Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЕЦ 166/25 мекемесінде орналасқан «№3 Агротехникалық колледж» филиалы ұйымдастырған іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
Шараға «Ақмола облысының жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Тимур Ысқақов, облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Конфессияаралық қатынастарды дамыту және талдау орталығы» ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жөніндегі бөлім басшысы Данияр Тоқсанбаев, облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Рахматуллина қатысты. Тимур Ысқақов сотталғандарға тәрбиелік мәні зор видео-фильмдер көрсетіп, заң бұзушылықтың зардаптары жөнінде әңгімеледі. Ал, Шолпан Рахматуллина сотталғандарға заң шеңберінде қарастырылатын әлеуметтік қорғау мәселелері жайлы баяндады. Еліміздің 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бостандыққа шыққан сотталғандарды еңбекпен қамту мәселесі жан-жақты негізделген. Данияр Тоқсанбаев «Дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарындағы өзекті мәселелер туралы» баяндама жасады.Тәрбиелік мәні зор слайдтар көрсетілді. Кездесу соңында жазасын өтеушілер өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, жан-жақты түсініктемелер алды. Бүгінгі күнде сотталғандарды қоғамдық өмірге бейімдеу өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Колледж филиалы осы мақсатта қайта бейімдеу жұмыстарын кешенді түрде қолға алып отыр.
Гүлайым ҚОЗЫБАЕВА,
№3 агротехникалық колледж филиалының қазақ тілі пәнінің мұғалімі.