Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы және «25 жұлдызды күн» жалпы республикалық акциясының шеңберінде Көкшетау қаласының Қоғамдық келісім сарайында тұңғыш рет жерлес суретші Жанұзақ Маржықовтың графикалық туындыларының басын құрайтын «Ұлы дала тынысы» көрмесі ашылды.
Суретшінің шығармашылығы туған жерге, елге, табиғатқа деген махаббатқа толы. Оның өзінің қайталанбас қолтаңбасы бар. Ол сызықтардың дәлдігі мен ықтияттылықты талап ететін ақ-қара түсті графикалық суреттің ықшамды стилін ұнатады.
Жанұзақ Қалиұлы балалық шағынан сурет салатын. Өнерге деген шабыт оған әке-шешесінен дарыған. Әкесі Қали қолөнер шебері, ал, анасы тігінші. Әдемі кілемдер тоқумен айналысып, белгілі шеберге айналған. Суретшінің қылқаламмен және тушпен орындалған алғашқы суреттері алдымен мектеп газетінде, кейін республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған. Мектепті тәмамдағаннан соң Жанұзақ өзінің туған ауылы Қызыләскерден Алматы қаласына жол тартып, ондағы суретшілер училищесіне оқуға түседі.
Біздің кейіпкеріміздің шығармашылығындағы басты кезең – оның Североморск қаласындағы Солтүстік әскери-теңіз флотында өткен әскери қызметі болып табылады. Туған даласынан алыста, жауынгерлік тапсырмалардан қолы босаған сирек сәттерде Жанұзақ Солтүстік шұғыланың ғажайып көрінісін және теңіз жағалауларын салып, ол суреттерін флоттың бейне студиясының жетекшісі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Александр Сергиенкоға көрсетеді. Біршама уақыт өткен соң оның суреттері алдымен флоттық газетте, кейін облыстық «Полярная правда» газетінде жариялана бастайды.
Жанұзақ Қалиұлы суретші-график ретінде ғана емес, сонымен қатар, ағаштан таң қалдырарлық бұйымдар жасайтын ағаш шебері ретінде танымал.
Оны бейнелеу өнерінің майталманы деп атайды. Жанұзақ Қалиұлы көптеген облыстық және қалалық байқаулардың жүлдегері, Көкшетау қаласының 175 жылдығына арналған «Көкшетау – дарындылар қаласы» байқауының жеңімпазы.
Көрменің ашылуына байланысты суретшімен болған кездесуде журналист Лариса Аитова бұрынғы облыстық, қазіргі қалалық «Степной маяк» газетінде Жанұзақ ағамен бірге қызмет атқарған жылдары туралы естеліктерімен бөлісті. «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Манат Исмағұлов суретшіні жеке көрмесінің ашылуымен құттықтап, салтанатты жағдайда Алғыс хатын табыс етті. Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Юрий Попов өзінің тілегін жеткізді.
Іс-шараға Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің студенттері, «Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы халықтық-қолданбалы өнер шығармашылығы қауымдастығының мүшелері, шақырылған қонақтар белсене қатысты. Біздің Достық үйінде жұмыс істейтін белгілі суретшінің сәтті туындыларға бай жеке көрмесі келушілерді тек жылы әсерге бөлейтіні анық.
Бақыт МҰХАМЕДРАХИМОВА-ТАСОВА,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің
баспасөз хатшысы.