Достық үйінде облыстық кикбоксинг федерациясының бір жылғы жұмыс қорытындысы шығарылып, таңдаулы спортшылар Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, спорт шеберлігіне үміткерлерге куәліктер тапсырылды.
Жаңа жыл – баршамыз ақ пейілмен асыға күтетін айрықша мереке. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші, облыс спортшылары өтіп бара жатқан 2016 жылы айтарлықтай белестерді бағындырып, облыстың намысын қорғап талай спорт ареналарында жеңіске жетті.
1991 жылдан бастап Қазақстан шетелдерге тәуелсіз дербес мемлекет болып шығып жүрген уақытта көптеген спорт майталмандары Кеңес одағы тұсында жаттығып, танылған спортшылардың арқасында биіктерді бағындырып жүр деп бағалаған болатын. Алайда ширек ғасыр ішінде қазақ спортшылары көк байрағымызды әлемнің түкпір-түкпірінде мықтылығын көрсетіп, жетістіктерге жетті. Солардың ішінде кикбоксингті де ерекше атап өтуге болады.
Аталған іс-шарада Аяз ата костюмін киіп шыққан «Ақмола облысының Русская община» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Артеменко залға жиналған қауымды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, спортшыларға толайым табыстар мен сәттілік тіледі. Жеңіске жету – әр азаматтың мұраты екенін ерекше атап өтті.
Бұдан әрі «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Шынарбек Батырханов Ақмола облысының кикбоксинг федерациясының президенті Александр Герасимов пен 2016 жылғы Қазақстан чемпионы Данияр Қазиевке облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің атынан Алғыс хаттарын табыс етіп, спортшылар қауымына жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, Көкшетау қаласының дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Уәлихан Ғалиев (суретте) спортшыларға спорт шеберлігіне кандидат және разрядтары көрсетілген куәліктерді салтанатты түрде тапсырды. Олардың ішінде Темірлан Қабдолов, Карина Мурзина, Данил Кузнецовтар екінші разряд алды, ал, бірінші разряд дәрежесін алғандар қатарында Ерназ Досаев, Диас Бисенов, Нұрсұлтан Ғосман, Кристина Сушина сияқты жасөспірімдер бар. Сонымен қатар, Әсем Арызбаева, Батыржан Жақыпов, Темірлан Қабдөшевтер спорт шеберлігіне кандидат куәлігін иеленді. Шара барысында қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімі бірқатар спортшыларға Алғыс хаттарын табыс етті. Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Облыста осы күні кикбоксингтен бір спорт шебері, 15 спорт шеберлігіне кандидат бар. Оларға келер жылда толайым табыстар мен жеңістер тілейміз. Аталмыш іс-шара облыстық әкімдіктің қолдауымен және «Ақмола облысының Русская община» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.