Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сөз өнерін серік еткен - АРҚА АЖАРЫ

Сөз өнерін серік еткен

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің ардагер журналисі, ақын, аудармашы Аманкелді ЖҰМАБЕК 70 жаста

 «Арқаның қысы жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, сарышұнақ аязы тұрып, ақ қары жерді қымтасымен-ақ, Ерейментау өңірінде жеті қақпасынан андағайлатып соғатын желі бір тынбай, апталап толас таппайтын ақтүтек боранды күндер басталып береді. Әсіресе, бұл кез ірі қарасы мен жылқысынан бөлек, таулы аймақтың қырқасы мен еңселі жоталы белестерінің қойнауларын сағалай орналасқан қыстауларда отар-отар қой күтімінен мойны бір босамайтын шопандар үшін тым жайсыз-ақ. Қусаң далаға ит шықпайтын күн де осы.

Осындай өңірде аудан орталығынан бар болғаны жиырма бес шақырым қашықтықта тұрғындары өздерін әлде әзілі, әлде шыны «тоқсан сопы, сексен молланың» қонысы атайтын, негізі төлеңгіт руынан құралған Жаңажол ауылы бар. Маңайында ел жоқ, шеткері жатқан тұйықтағы бір мекен. Қыста төбесінен тап басып түспесең үстінен қар жүріп кететін ойпаңдағы ауылды дәл тауып бару да оңай емес.
Мінекей, қаламдасымыз әрі әріптесіміз Аманкелдінің 1946 жылдың ақтүтек боранды 28 желтоқсанында өмір есігін ашқан туған ауылы – алтын бесігі бұл.
Әкесі Дауылбай соғыс мүгедегі. Алатын зейнетақысы 33 сом. Өзі қатарластардың көбі «не бақ шабар, не бап шабар» деп институтқа, одан қалса, техникумға түсеміз деген жанталастың үстінде. Алпыс алтыншы жылы мектепті бітірген Аманкелді үшін мұндай бақыттың ауылы алыстан алдарқата мұнартқан сағымдай. Бұған жұмыс істеу керек. Жоғары сыныптарда оқып жүргенінде екі-үш әңгімесі, оншақты өлеңдері аудандық «Прогресс» газетінің қарт журналист Әбу Айзахметов (1939 жылы Ақмола облыс болып құрылғанда «Колхоз екпіндісі» газеті негізінде сол жылы қараша айынан шыға бастаған «Сталин туы» газетінің тұңғыш редакторы болған) басқаратын қазақша басылымында жарияланғаны бар. Соны арқаланып редакция табалдырығын аттаған.
Бірден жолы болды, аудармашы-әдеби қызметкер деген лауазым беріп, бір үстелге жайғастырып қойды. Газет жұмысын жазушылықпен шендестіріп жүрген Аманкелді шөп шабу, қой бағу, жүн қырқу сияқты мына бірсарынды тірлікке қайдан тап болдым деген пұшайман күйге түсті…
Маусым аяқталып, шілде басталды. Сыныптастарының алды оқуға аттанып жатыр. Кертіп жеген астай бұл ай да аяқталуға таяу қалды. Сондай іштей мүжіліп жүрген күндерінде әкесінің немере ағасы Рахмет Асайыновтың келе қалмасы бар ма!
– Әй, Дәуке, мына баланың бағын байлап жұмысқа салып қойғансың ба? Оқысын, бұл өлең жазады, түбі бұдан жазушы шығады. Жібер Алматыға! – деді. Содан әсем Алматыға келді. Киров көшесінің бойындағы КазГУ-дің журналистика факультетіне құжаттарын өткізейін десе, екі жыл жұмыс өтілі керек деп қабылдай қоймады.
Пәтерге бірге орналасқан Бәкібай керемет домбырашы, аттасы Аманкелді әжептәуір қоңыр даусы бар әнші екен. Біздің Аманкелді де қаражаяу емес. Халық әндерін төгілтіп, мөлдіретіп, жүректің қылын тербеткендей өте нәшіне келтіре орындайтын.
