бірін-бірі бауыр дескен азаматтардың кейбіреулері қаза тапса, аман оралғандар еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқандығын, оларға деген құрметтің өшпеуі керектігін айтты. Ал, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Бағила Қасенова Ауған соғысы бейбітшіліктен асқан байлық жоқ екендігін көпшілікке жеткізді.
Бұдан әрі жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті дарытып жүрген әскери-патриоттық клубтардың ұстаздары Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетов және генерал С.Рахимов атындағы медальдармен марапатталды.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,
«Патриот kz» халықаралық қорының баспасөз хатшысы.
Бурабай ауданы.