Биылғы жылы Рио-де-Жанейрода өткен параолимпиадаға қатысқан спортшылардың ішінде Вадим Дукарт та болған еді.
Түрлі дүбірлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген жерлесімізден үлкен үміт күткен болатынбыз. Пауэрлифтинг, яғни, шалқалай жатып зілтемірді көтеру бойынша Олимпиадада ол 8-ші орынды иеленіп, 10 таңдаулы спортшылардың санатына енді.
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Ақмол ауылына арнайы келіп, Олимпиадаға қатысушы Вадим Дукартқа Қазақстан Рес-публикасы Президентінің Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін» медалін табыс-тады. Өз кезегінде Целиноград ауданының әкімі Мәлгаждар Тәткеев қуанышқа толы мерекелік дастархан басында бұл әулеттің барлық мүшелеріне жүрекжарды тілегін айтып, 100 мың теңге сыйақы тарту етті.
Вадим Дукарт 1998 жылдан бері Целиноград ауданының орталығы Ақмолда тұрып келеді. Оқыс оқиғадан мүгедек болып қалса да, өмірден күдерін үзбей, спортпен айналысуға бел байлайды. Сөйтіп, спорттың ауыр түрі саналатын пауэрлифтингке ден қояды. Отбасы, екі ер баласы бар. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, еліміздің құрама командасымен Малайзия, Корея сияқты мемлекеттерде өнер көрсеткен. Алған марапаттары да, қол жеткізген жетістіктері де қомақты. Ол сонымен бірге, Целиноград ауданының құрметті азаматы.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.