– Қой, менің маңдайыма оқу жазбаған екен. Енді ауылға қайтпасам болмас, – деген ақыры, бәрінен түңілген Аманкелді бір күні қасындағы серіктерімен қоштаса.
– Өй, өзің боркемік бірдеме екенсің ғой. Әйдә жүр, консерваторияда вокалдан бүгін ән айту сынағының ақырғы күні. Бәлкім, жолың болып кетер. Ауылға қайтуың қашпас, – деп екеуі қолма-қол құжаттарын тапсыртып, мұны қолынан сүйрегендей әннен сынақ тапсырып жатқан аудиторияға алып келді.
…Төрдегі сахна үстіндегі үстел басында төрт-бес адам отыр. Оң жақта үлкен рояль.
– Ал, кәне, танысалық. Қай жақтансың? – деген шашын шалқайта қайырған қырықтың қырқасына келіп қалған кісі көзәйнегін қолына ала қарасұрлау өңін жылытып.
– Ақмоладанмын, – деген бұл Целиноград дегенді әдейі айтпай.
– «Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан…» деп Ғазез ақын сайран салған жерден екенсің ғой. Ал баста, – деген сосын.
Аманкелді сәл тосылып тұрды да атақты Ғарифолла Құрманғалиевтің аса жоғары тенор даусына сала «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда-а-а…» деп шырқата жөнелген. Төрдегілер өзара күбірлесіп, сосын: «Тағы бір ән салып көрші» – десті бұған.
Жүректің қобалжуы орнына түскен Аманкелді енді Ақан серінің «Балқадишасына», бұдан соң халық әні «Дайдидауға», сосын «Бір балаға» басты.        
   Көзәйнекті тегі төраға болар, қасындағылармен пікірлесе келе: «Ал, бала, жолың оңғарылды деген осы. Алған бетіңнен қайтпасаң сенен тәп-тәуір әнші шығады», – деп батасын бергендей мұны сахнадан шығарып салды. Өзінен сынақ алған ол адамның атақты әнші Байғали Досымжанов екенін ол кейін білген еді.
…Серіктері де мәз, бұл да мәз. Консерваторияның студенті атанды. Байғали Досымжановтың класынан дәріс алады. Ендігісі үйдегілерді қуанту. Хабарласу үшін байланыс торабына келген. Ереймендегі телефон тұтқасы әкесіне тиді. Сөз қысқа болды.
– Не дейді, әншілік деймісің. Қой, бұл оқуың көңіліме қонып тұрған жоқ. Біздің тұқымға бір Сатан жетеді. Қайт ауылға! – Әкесі Дауылбайдың зілді үнімен телефон тұтқасы да шыңылдай жөнелді. (Сатан – Сатыпалды Момышев ұзақ жылдар Қарағандының филармониясында әнші болған).
Майданда талай от пен оқтың ортасынан сан жараланса да елге аман оралған, жайшылықтағы мінезінің өзі тік, жүзінен үнемі ызғардың лебі есіп тұратын әкесінің мінезі өзіне таныс. Қайтпаса, Алматыға келіп алдына салып айдап әкетуден тайынбайтынын жақсы білетін ол ешкімге сырын айтпастан, «Әкем сырқаттанып жатыр, шешемнің сүйенері жоқ» деп сылтауратып, бір күнде консерваториядан құжаттарын алып, Алматымен қимай қоштаса Ерейменге қайтқан.     
Сол бетпен Ерейментаудың локомотив депосында жұмыс істеп жүрген. Бір күні аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зекен Рамазанов шақыртып жатыр деген хабар алды. Аудандық, облыстық газетке қаланың, депоның тыныс-тіршілігінен, мәдени өмірінен үзбей хат-хабар, сүбелі материалдар жазып тұратын. Арасында сын да кететін. Тегі сондай сынның бірі бірінші басшыға жақпаған болар деп кабинетіне жүрексіне кіріп еді.
«Т» әрпімен қойылған үлкен бөлменің төріндегісінде отырған Зекен Рамазанов: «Амансың ба, қарағым! Кәне, бері жақында, мына жерге отыр», – деп өз үстеліне таяу орналасқан орындықты нұсқады. Сосын сөзін әрі сабақтап:
– Сыртыңнан өзіңді жақсы білемін. Жазған мақалаларыңды, өлеңдеріңді оқып жүрмін. Сенен тәуір журналист шығады. Оқытамыз, партияға аламыз. Енді мені тыңда. Аудандық «Прогресс» газетінің қазақша басылымына өзіңдей қаламының желі бар қызметкер керек болып тұр. Дуанбай Әлімжанов ағаңды білесің ғой. Бұл –  сол кісінің ұсынысы. Ал, менің ұйғарымым, бүгін түстен кейін сонда қызметке кіріс, – деп орнынан тұрып келіп, арқасынан қаға бөлмесінен шығарып салды.
Сөйтіп, әріптесіміз Аманкелді Жұмабектің бірыңғай журналистік еңбек жолы басталды. Онда жауапты хатшылықтан газет редакторының орынбасары деңгейіне дейін көтерілді.
1977 жылдың қазан айы Аманкелді Жұмабектің өміріндегі ең бір өзгерісті кезең, асулы жаңа белес болды. Бұл  бұрынғы Қазақстан темір жолы таратылып, соның негізінде Алматы, Батыс Қазақстан және бүгінде Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Целиноград, ішінара Солтүстік Қазақстан сияқты астықты, өндірісті, көмірлі, темірлі өңірдің негізгі жүгін тасымалдайтын, КСРО Қатынас жолдары министрлігіне қарасты 33 темір жолдың ішінде Мәскеу мен Белоруссия темір жолдарынан кейін үшінші санатта есептелетін, Транссібір күретамыры атанған Тың темір жолы құрылып жатқан кез.
Әр темір жолдың екі тілде жарық көретін өзіндік салалық басылымдары болуы керектігі де күн тәртібінде тұрған мәселе-тұғын. Осыған темір жол саласының тірлігінен хабардар, газет жұмысында ысылған, редакцияны жасақтауда ұйымдастырушылық тәжірибесі бар адам іздестіруде Тың темір жолы басшылығының таңдауы әріптесіміз Аманкелдіге түсті.
…Газеттеріміз бір баспаханада теріліп, басылатындықтан, оларды шығару барысында жиі кездесіп қаламыз. Өзінің де оқымаған кітаптары аз болуы керек. Шығыстың Низами, Сағди, Физули, Науаи сияқты шайырларының шығармаларын, Фирдоусидің «Шахнамасынан» Тұрмағамбет Ізтілеуов аударған «Рүстем дастанды», қазақтың батырлық жырларын, Абайдың өлеңдерін қара сөзбен әсерлі әңгімелей жөнелгенде таңқаласың.   
1985 жылы редакциямыздағы жауапты хатшының орынбасары Сапар Сайдалин зейнеткерлікке шығатын болды. Сол кісінің орнына лайықты адам іздеу жайлы редакторлар тарапынан жиі сөз айтыла бастады. Аманкелдінің жазғандарының бәрін сүзгіден өткізгендей қадағалай оқитын, осы жуырда ғана туғанына 80 жыл толғаны аталып өтілген жазушы-журналист, марқұм Мәди Хасенов оған ерекше іш тарта қарайтын. Редактордың бірінші орынбасары Рамазан Ахметов, жауапты хатшының орынбасары Виктор Жаймағамбетов, өзінің жерлесі, газеттің жауапты хатшысы Ілияс Қарағозин, ішінде өзім де бар, редакторымыз Октябрь Әлібековке осы жігітті Сапар ағаның орнына қызметке шақырсақ қалай болар екен деген ұсыныс жасадық.
