Келесі жылдың 29 қаңтарында Алматыда алауы жағылатын Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға әлемнің түкпір-түкпірінен 17-28 жас аралығындағы студент спортшылар келеді.
Бұл Универсиада Халықаралық студенттер спорты федерациясының ұйымдастыруымен өткізіледі. Қазақстан оған 1993 жылдан бастап қатысып келеді. Осы жылдар ішінде аталмыш сайысқа еліміздің 700 спортшысы қатысып, 125 медаль иемденген. 2017 жыл Қазақстан үшін ерекше және маңызды болары сөзсіз.
Себебі, қаңтар-ақпан айларында Алматы қаласында 28-ші қысқы Универсиада қанатын жаяды. Бұл дүбірлі додаға 55 мемлекеттен 2 мыңға жуық спортшылар, 30 мыңға жуық шетелдік туристер мен қонақтар келеді деп күтілуде.
Жарысты ұйымдастыруға атсалысу үшін 3 мың ерікті жұмылдырады. Осындай дүбірлі додаға мен де ерікті ретінде іріктеуден өтіп, қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Бұл да болса, институтымның абыройы, елімнің дамуына қосатын аз-мұз үлесім деп білемін.
28-ші рет өткізіліп отырған Универсиаданың Қазақстанда өтуі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан зор еңбегінің жемісі дер едім. Жылдан-жылға дамып келе жатқан Ұлы дала елінде Елбасының ұстанған саясатының арқасында студенттердің осындай үлкен спорт мерекесі өткізгелі отыр.
Осынау әлемдік дүбірлі оқиғаның біздің елімізде өтуі Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруіне септігін тигізері сөзсіз.
Әділет АЛТЫНБЕКҰЛЫ,
Көкшетау техникалық институтының 2 курс курсанты.