Осы күндері Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында бал күлкілі балалар үшін Жаңа жыл кеші ұйымдастырылуда.
Бұл жолы мерекелік шараға мектеп жасындағы оқушылар мен балдырғандар және олардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысып, «Күлше қыз» шығармасының желісі бо-
йынша дайындалған ертегіні тамашалады. Қойылымның жоғары дәрежеде әзірленгені сонша, балалар ертегілер кейіпкерлерінің қылықтарына сүйсініп, арасында би билеп, көңілдері шаттыққа бөленді. Олардың бал-бұл жанған жүздерін көрген ата-аналары да бір жасап қалды десек, артық айтқандық емес. Сонымен қатар, жаңа жылдық ертеңгілікте балалар үйлерінен жаттап келген тақпақ, өлеңдерін айтып, шыршаны айнала көңіл көтерді. Барлығына Аяз ата мен Ақшақар бейнесіндегі театр әртістері сыйлықтар мен тәттілер таратты.
Жаңа жылдық мереке қарсаңында өткізілген осынау тамаша кеш кішкентай ұл-қыздардың жадында мәңгі сақталып, келер жылға үміттерін молайтқаны сөзсіз. Аяз ата мен Ақшақардың қолынан тәтті сыйлық алған балғындар ата-аналарымен ескерткіш суретке түсіп, көңілді тарқасты. Бұл күні біздің редакциямыздың қызметкерлерінің балалары да осы жаңа жылдық кештің қызық-думанына бөленді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.