Бастығымыз Өкең: «Ондай ниеті болса алып келіңдер, сөйлесейік, көрейік», – деген бір ғана сөз айтты. Мұнысын біз келіскені деп түсіндік. Сөйтіп, сол әңгімелесуден кейін «Коммунизм нұрының» табалдырығынан аттады.
Газет жұмысы өзіне етене таныс. Секретариаттың жұмысын бірден дөңгелетіп әкетті. Бөлімдер арқылы редакторлардың алдынан өткен, баспаханаға жөнелтілетін материалдарды макетке салмас бұрын үстінен бір қарап шығу оның бұлжымас әдетіне айналған. Онысы Тың темір жолында қалыптасқан редакторлық қызметінің әсері екенін білетіндіктен, сырттай бақылап жүретін басшылар да аса елей қоймайтын сыңай танытатын. Машинканы басуда алдына жан салмайтын жорғалығы тағы бар. Машбюроның үлгермей жатқан тығыл-таяң материалдарын алдына апарып тастасаң, басып, түзетіп, өңдеп жіптіктей етіп қоятын қасиеті өз алдына. Мұның сыртында секретариаттың жұмысымен ғана шектеліп қалмай, өзі де ара-тұра сұранып, алыс аудан, көрмеген ауылдарға барып, қойны-қонышын толтыра материалдар жинап әкеліп, оларын арасына күн салмай бұрқыратып жазып жатады. Алдындағы машинкасына жабысып қалғандай орнынан тұратын сәттері сирек.
Кейін редакторым Октябрь Әлібековпен келісе отырып, Аманкелдіні өзім жетекшілік ететін ауыл шаруашылығы бөліміне алдым. Сегіз жылдан астам уақыт бір бөлімде жұмыс істегенде, басшылар тарапынан оның жазған үлкенді-кішілі, тіпті, сыни материалдарына шәк келтіріп, күмәнмен қараған сәт болған емес. Нені жазса да деректері мен дәйектерін сайдың тасындай сайлап қойып, тиісті қағаз-құжаттармен шегелеп отыратын. Оның жазған ащы сын, фельетондарына дау айтып, облыс басшылығы түгілі, сотқа дейін жүгінгендердің талайларының тауы шағылып, меселі қайтқанын да көзіміз көрді. Нағыз жүйрік деп бәйгеге қосқан сәйгүліктер болса, солардың ортасында шаң қауып қалмайтын қаламы жүрдек журналист екендігін ол осылай танытқан.
1986 жылдың ақпан айы. Аманкелді сол күні «қырағы көз», Жылқыбай Жағыпарұлы кезекші редактор еді. Бір кезде Аужекеңнің: «Жылқыбай, осында келердің алдында Төлеш жеңгеңді перзентханаға «жедел жәрдеммен» алып кетіп еді, соның бір хабарын білсек қайтеді?» – дегені. Өзі қобалжып, жүрегі бірдемеге дауаламай тұрғандай. Бәріміз елең ете қалдық. Аужекеңнің бұған дейін Аяжан, Аида есімді екі қызы барын білетінбіз. Енді мынауысы өмірге кім болып келеді деген алаң көңілде сияқты. Жылқыбай дереу телефон тұтқасын көтеріп перзентханаға қоңыраулатқанымен, алғашқы бетте ол жақтан ешкім тұтқаны көтере қоймады. Бір кезде телефон тұтқасымен жағаласып отырған Жылқыбайдың: «Сүйінші, Аужеке! Жауға шабар Бөгенбай атаңдай перзентті болдың!» – деген даусы саңқылдап қоя берді. Аужекеңнің бетіне жылы шырайлы өң кірді. Қуанғаннан бәрімізді кезек-кезек құшақтап мәз-мәйрам…
Қазір Қаржы министрлігінде беделді қызметтегі сол ұлы орда бұзар отызға толып, ата-әже атанған Аманкелді мен Төлешке Ділназ есімді немере сүйгізіп отыр. Құдай жақсылығын аямаса, өзінің 70 жасқа  толар мерейтойы қарсаңында ұлдан немерелі болсам деген үкілі үмітінде жүр.
Менен кейін атауы «ауыл шаруашылығы және экономика» деп өзгертілген бөлімді жеті-сегіз жыл бойына басқарып, зейнет демалысына шыққасын да Аманкелдімен қырық бес жылға жуық аралас-құралас таныстығымызға қылаудай сызат түсіп көрген емес. Онда да жай қарап отырған жоқ. Академик Ғалым Құдайбергеновтің «Монголия глазами кочевника», «Знамени времени», «Его величество случай» деген орыс тіліндегі кітаптарын тәржімелеп, «Таныс та бейтаныс Моңғолия», «Замана белестері», «Өз уақытының тұлғалары» атауымен қазақша сөйлетті.
Жазушы, публицист Бақыт Рүстемовтың Куба революциясының 50 жылдығына арналып жазылған «Бороться и побеждать» үш томдығын авторымен бірлесе тәржімалауға, редакциялауға қатысты. Түркі халқының ұлы перзенті, әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілі, Түрікияның классик ақыны Назым Хикметің 235 беттік өлеңдерін қазақшаға аударып шығуы да екінің бірінің қолынан келе бермес шаруа. Мұның сыртында Куба революциясы көшбасшы көсемдерінің бірі әрі үні жігерлі ақыны Хосе Мартидің бірқатар өлеңдерін аударып, ерлік рухты Куба қайраткерінің жырларын қазақ оқырмандарына жеткізді.
Әрине, бұлардың бәрі төрт аяғын тең басқан су төгілмес жорғадай деуден аулақпыз. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, жазусыз бір күні өтсе, оған өкінішпен қарайтын ардагер әріптесіміз, газетіміздің кезінде батпан жүгін «атан өгіздей» өрге сүйреген қаламдасымыз жайлы айта берсек, талай сырға қанып, талай белестерден әрі асып кетеріміз хақ.
Бірде Аужекеңнің «сен ғой, ана жылдары «Қызыл жолбарыс» атанған Жамбылды жаздың да, оның атындағы халықаралық сыйлықтың, одан бері де республика журналистері одағы сыйлығының иегері атандың, «Қазақстанның құрметті журналисі» болдың. Ал мен болсам, алашапқын болып жазудан қолым босамай жүргенде, соларымның басын құрап, өзімді басшылар осындай болмаса да, басқалай бірде-бір атаққа ұсынып көрмепті. Оған өкініп жатқаным жоқ. Өйткені, менің еккен егінім де, баққан малым да бір ғана газет тірлігі болған екен», – дегені бар.
Иә, бәріміз де пендеміз ғой. Кімнің атақ-абыройға бөленгісі келмейді дейсің. Оның өзі де кейде адасып барып бұйырмасқа бұйырып кете барады. Отар қойдың шетіндегі қойторыдай көзге түссем деп елпілдеген ол жоқ. Сондықтан да, «Бәрінен де жетпісіңе желіп жеткен, қаламыңның қарымы қайтпаған осы қалпында жазарың көбейе берсін, Аужеке! Әркімнің өзінің маңдайына біткен бағы, аспанда жанатын жарық жұлдызы болады. Сол жарық жұлдызыңның жарқырай түсетін сәттеріңнің куәсі болсақ, мұның өзі әріптестерің, қаламдас аға-іні, қарындастарың алдындағы беделің мен  абыройыңның жоғарылығы. Өзіңдей қаламгерлердің басына кейде бақ осылай қонады дегеніміз жөн. Аз әлде көп айтсақ та сөз түйіні осы. Алға қарай тынбастан шаба бер, қаламдас дос, әріптес бауыр! – деймін.

 

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар