Облыстық мәслихаттың заң, құқық, депутаттық әдеп пен экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында Қазақстан Республикасының «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі талаптарын орындау мәселелері сөз болды.
Облыстық мәслихаттың депутаты Ирина Жукованың қысқаша хабарламасынан кейін тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Мусина атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Департамент облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау бағытында жоспарлы жұмыстар атқарады. Бүгінгі күнге дейін аймағымызда адам өміріне қатерлі жұқпалы аурулардың таралу жағдайы орын алған жоқ. Биылғы жылы бюджеттен тұмауға қарсы егуге 44 миллион 272 мың теңге қаржы бөлінген. Қазіргі күнге дейін облыс бойынша тұмауға қарсы екпемен 53003 адам қамтылған. Бұл барлық тұрғындардың 7,6 пайызы. Тегін екпе тұрмыстары төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға егілуде.
Туберкулез дертімен ауыратындар қатары өткен жылдармен салыстырғанда біршама азайып отыр. Сонымен бірге, балалар арасындағы туберкулез ауруы мен осы дерттен қайтыс болғандар саны да азайғандығы байқалуда. Қазіргі күні туберкулезбен ауырған балаларды сауықтыратын 826 орындық 43 шипажайлық топ жұмыс істейді. Бурабай кентінде шипажай типті 150 орындық «Жұлдыз» интернаты бар. Флюорографиялық тексеруден өткізуге жете көңіл бөлініп, көшпелі флюорография шалғай ауылдардың тұрғындарын да қамтуда.
Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілеттігі жаңа заңға байланысты біршама кеңейіп, адам денсаулығына қауіп төндіретін азық түлік, киім-кешек пен өндірістік тауарларды да тексеру, заң талаптары бұзылған жағдайда түрлі жауапкершілікке тарту құзыреті берілген. Осы орайда, департамент қызметкерлерімен жыл басынан бері тиісті сапа талаптарына сай келмейтін тауарлар тәркіленіп, оның иелеріне 13 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Ковалева мектепке дейінгі мекемелер мен мектептердегі санитарлық талаптардың орындалуы және балалардың денсаулығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берді. Бүгінгі күні мектеп оқушыларының 97 пайызы ыстық тамақпен қамтылған. Көп мектептерде спорт үйірмелері жұмыс істейді және барлық мектептерде спорт залдары, спорт алаңдары бар.
Мәжіліс соңында депутаттар күн тәртібінде қаралған мәселеге орай, өздерінің сын-ескертпелері мен ұсыныстары негізінде қаулы қабылдады.
Бұдан кейін облыстық мәслихат депутаттары облыстық тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің есептерін тыңдап, олардың қызметтік деңгейіне баға берді. Қолданыстағы заң бойынша облыстық тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерін депутаттар бекітеді және олардың жұмыс есебін тыңдайды.
Облыстық тексеру комиссиясының мүшелері Динара Алтаева, Ольга Роберт, Ринат Каримов, Мұратбек Тақамбаев және комиссия төрағасы Мереке Мұстафин атқарылған жұмыстар жайында баяндады. Жыл басынан бері тексеру комиссиясымен 18 аудит шарасы өткізіліп, 201 аудит нысаны қамтылған. Жалпы ауқымы 86 миллион
864 мың 749,1 теңгенің аудит тексерісі жүргізіліп, 16 миллион 445 мың 537,8 теңгенің заң бұзушылығы анықталған. Мемлекет бюджетіне 19 миллион 961 мың 19,2 теңге қаржы қайтарылған. Қаржы заңдарын бұзуға жол берген 264 жауапты қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Тексеру комиссиясының міндеті заңсыздықтарды ашып, жазалау ғана емес, ең алдымен сондай заңсыздықтардың алдын алу болып табылады. Осы орайда, тексеру комиссиясы түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер, лекциялар түріндегі шараларды жиі өткізіп отырады. Сонымен бірге, ақпарат құралдарында түрлі материалдар жариялауға да жете назар аударылады. Жыл басынан бері жергілікті басылымдарда осы тақырыптағы 63 мақала жарияланған.
Мәжіліс соңында депутаттар тексеру комиссиясы мүшелері мен төрағасының қызметтеріне оң бағасын берді. Тұрақты комиссияның төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Аяғанов Қаржы министрлігі тарапынан марапатталған тексеру комиссиясының төрағасы Мереке Мұстафинге «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісін тапсырды.
Қалкөз Жүсіп.