Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атаға тартып туған - АРҚА АЖАРЫ

Атаға тартып туған

Екі иығына екі кісі мінгендей зор денелі, бойы да қасында тұрғандардан едәуір биік көрінетін Есіркеп ағаны алғашқы көргенде білектің күші, найзаның ұшымен  талай жаудың бетін қайтарған қазақтың батырлары осындай болған шығар деп ойлаған едім.

Бір қарағанда жүзі сұсты  көрінетін Есіркеп Тәжинмен сөйлесе келе мысқалдайды мысалға, қаға берістегіні қалжыңға, сынық сүйемді сықаққа, әдепкі бір дүниені әзілге айналдыратын, сөз құдіретін білетін шешен екендігін аңғарасың. Шынында да, бір адамның бойынан шешендік пен әншілікті, астарлы әзілмен ойын жеріне жеткізе айта білетін сұңғылалықты кездестіре бермейсің.
Есаға 1930 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданының аумағындағы Ахмет ауылының іргесінде орналасқан Ақтөбе деп аталатын шағын  қыстақта дүние есігін ашқан екен. Айтпақшы, осы Ахмет ауылында кезінде қазақтың біртуар ұлдарының бірі Сәкен
Сейфуллин мұғалім болып еңбек жолын бастаған деген дерек бар. Әрине, Сәкеннің Есіркепке ешқандай қатысы жоқ. Дегенмен, Сәкен жүріп өткен соқпақта қалған із Есіркеп Тәжинге ықпал етуі де әбден мүмкін-ау…
Қазақ «жеті атасын білмеген – жетесіз» дейді. Сондықтан да, әрбір қазақ баласы жастайынан өзінің төл шежіресін жаттап өседі. Есағаның аталарына келер болсақ, тым әріге бармай-ақ, оның сүйегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жатқан Наймантай батырдан тарайтын Байғазы батырдың ұрпағы екендігін айтсақ та жеткілікті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, түр-тұлғасы алып күш иесіне келетін Есіркеп ағаны атаға тартып туған десе әбден жарасатындай. Дегенмен, Есіркеп Тәжиннің мықтылығы оның күшінде емес, ұстаздық, журналистік, жазушылық талантында десек, шындықтан алыс кетпейміз.
1949 жылы Ақмола педагогикалық училищесін үздік бітірген Есіркеп Тәжин 1952 жылы Қарағанды педагогикалық институтына түсіп, кейіннен оқуын Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында жалғастырып, бітіріп шығады. Көп жылдар Қорғалжын, Теңіз аудандарында мұғалім, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарған ол кейіннен журналистикаға ден қойып, бұл салада да өзінің шын талант иесі екендігін көрсете білді.
Сол жылдардағы Қорғалжын  аудандық «Шамшырақ нұры», Теңіз аудандық «Октябрь шұғыласы» газеттерінде қызмет ете жүріп,

талай еңбек адамдары туралы жазған очерктері мен суреттемелері, фельетондары мен басқа да танымдық мақалалары әрдайым оқырмандарының көңілдерінен шығып жүрді. Сондай-ақ, оның 1979 жылы жарық көрген «Сұңқар қияға самғайды» және 1981 жылы басылып шыққан «Қызғалдақтар гүлдейді» атты әңгімелер жинақтарын да сәтті туындылар қатарына жатқызу керек.
Есіркеп Тәжиннің жоғарыда айтып өткеніміздей, ерекше бір қасиеті оның ұтқыр әзілдері мен суырып салма ақындығы. «Есіркеп айтыпты» деген небір өткір әзілдер, ұтымды ойлар осы уақытқа дейін елдің есінде. Мәселен, оның бойы өзінен біршама аласа досымен қараңғы көшеде келе жатып: «Сен менен гөрі жерге жақындаусың ғой, жолды қарап отыр» дегені сияқты көптеген әзілдері ауылдастарының арасына тарап кеткен.
Өкінішке орай, осындай абзал азамат өмірден ерте озды. Егер тірі болғанда бүгінде 86 жасқа толар еді. Амал не?.. Дегенмен, «орнында бар оңалар» дегендей,  оның үлкен ұлы Нұрлан Есіркепұлы Тәжин Қорғалжын мектеп-гимназиясының директоры болып қызмет атқарса кіші ұлы  Ерлан  банк қызметкері. Ұрпақ сабақтастығы деген осы болса керек.

   Талғат ҚАСЕН.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар