Облыс орталығындағы «Ани» мейрамханасында «Специальная олимпиада Кокшетау» қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі балаларға Жаңа жылдық шырша мейрамын ұйымдастырды.
Оған ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған №1 облыстық арнайы түзету мектеп-интернатының және облыс орталығындағы медициналық — әлеуметтiк мекемесінің тәрбиеленушілері қатысты.
Жаңа жыл мерекесінің қиял-ғажайыпқа сенетін балалар үшін ерекше орны бар. Шараның ашылу салтанатында қоғамдық бірлестіктің төрағасы Дәурен Шәріпов балаларды Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, жыл бойы өздерінің белсенділіктерімен көзге түскен Әділ Дәулетбек, Вика Воронина, Назгүл Тастыбаева сияқты балаларды марапаттап, оларға бағалы сыйлықтар тапсырды. «Думан» педагогикалық отряды қызықты ойындар ұйымдастырып, әуезді ән және әсем бимен өрілген мерекелік шара балаларға қуаныш сыйлады. Бұл кештің ең басты кейіпкері Аяз Ата да балаларға деген сый-сияпатын беріп, мереке көркін қыздыра түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.