Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұжымы интернационалист-жауынгерлер ескерткішіне тағзым етіп гүл шоқтарын қойды.
Иманды шараға Ауған соғысының ардагерлері мен әскери қызметшілер қатысты. Ауған соғысына біздің облыстан 1113 адам қатысқан екен. Оның 900-ден астамы елге аман-есен оралды, ал, қалғандары жат жерде қаза тапты. Хабарсыз кеткендер де аз емес.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Жанат Ережепов өздерінің жауынгерлік міндеттерін адал орындау жолында жанын қиған жауынгерлердің ерлігін ұмытпау қажеттігін, олардың ерлік іс-әрекеттерін кейінгі жасқа өнеге ету керектігі туралы толғана айтып берді. Облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері ұйымының төрағасы Дуанбай Ыбырай қанша жыл өтсе де соғыс қасіретінің зардабын ұмыту әсте мүмкін еместігін айтып, ендігі жас ұрпақ ондай қантөгісті көрмесінші деген тілегін жеткізді.
Шара соңында жиналғандар жауынгерлерді еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.