Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жыл бойы біраз істер атқарылған - АРҚА АЖАРЫ

Жыл бойы біраз істер атқарылған

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышева ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Бурабай ауданына қарасты Атамекен ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына және облыс орталығы тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан бірқатар мекемелердің мерекелік іс-шараларына қатысып, игі істермен танысты.

 

Атамекен ауылындағы жаңа амбулатория
Еліміз егемендігін алған жылдары әлеуметтік сала біршама тоқырап қалған еді. Медициналық мекемелерге біраз уақытқа дейін ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмей, біраз мекемелер қаңырап қалған кездер де болды. 1960 жылдардың орта тұсында салынған кішігірім медициналық пункттің көлемі қазіргіден үш-төрт есе кіші болыпты. Осының барлығын ескерген облыс әкімшілігінің тапсырмасымен Атамекен ауылдық округінде 2015 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қолға алынып, ағымдағы жылдың күзінде пайдалануға берілді. Ауыл халқы бір серпіліп қалған сияқты. Оның себебі, Атамекен ауылындағы амбулаторияға қарай беттегенімізде  жауған қардың қалыңдығына қарамастан, жасы сексенді алқымдап қалған қария мен ақ жаулықты ананың осы мекемеге кіріп бара жатқандығын анадайдан көрдік. Олар алғыстарын айта келіпті. Алтын құрсақты әжей Моңғолия жерінен отбасымен, ағайын-туысқандарымен осы елді мекенге көшіп келген екен. Атамекенде бала-шағасын оқытып, жоғары білім беріп, мал шаруашылығымен айналысып, мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражатты мақсатты жұмсап, қазір өздерінің жеке кәсіптерімен айналысып жатқандықтарын ерекше бір сезіммен, іштей мақтанышпен баяндап берді. Осының барлығы тәуелсіздіктің жемісі.
Дәрігерлік амбулаторияның жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 108,6 миллион теңге, облыстық бюджеттен 12 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Мекеменің маңайындағы жарық түсіретін шамдар күн сәулесінен қуат алып, жарық береді. Ішіндегі жарық та сол күн сәулесінің қуатынан таралады екен. Жоғарыда атап өткеніміздей, мекеме жұмысын күзде бастап кетсе де, салтанатты ашылу рәсімі арнайы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңына қалдырылыпты. Іші аздап салқындау болса да, келушілерінің пейіл-ниетінен бе бір жылылық сезіледі.  Ауылдық округте шамамен 2 мыңнан астам адам тұрады және оған Жасыл, Жарқайың, Қаражар, Шиелі, Жаңажол ауылдары кіреді. Амбулаторияның ашылу рәсіміне ауылдық округтің әкімі Дауылбай Қапезов пен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Елдос Ерсайынұлы қатысты. Гүлнәр Құлышева дәрігерлік амбулаторияның жалпы практика дәрігері, қазіргі тілмен айтқанда терапевті, аға дәрігері Шаймұрат Жаладдиновті және осында жұмыс істейтін мейірбекелерді, атап айтқанда,  аға медбике Гауһар Жаладдинованы, балалар медбикесі Надежда Капыткованы,  Наталья Карпенконы облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттарымен марапаттап, ақ халатты жандардың жұмыстарына сәттілік, қолдарына жеңілдік тіледі.

Фтизиатрия тарихына арналған мұражай
Осы күні ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Қ.Құрманбаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің ашылғанына 70 жыл және Қоңыратбек Құрманбаевтың туғанына 80 жыл толуына арналған конференция «Өңіріміздің фтизиатрия тарихы» мұражайының ашылу салтанатымен басталды. Іс-шараға осы салада қызмет еткен ардагерлер мен облыстағы денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мекеме басшылары және Астана, Алматы қалаларынан арнайы шақырылған ғалымдар қатысты. Мұражайдағы жәдігерлер қызметкерлердің мәлімдеуінше 2000 жылдан бері жинақталып келеді. Мұражайдағы жәдігерлердің бірінші бөлімі ғылыми-тәжірибелік қызметке арналса, екінші бөлімінде туберкулезге қарсы күрес қызметінің даму тарихы түрлі-түсті суреттермен, құжаттармен және құрал-жабдықтармен жан-жақты көрсетілген. Үшінші бөлімінде фтизиатрияның дамуына үлес қосқан, еңбектері сіңген қайраткерлер кеңінен көрсетілген. Мұражайдың төрінде орналасқан Қоңыратбек Құрманбаевтың бюсті де ерекше көзге түседі. Оның мүсіншісі Болат Қоспанов. Сондай-ақ, ертеде қолданылған  медициналық құрал-жабдықтар мен Қ.Құрманбаевтың жеке заттары осы мұражайдың негізгі жәдігерлерінің қатарынан деп айтуға болады.
Мұражайды ашудың салтанатты рәсімін облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бұрынғы бас дәрігерлері, денсаулық сақтау саласының ардагерлері Сапарғали Құлышев пен Ерназар Тілеубергенов атқарды. Конференцияның пленарлық мәжілісінде диспансер басшысы Қасымжан Тәшіметов өңіріміздегі фтизиатрия қызметінің қалыптасуы және туберкулезге қарсы күрес шараларын жетілдіру кезеңдері бойынша жан-жақты қамтылған баяндама жасады.
Тарихи құжаттардағы деректер бойынша 1946 жылдың 26 қарашасында Көкшетау қаласындағы туберкулезге қарсы күрес диспансеріне облыстық мекеме мәртебесі беріліпті. Ал, Қоңыратбек Құрманбаевтың аты мекемеге 1999 жылы берілген. Конференция облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің алаңында Қ.Құрманбаевтың ескерткішін ашу рәсімімен аяқталды. Ескерткішті ашу мәртебесі ғалым, дәрігердің баласы Қазыбек Құрманбаевқа берілді.

Тері ауруларына ішер тамақтың да әсері бар
Қазіргі таңда елімізде адамдардың тері, шаш ауруларына тап болып жатқандығын жиі естиміз. Оның барлығы адамдардың тамақ ішкенде тағамдарды дұрыс пайдаланбауынан, дейді мамандар. Соның салдарынан болар, елімізде қыз-келіншектерден бастап, ер азаматтарға дейін беттеріне шыққан безеу секілді толып кеткен тері ауруларын емдету үшін косметолог мамандарына жүгініп жатады. Осы мәселені ескерген облыстық тері-венерологиялық ауруханасы бас дәрігер Ақан Аленовтың бастамасымен жақында проблемалы тері кабинетін ашыпты. Қараша айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан кабинеттің косметолог, дерматологы – Гүлнар Ханина. Осы салада он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан білікті маман. Кабинетте шаш ауруларына емдеу жүргізу, қартаюға қарсы шаралар, биоревитализация, мезотерапия, пиллинг, редермализация, аутоплазма терапиясы сияқты іс-шаралар өткізіледі екен.
– Науқасқа ем жүргізер алдында терідегі дақтардың, шаштың неден ауруға тап болғандығын анықтау үшін ең алдымен кешенді зерттеу жүргіземіз. Келушілер толық медициналық тексерістерден өтеді. Зертханалық талдау қорытындыларын әкелген соң ғана ем жүргізу басталады. Көбіне тері, шаш аурулары асты дұрыс ішпегеннен пайда болады. Қазіргі қарбалас заманда адамдар тезірек, уақыт үнемдеу үшін фаст-фут, майға пісірілген тағамдарды жеп жүре береді. Соның салдарынан түрлі ауруларға шалдығады, – дейді косметолог Гүлнар Ханина.
Қабылдауға көбіне қыз-келіншектер қызығушылық танытатыны белгілі. Егер мұнда терапевтің жолдамасымен келсе, тексеру тегін, ал, ем қабылдау шаралары қолжетімді бағамен жүргізіледі. Арнайы косметологиялық орталықтарға қарағанда әлдеқайда төмен бағаға ем жүргізе алады екен.

Науқастарға Мацукатов
аппаратының көмегі мол
Ақмола облыстық ауруханасында медицина ғылымдарының кандидаты, травматология саласы бойынша 25 құрал ойлап тапқан дәрігер Феодор Мацукатов көкшетаулық әріптестеріне аяқ сүйектерінің күрделі жарақатына жаңа құралмен ота жасаудың үлгісін көрсетті. Феодор Алексеевич медицина саласында кең танымал мамандардың бірі. Бүгінде жиырмаға жуық ғылыми еңбек жазып, травматология саласына қажетті бірқатар медициналық құралдарды ойлап тапқан бұл дәрігердің жаңалығын шет мемлекеттерде де қолданылуда. Аяқтың аса ауыр жарақатына қатысты күрделі оталарды біздің аурухананың дәрігерлері бұрын да жасап келді. Бірақ, мұндай оталарды дәл бүгінгідей қысқа уақытта жасау мүмкін болмайтын. Өйткені, медицинада кеңінен қолданылатын Тейлор, Илизаров аппараттарын науқастың жағдайына байланысты қалыпқа келтірудің өзіне бір апта кетсе, ота жасау да біраз уақытты қажет етеді. Қазіргі таңда дүниежүзінде аяқ сүйектерінің жарақаттарын емдеуге, сүйектерінің дұрыс өсіп, қалыптасуына көмектесетін мыңдаған құралдар бар. Оларды да белгілі бір қажетті қалыпқа келтіру үшін көп уақыт қажет. Ал, Мацукатов аппаратын қолданудың арқасында отаны 40 минутқа, әрі кетсе екі-үш сағатқа ғана созуға болады. Қостанай қаласындағы Жемчужина медициналық орталығы Мацукатовтың компрессиондық-дистракциондық аппаратын алдырып, сынықты дәл табуға пайдасы көп екендігін мойындап, сонымен ота жасауда.
Науқастың жарақатына байланысты аяқ сүйектерінде әртүрлі сынықтар болады. Оларды емдеу барысында аяқ сүйектерінің қисық орналасып қалмауы үшін әлі күнге дейін атақты Илизаров аппараты пайдаланылатын көрінеді. Ал, бүгінде медицина саласында ұсынылып отырған Мацукатов аппаратының қолданылу аясы одан да кең.
– Бұл аппарат сүйектердің түрлі деңгейдегі жарақатын, буынның айналасындағы сынықтарды, тума және жүре пайда болған сүйек буындарының ауруларын, сонымен бірге, ортопедияда да тума және жүре пайда болатын ақауларды, өзгерістер мен сегменттердің қысқаруын анықтауға көп көмегін тигізеді, – дейді аппаратты ойлап тапқан Феодор Мацукатов.

Суретте: Атамекен ауылындағы
жаңа амбулатория.

Ырысалды Шамшиева.

Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар