Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауданда жаңа тау-кен байыту комбинаты салынғанда, үш мың адам жұмыспен қамтылады - АРҚА АЖАРЫ

Ауданда жаңа тау-кен байыту комбинаты салынғанда, үш мың адам жұмыспен қамтылады

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Жарқайың ауданында болып, астықты өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты.
Өңір басшысы алдымен, аудан орталығында орналасқан «Арка-К» серіктестігінде болып, жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын былтырғы жылы құрылған. Серіктестіктің директоры Елебек Исатов өз сөзінде қиыршық тас өндіретіндерін және жылына 64 мың тонна асфальтбетон қоспасы жасалатынын айтып өтті. 150 миллион теңгеге бағаланған жобаның бүгінгі таңда іргетасы қаланып, қондырғылары орнатылған. Қазір іске қосылған зауытта жеті адам жұмыс істейді.
 Бұдан кейін Сергей Кулагин «Алтын Дән КЗ» серіктестігінің 1,5 миллиард теңгеге бағаланған астық қабылдау кәсіпорны құрылысының  барысымен танысты. Серіктестік директоры Бақытжан Тілеубаев кәсіпорын келешекте астық қабылдау, кептіру, өңдеу, сақтау тәрізді қойма жұмысымен айналысатынын мәлімдеді. Астық қабылдау кәсіпорны 60 мың тонна астық сақтай алады. Оның үстіне 20 мың тонналық қосымша банкі орнатылған. Облыс басшысы кеңсе, зертхана, кіреберіс, өрт сөндіру депосы мен күзет ғимараттарын, астық тиелетін темір жол тұйығының құрылысын аралап көріп, жұмыс  қарқынын үдете түсуді тапсырды.
Одан әрі екі қабатты «Балдырған» балабақшасының бөлмелерін, концерт залы мен асханасын аралап көрді. Ұлттық тәрбие беретін 120 орындық мекеме 2009 жылы пайдалануға берілген. Балабақша меңгерушісі Тілеулес Сайфуллина өз сөзінде мекемедегі алты топқа 95 бүлдіршін келетінін, бала тәрбиесімен он алты педагог айналысатынын атап өтті. Барлық бүлдіршіндер ата-аналар есебінен ыстық аспен қамтылған. Облыс әкімі Сергей Кулагин бұрынғы орталық аудандық аурухана мен емхананың бос тұрған ғимаратына өзге мекемелерді орналастыру мәселесіне назар аударды. Ғимараттың іші, сырты қалпына келтірілгеннен кейін мұнда балалар кітапханасы, «Коммунсервис» кәсіпорны, егде адамдар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемесі мен аудандық кітапхана орналасатын болады. Облыс әкімі 2014 жылы пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болып, жергілікті спортсүйер қауыммен бұқаралық спортты дамыту жөнінде емін-еркін әңгімелесті. Кешен басшысы Азамат Баймулдин мұнда күніне екі жүз адам келетінін тілге тиек етті. Ойын, ауыр атлетика, фитнес, үстел теннисі залдарын аралап көрген облыс басшысы спортты одан әрі дамытуды тапсырды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қомақты қаржы бөлініп, аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліпті. Мекеме директоры Әлібек Дошановтың айтуынша, нысан 1965 жылы салынған. Биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен «Газель-бизнес» автокөлігі, театрлық орындық және акустикалық жүйе сатып алыныпты. Ауданның көркемөнерпаздары жыл сайын «Ақмола жұлдыздары» байқауына қатысып, жүлдегер атанып жүр. Облыс басшысы мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, кейбір мәселелерді сол жерде шешті. Аудан активімен кездесіп, аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаевтың өңірдің жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін тыңдады.
– Ауданда екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Индустрияландыру картасы аясында қиыршық тас шығаратын зауыт іске қосылды. Инвестиция тарту арқылы астық қабылдау кәсіпорны салынуда. Биылғы жылы аудан диқандары мол астық жинап, қажетті тұқым қорын құйып алды. Мал шаруашылығын дамыту кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл шаруашылығы құрылымдары асыл тұқымды ірі қара, жылқы мен қой сатып алды. Осының арқасында ет және сүт өнімдерінің көрсеткіші артты. Бүгінгі таңда тауарлы сүт фермасы салынуда. Әрбір елді мекенде сүт қабылдау орындары ашылуда деген аудан әкімі өңірде 1620 шаршы метр тұрғын үй мен аудандық орталық аурухана мен емхана пайдалануға берілгенін айтты. Мұнда дипломмен қалаға келген жас дәрігерлерге пәтер беріліпті. Державинск қаласындағы көп қабатты мекемелер мен тұрғын үйлерге бір орталықтан жылу беру және кәріз мәселесі қарастырылуда.
Бұрынғы әскери қалашықтағы тұрғын үйлердің коммуникация жүйесін қалпына келтіру қолға алынған. Әзірше мұнда бес көпқабатты тұрғын үй қалпына келтірілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қалаішілік және елді мекендер арасындағы автокөлік жолдары жөнделуде. Көптеген жұмыс орындары ашылған. Мемлекет мектепке дейінгі және мүгедек балалар үшін жағдай жасауда.
– Балабақша салу жоспарланды. Ата-ананың қамқорлығынсыз өскен жастарға «Жастар» шағын ауданынан пәтер берілді. Мектеп оқушылары ыстық аспен қамтылды. Биыл ауылға 20 мұғалім келді. Оларға да жағдай жасалды. Аудан тұрғындарын
ауызсумен қамту мәселесі кезең-кезеңмен шешілуде. Биыл төрт село сумен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары еңбеккерлердің жалақы мөлшерін көбейтті. Аталмыш құрылымдар жергілікті мектептерді күрделі жөндеуден өткізді. Бес ауылда кітапхана жұмыс істей бастады. Спорт кешені инвестиция тарту арқылы қалпына келтірілді, – деді аудан әкімі өз есебінде.
Облыс әкімі өз сөзінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында жұмыс істейтін еңбеккерлердің жалақысын көбейтуді, шағын және орта бизнесті дамытуды тапсырды. Ауызсу мен канализация тартудың жобалық-сметалық құжатын алдын ала жасау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, құрылысқа білікті мердігер тартуды және күнделікті тұтынатын азық-түлік тағамдарының бағасын төмендетуді тапсырды. Өңір басшысы бұрын әскерилер тұрған шағын ауданның сыртқы коммуникация жүйесін тарту жобасы мақұлданғанын айтып, жұртты қуантты.
Бұдан кейін ол аграрлы облыстың индустрияға бет бұрғанын атап өтті. Мәселен, Жарқайың ауданында «Масаль» тау-кен байыту комбинаты жобасы жүзеге асырылғанда 3 мың адам жұмыспен қамтылатынын атап өтті. Облыс республикадағы алтынның 35 пайызын өндіреді. Келесі жылы Қорғалжын-Егіндікөл-Державинск-Арқалық бағытындағы жаңа тас жолдың құрылысы басталатынын айтты. Елді мекендерді абаттандыру, төрт түлік мал санын көбейтіп, ет, сүт өнімдерін өңдеу, егде адамдар мен ауыл тұрғындарына қол ұшын созу, егіс алқаптарын өңдеу, астық сапасын арттыру тәрізді өзге де олқылықтардың орнын толтыру жөнінде міндеттер жүктеді. Кездесу соңында облыс әкімі бірқатар басшылар мен еңбеккерлерді Алғыс хатымен марапаттады.
Суреттерде: «Алтын Дән КЗ» астық қабылдау кәсіпорны; «Балдырған» балабақшасында.
Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.
  Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар