Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өтініш-тілектер ескерусіз қалмайды - АРҚА АЖАРЫ

Өтініш-тілектер ескерусіз қалмайды

 

Әділдік таппай қиналған адамдардың көбі билік партиясы саналатын «Нұр Отанға» барып, шағымданатын болып жүр. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында болып, қиындық келтіріп жүрген түйткілді мәселелерін шешіп жататындар қатарының көбеюі билік партиясына деген сенімді көрсетсе керек. Содан болар, партия қоғамдық қабылдау жұмысына ерекше мән беріп, осы саладағы жұмысын белсенді жүргізуде. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауы халыққа қызмет көрсету сапасы тұрғысынан  республикамызда екінші  орыннан көрінді. Осыған орай, газетіміздің тілшісі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдауының меңгерушісі Қымбат Жүсіповамен кездесіп, әңгімелескен еді.

 

– Партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдауы республика аймақтары арасында екінші сатыдан көрініп отырғаны облысымыз үшін үлкен мәртебе екендігі анық. Қызмет сапасын бағалауда қандай өлшемдер негізге алынып келеді?
– Бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының 21 қоғамдық қабылдауы қызмет етеді. Біреуі облыстық болса, қалғандары аймақтарда.  Қызмет сапасын бағалауда екі өлшем  негізге алынады. Ең алдымен, шағымданып келген адамдардың мәселелерінің оң шешілуіне көңіл бөлу республика бойынша орташа көрсеткіш 23  пайыз болса, бізде бұл көрсеткіш 48  пайызды құрады. Яғни, біздің қоғамдық қабылдауға түрлі сауалдармен шағымданып келген азаматтардың жартысына жуығы өздерін толғандыратын мәселелерін шешуге мүмкіндік алған. Бұл арада қалғандарының мәселелері шешілмей, ескерусіз қалды деген түсінік тумауы керек. Оларға біз қажетті құқықтық кеңестер бердік. Онан әрі заң шеңберінде бұл азаматтардың өз мәселелерін шешулеріне мүмкіндіктері бар.
Өткен он бір айдың көрсеткіші бойынша филиалдардың арасында неғұрлым жоғары деңгейден көрінгендер қатарында Ақмол ауылындағы «Феникс» қоғамдық қабылдауы – 90 пайыз болса, Аршалы және Атбасар аудандық филиалдары тиісінше 76 және 75 пайыз көрсеткішке жеткен.
Қызмет сапасын бағалаудың тағы бір өлшемі – қызметтің уақытында, сапалы және жедел көрсетілуі. Тағдырдан теперіш көріп, қиналып келген адамдарды бір кабинеттен екіншісіне жұмсап, әуре-сарсаңға салмай, бірден арызын тіркеп, оған жедел, толымды жауап беру немесе мәселені шешуге септігін тигізетін құқықтық кеңес беру қызмет сапасының негізгі өлшемі болып табылады. Бізде бұл жай оң жолға қойылған.  
– Қоғамдық қабылдауға  келетіндер көп пе және олар негізінен қандай мәселелер бойынша шағымданады?
– Биылғы жылдың басынан бері партияның қоғамдық қабылдауына 4056 адам шағымданып келген екен. Тіркелген шағымданушылардың мәселелерін сараласақ, негізінен мынадай төрт проб-
лема бойынша топтастыруға болады: тұрғын үй-коммуналдық сала бойынша, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету жайы, тұрғын үй және жер телімдерін алуға қатысты, сондай-ақ, еңбекке орналасу және еңбек дауларына байланысты мәселелер.
Қоғамдық қабылдауға келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда ептеп азайғанмен, жалпы алғанда жоғары деңгейде қалып отыр. Бізге негізінен, басқа қатарлардың бәріне барып, мәселесін дұрыс шеше алмағандар келіп жатады. Келушілердің жас мөлшері әртүрлі және көпшілігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар мен мүгедектер, яғни, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандар.
– Қоғамдық қабылдауға шағымданып келген төрт мыңнан астам адамның арасында мәселесін толық шешкен жайлар туралы нақтырақ баяндап берсеңіз.
– Мұндай оқиғалар бізде көп болып тұрады. Көптеген құзырлы мекемелерге барып, мәселелерін шеше алмай қиналған адамдардың қуанышын көру де бір ғанибет емес пе. Мәселен, биылғы жылдың жазында Көкшетау қалалық филиалына қала тұрғыны Ирина Волкова деген азаматша «Довгаль» жеке кәсіпкерлігімен арадағы дауға байланысты шағымданып келді. Оған аталмыш кәсіпкер 2015 жылдың қазан айынан бергі уақытта жалақысын төлемеген. Осы орайда, партия белсенділері кәсіпкермен сөйлесіп, оған заң шеңберіндегі міндеттері жайында түсіндірген. Соның нәтижесінде көп ұзамай кәсіпкер жинақталған жалақы қарызын Волковаға толық көлемінде қайтарды. Сөйтіп, бұл даулы іс қысқа мерзім ішінде нақты шешімін тапты.
Ерейментау ауданында орын алған жай бұдан да күрделі  болды. Астана-Шідерті бағытындағы автокөлік жолы құрылысына қатысқан 25 жұмысшы жаз бойғы еңбекақыларын ала алмай, түрлі құзырлы органдарға, тіпті, сотқа да шағымданады. Бірақ, еш нәтиже шықпаған. Мердігер «Глобал конструкцион» серіктестігі түрлі желеу айтып, жалақы қарызын өтемей келген. Төзімдері таусылған жұмысшылар «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына келіп, шағымданады. Партияның аудандық филиалы төрағасының орынбасары болып істейтін, бұрын көп жылдар әкімнің орынбасары қызметін атқарған тәжірибелі басшы Сара Дүйсембаеваның бұл мәселені шешуде үлкен рөл атқарғанын атап өткен артық болмас. Ол серіктестік басшылығымен сөйлесіп, көп ұзамай жұмысшыларға берешек  4,5 миллион теңге жалақы қарызы толық өтелді. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауы біздің мәселемізге үлкен көңіл бөліп, тез арада шешіп берді, сол үшін зор алғысымызды айтамыз», – дейді жалақысын алған жұмысшылардың бірі Елтай Бижанов.
Тағы бір мысал. Таяуда қоғамдық қабылдауға Көкшетау қаласында тұратын Руслан Хамзин мен Бекдияр Ордабеков деген азаматтар шағымданып келді. Олар Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің магистратурасына түсуге тест тапсырады. Сөйтіп, жоғары бал жинайды. Бірақ, соған қарамастан, олар магистратураға түсу үшін берілетін мемлекеттік гранттан шет қалады. Грантқа жинаған балдары олардан біршама төмен басқа адамдар өтіп кеткен. Осыған байланысты біз Білім және ғылым министрлігіне хат жолдап, осы мәселені шешуге көмектесуін сұрадық. Көп ұзамай министрліктен келген тексерушілер магистратураға қабылдауда бірқатар кемшіліктер кеткендігін анықтап, әділдік қалпына келтірілді. Сөйтіп, Хамзин мен Ордабеков магистратураға қабылданды.
– Сіздерге негізінен өзге құзырлы мекемелерден көмек болмай, күдерін үзген адамдар келеді ғой, сонда?
– Бәрі сондайлар десек, артық айтқандық болар еді. Өздерінің заңды құқықтарын дұрыс түсінбейтіндер, тіпті, ұсақ-түйек мәселелер үшін келіп жататындар да болады. Біз ондайларға әдетте құқықтық кеңес беріп, мәселені қалай шешуге болатынын түсіндіреміз. «Нұр Отан» партиясы құзырлы мемлекеттік орган емес, саяси ұйым. Сондықтан, біз адамдардың мәселелерін тікелей өзіміз шеше алмаймыз. Рас, біздің партия белсенділерінің арасында құзырлы мекемелерді басқаратындар, депутаттар аз емес. Олар да өз кезегінде қолдан келгенше адамдардың мәселелерін шешуге қол ұшын беріп жатады. Қоғамдық қабылдауға келетіндердің көпшілігінің мәселелерінің дұрыс шешілуіне осындай жайлардың әсер етіп отырғанын теріске шығаруға болмас.
Целиноград ауданында тұратын жалғыз басты ана Дәмежан Төлегенова  көп уақыт бойы жұмыс таба алмай, тұрмыс тауқыметін тартады. Жоғары білімі болмағандықтан, еш жерге жұмысқа қабылдамаған жалғыз басты ана қоғамдық қабылдауға келіп арызданған. Партия филиалының қызметкерлері аудандық білім бөлімі басшыларымен сөйлесіп, бұл мәселе оң шешімін тапты. Д.Төлегенова Талапкер ауылындағы мектепке жұмысқа орналастырылды. Партия белсенділерінің араласуымен жұмысқа орналаса алмай жүрген көптеген мүгедектер жұмыс тауып, мәселелерін шешіп жатыр.
– Қоғамдық қабылдауға тек облыс, аудан орталықтарының тұрғындары ғана келе ме, әлде шалғай ауылдардан да келіп арызданып жататындар бар ма?
– Жоғарыда айтып кеткенімдей, бізге негізінен әлеуметтік жағдайлары нашар адамдар мен мүгедектер көп келеді. Олар егер шалғай
ауылдарда тұратын болса, аудан орталығына немесе Көкшетауға келуге жағдайлары бола бермейтіні түсінікті. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясы филиалының басшылығы көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізуді жолға қойды. Оның құрамына құзырлы мемлекеттік мекемелердің басшылары мен депутаттар кіреді. Алдын ала жасалған кесте бо-йынша олар аудандарға, шалғай ауылдарға барып, қабылдаулар өткізіп тұрады.
Мәселен, жыл басынан бері 516 адамды қамтыған 236 көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді. Шалғай ауылдарда тұратын азаматтар өздерін толғандырып отырған жайларды айтып, нақты көмек пен кеңестер алды. Сонымен бірге, біз скаип арқылы шалғай елді мекендермен тікелей байланыс орнатып, сол арқылы да жұртшылықтың арыз-шағымдарын тыңдауды ұйымдастырдық. Әзірге осындай скаип арқылы өткізілетін қабылдау бес ауданның елді мекендерінде, атап айтқанда: Аршалы, Целиноград, Сандықтау, Астрахан және Ақкөл аудандарында өткізілуде. Болашақта ол барлық аудандарды қамтитын болады.
– Бүгінде мемлекеттік мекемелер электронды қызмет көрсету жүйесін енгізіп жатыр. Бұл мәселе сіздерде қалай шешілуде?
– «Нұр Отан» партиясының арнайы сайты бар. Соған кіріп, кез-келген азамат үйінде отырып-ақ өзін толғандыратын мәселе жайлы жазып, шағымдана алады. Ол үшін сайттың «қоғамдық қабылдау» бөліміне кіріп, қажетті мәліметтерді толтырса болғаны. Электрондық жүйе бойынша келген шағымдарға біз көрсетілген электронды поштасы арқылы жауап береміз. Бұл арада мына жайды ескерген жөн: шағымданған адам өзі туралы барлық мәліметтерді жазуы тиіс. Қазақша айтқанда аты-жөні көрсетілмеген «домалақ арыздар» қабылданбайды.
Сайт арқылы келген арыздар да қоғамдық қабылдауға келген адамдардың өтініштері сияқты тәртіпте қаралып, тиісті жауабы беріледі. Жыл басынан бері электрондық жүйе бойынша бізге 49 арыз түсті. Өткен жылы осы кезеңде олардың саны жиырмаға да жетпейтін. Бұдан азаматтардың арыздарын электрондық жүйе бойынша беруге ақырындап бет бұра бастағаны байқалады.  Бұның тағы бір қолайлы жағы, сайтта жұрт жиі көтеретін коммуналдық қызмет, баспана, жер телімдерін алу сияқты мәселелер бойынша  жауап түріндегі құқықтық кеңестер  берілген. Сайтқа кірген адамдар одан өз сауалдарының жауабын тауып, онан әрі сол бойынша әрекет етуіне мүмкіндіктері бар.
– Арыздарын айтып келген адамдарды сіздер ғана қабылдайсыздар ма, әлде мемлекеттік мекемелерде жауапты қызмет атқаратын партия белсенділері де қабылдау өткізе ме?
– Жеңілдеу мәселелер болса, қоғамдық қабылдау қызметінде істейтін мамандардың өздері шешуге тырысады. Кейбір күрделі және мемлекеттік құзырлы мекемелер шешуге тиіс мәселелерді сондай арнайы органдарға жолдаймыз.
Сонымен бірге, бізде партия белсенділері мен депутаттардың адамдарды жеке басы мәселелеріне қатысты сұрақтарымен қабылдайтын кестелері жасалған. Өздері жетекшілік жасайтын салаларға қатысты мәселелер бойынша облыс және аудан әкімдерінің орынбасарлары мен құқық қорғау, басқа да сала басшыларының қабылдайтын күндері бар. Бұл жөнінде жергілікті ақпарат құралдары арқылы жұртшылық алдын ала хабарландырылады. Биылғы жылдың басынан бері лауазымды тұлғалар мен мекемелердің басшыларынан, депутаттардан құралған топ 2618 адамды қабылдады. Тарата айтар болсақ, партия филиалдарының төрағалары және барлық деңгейдегі әкімдермен 104 адам, әкімдердің орынбасарларымен 206, барлық деңгейдегі мемлекеттік мекеме басшыларымен 706 және құқық қорғау органдары өкілдерімен  155 азамат қабылданған. Ал, биылғы жылдың қазан айынан бастап, қоғамдық қабылдауды партиялық бақылау комиссиясының мүшелері  өткізе бастады. Олар бүгінгі күнге дейін 21 қабылдау өткізіп, 30 азаматтың арыздарын қарады.
Тағы бір айта кетерлік жай, республикалық «Әділет кеңес береді» акциясы шеңберінде азаматтарға түрлі мәселелер бойынша құқықтық тегін кеңес беру шаралары өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері облысымызда 600-дей адам тартылған  4 шара өткізілді. Мұндай шаралар облысымыздың әртүрлі өңірлерінде өтіп, азаматтар өздерін толғандыратын түрлі сауалдар бойынша құқықтық кеңестер алды. Осы шара аясында, сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары жайында жұртшылыққа пайдалы мәліметтер берілді.
– Әңгімеңізге рахмет.
 Сұхбатты жүргізген Қалкөз ЖҮСІП.
Суреттерде: қоғамдық қабылдаудан көрініс; Қымбат Жүсіпова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар