1917 жылы «Тіршілік» газетінің шығуы хақында сәкентанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллин» ғұмырнамалық кітабынан: «Сәкен әуелі уездік қазақ комитетінің орынбасары, кейіннен төрағасы болып сайланды. Сонымен қатар, «Жас қазақ» ұйымына басшылық етті. Қазақ комитеті ең алдымен қазақ тілінде газет шығару мәселесін қолға алып, комитеттің төрағасы Рақымжан Дүйсенбаевты Қазан қаласына барып баспахана жабдығын алып келуге аттандырды…» деген жолдарды оқығанда, Сәкеннің бұл әрекеті енді бұғынып жата бермей, етек-жеңді жинауды, ел болып «өз қотырымызды өзіміз қасуды», көші алға озған өзге жұрттардан қалыспауды көздеген ізгі ниетінен туғандығына көзіміз анық жете түседі.
Кейін Кеңес өкіметі орнағаннан кейін «Тіршілік» «Жаңа Арқа» болып жалғасты. Оған губерниялық комитеттің ұйғарымымен Әбдірахман Айсарин редактор, орынбасарлығына Ғалым Малдыбаев тағайындалды.
Осы «Жаңа Арқадан» бастап Ақмола атырабындағы оқырмандарына жол тартқан газет шығару ісі біршама тұрақтанған десе болады. Олай дейтініміз, 1932 жылдың 2 желтоқсанынан кейін «Жаңа Арқа» атауы «Колхоз екпіндісі» деп өзгертіліп, 1000 дана таралыммен өз өміршеңдігін әрі қарай жалғастырған. Аптасына үш рет екі бет болып, бас-аяғы 104 саны жарыққа шыққан. Сол кездегі ел өмірінің шежіресі, қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени тірліктің хабаршысы саналған бұл газеттің тізгінін редактор ретінде әр жылдарды Мұқат Мейірманов, Қ.Сүлейменов, З.Темірбеков, А.Жанкин сынды баспасөздің білгірлері қолдарына алған. Осылардың арасынан Мұқат Мейірмановты, редактордың орынбасары қызметін атқарған Әмина Сақтағанованы көзім көргендігін, қызмет барысында аралас болғанымды да сөз ретінде айта кетсем, артығы бола қоймас.
1939 жылдың қараша айына дейін шығып тұрған үнпарақта тақырып ауқымы да сан алуан болғандығы байқалады. Атап айтқанда, онда колхозшылардың еңбек тынысы, Ақмола өңірінің белгілі тұлғалары, қоғам қайраткерлері, жазушылар жайында жазылған мақалалар жиі беріліп тұрған. Тіпті, жыл өткен сайын газет таралымы да өсіп, 1937-1938 жылдарда 2000 данаға дейін жеткен.
Тарихтың шыр айналған дөңгелегі бір орнында тұрып қалмайды. Замана көші ілгері басқан сайын алға жаңа талаптар, жаңа міндеттер қойылып жатады. Сол отызыншы жылдардың соңына таман республикада аудандарды ірілендіру, бір орталықтан басқару ісі қолға алынған тұста, Ақмола 1939 жылдың 14 қазанында өз алдына 17 ауданның басын қосқан жеке облыс болып шаңырағын тікті. Енді «Колхоз екпіндісі» жаңа «Сталин туы» атауымен сол жылдың 24 қарашасында алғашқы санын жарыққа шығарды. Ол 1941 жылдың маусым айына дейін латын әрпімен басылды, облыстық газеттің алғашқы редакторы қазақ журналистикасының сол кездегі тұңғыш мамандарының бірінен саналған Әбу Айзахметов болды. Ардагер ағамыз өмірінің соңғы жылдарында осы басылымда меншікті тілші болып қызмет атқарды.
Алайда тұтқиылдан басталған Ұлы Отан соғысы жылдарында бұл газет елді ұйыстыру, халықты ерлік еңбекке жігерлендіру, майдан мен тылдың байланысын орнықтыру сияқты қат-қабат істерді үздіксіз жариялап отырды. Газеттің бір топ қызметкерлері, арасында Әбу Айзахметов те бар, қаламды қаруға айырбастап қан майданға аттанды. Оның қолға алған ісін соғыс жылдарында қаламгерлер Ө.Өкішев, бұдан кейін көп жылдар К.Үсебаев, А.Әлғожин,
А.Мұздыбаев жалғастырды. Ең ұзақ, атауын өзгертпей 18 жыл бойы шығып тұрған да осы «Сталин туы» газеті болды.
Тынымсыз аққан өмір-өзенмен бірге уақыттың ауаны да, ұстанған саясаты мен идеологиясы да өзгерді. «Сталиндік жеке басқа табынушылық» күстәланып, оның сарқыншақтарын жою үрдісін бастап берген партияның ХХ съезінің тарихи шешіміне байланысты «Сталин туы» атауы да шежірелі жылнама қойнына жіберіліп, енді 1957 жылдан бастап «Есіл правдасы» атанды. Бұл тұста С.Сейітов, Г.Сәрсенбин редакторлық қызметтер атқарды.
КСРО тарихында «жүгеріші» атанып кеткен Никита Хрущевтің 1961 жылдың 17 қаңтарында өткізген кезекті Пленумында Қазақстанның солтүстік аймағындағы бес облыстың басын біріктіріп, «Тың өлкесін» құру туралы ұйғарымы жасалды. Осыған байланыс-ты солтүстік өңірдегі қазақ тілінде шығатын газеттердің бәрі жабылып, қаламгер журналистері тарыдай шашырап жан-жаққа тарап кетті. Тек санаулылары ғана сол жылдың қаңтар айының соңында «Есіл правдасының» орнына «Тың өлкесі» атауымен шыға бастаған газеттен орын тапты. Ол аз болғандай, халқымыздың ұлттық болмысына, қазақи рухына қиянат жасалды, тоталитарлық өктем идеология өз білгенін істеді.
«Орыстандыру» саясаты белең алып тұрған осы тұста бес облысты қамтыған «Тың өлкесі» газеті қазақи рухты сақтап қалды, сонысы арқылы бүгінгі «Арқа ажары» газетінің шежірелі тарихынан өзіндік лайықты орнын алды. Бұлай болатын себебі – сол кезде «Тың өлкесі» газетіне қазақ журналистикасының қазанында қайнап, пісіп, шыңдалып өскен Уәра Нұрсейітов, Сапаржан Хайдаровтың редактор, Әнуар Ипмағамбетов пен Зейнолла Әйтімовтың редактордың орынбасары қызметіне келуі еді. Өлке тарағаннан кейін «Тың өлкесінің» орнын табаны күректей 26 жыл бойы облыстық басылым «Коммунизм нұры» газеті басты. Ол шын мәнінде облыс өңірінің тарихын тасқа басып қалдырған шежіресіне айналды. Оған әр кезеңде Әнуар Ипмағамбетов, Ибрагим Қапаров, Әмірғали Нүркішев, 1979-1995 жылдарда Октябрь Әлібеков басшылық жасап, газеттің қазақ баспасөзінде өзінің лайықты орнын алуына сүбелі үлестерін қосты. Соның жарқын мысалының бір көрінісі – 1978 жылдың 28 желтоқсанында «Коммунизм нұры» газетінің Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталуы еді.
Мінекей, биыл халқымыздың сан ғасырлар бойы армандаған, аңсаған азаттығына қолы жеткеніне ширек ғасыр – 25 жыл толуы ел ауқымында кең көлемде атап өтіліп жатыр. Тәуелсіздігіміздің көк туы төбемізде желбіреп тұр. Соның нәтижесінде жоңғардың шапқынын, патшалық Ресейдің қытымыр қыспағы мен қорлауын, қызыл империяның озбырлығы мен өктемдігін, одақ тізгінін ұстаған «сұр кардиналдардың» қазақ жұртына менсінбей кемсіте қараушылығын басынан өткерген еліміздің өз егемендігін айдай әлемге танытуда жүрекжарды үнін еркін жеткізуде қазақ баспасөзінің де тынысы ашылды. Еркіндіктің асқақ мұратын, оқырманға айтар ойын жаңаша мазмұнмен байытып, соны ізге түсірді.
Қанша қусаң да жеткізбес сағым сияқты қияли ойдан туған «коммунизм» елесі келмеске кетті. Адамзат санасы қайта түлеп, дүниеге жаңаша көзқараспен қарай бастадық. Осы себептен де 1991 жылдың 26 қаңтарында Ақмола облыстық газеті «Арқа ажары» деген жаңаша атаумен жарыққа шықты. Оған бастамашы да, қозғаушы да ҚазМУ-дың 1961 жылғы түлегі ретінде «Тың өлкесі» газетінің табалдырығын аттап, қатардағы тілшіден бас редактор дәрежесіне дейін көтерілген Октябрь Қайырұлы Әлібеков еді. Бұл қадам да он ойланып, жүз толғанып барып жасалған байлам болатын. Ондаған атаулар сарапқа салынды. Ақырында редакция ұжымы осы «Арқа ажары» деген атауға тоқтады. Арқа өңірінің келбетін, тынысын, үнін білдіреді деген пікірге баса мән берілді.
Міне, сол күннен бастап Ақмола облысының дидарлы бейнесін бар қырынан жарқырата көрсетудің абыройлы жүгін арқалап келе жатқан «Арқа ажары» газеті халықтық, ұлттық мүддені мұрат еткен демократиялық ашық қоғам жағдайында өзінің еркін тынысын, тәуелсіз бұқаралық үнін анық естіртумен келеді.
1995 жылы тамыз айынан «Арқа ажарының» бас редакторлығына Жомарт Сафиұлы Әбдіхалық тағайындалды. Ол баспасөз саласының білгірі, парасатты азамат тұлғасымен ғана емес, философиялық озық ой-тұжырымдарды тұла бойына молынан сіңірген ерекше дарын иесі болатын. Оның осындай өзгелерден ерек бейнесін қаламгердің «Шарболат сенім», «101 толғам, 1001 түйін» атты төл шығармаларын оқығандардың бәрі әлдеқашан мойындаған. Мұның сыртында жазушының редакциялауымен жарық көрген «Адамзат ойшылдары антологиясының» бір томдық аудармасы тағы бар. Алайда, 60 жастан аса берген шағында жол үстіндегі тосын апат өмірін қиып кетті. Бірақ, жарқын азаматтық бейнесі мен ардақты есімі «Арқа ажары» газетінің тарихында мәңгілікке жазылып қалды.
Жомарттай дарынды қаламгер бастаған ұжымның одан қапияда көз жазып қалғанында, енді оның орнын басар, соның қайратына бергісіз қайраты мен дарыны бар адам табыла қойса жақсы деген өлмеші бір сәуленің әр көңілде қылаң бергенін де жасыруға болмайды. «Анау болады екен, мынау болады екен» деген қауесеттер де желдей гулегенін де естідік. Міне, осындай алмағайып кезде талантты журналист, драматург-жазушы ғана емес, ұйымдастырушылық қабілеті де қарымды Жабал Ерғалиевтің облыс әкімінің 2005 жылғы 18 қаңтардағы өкімімен «Арқа ажары» газетіне бас редактор болып тағайындалуы әріптес журналистердің бағын жандырудың, шығармашылық ұйымды тас-түйін ортақ мақсатқа жұмылдырудың бастауы болды. Жабалдың «Арқа ажары» «Тіршілік» газетінің заңды мұрагері екендігін тыным таппай дәлелдеп, әділдікті орнына келтіруі өз алдына бір әңгімеге арқау боларлық жай.
Ол газеттің абырой-беделі үшін барын салды. Соның нәтижесінде облыс аймағындағы таралымын 10000 данадан асырып тынды. Ерекше атап өтерлік жай, ұжым басшысы «Тіршіліктің» қадір-қасиетін, оқырмандар ықыласын екі жақтан биікке шығарды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау туралы Өкімімен Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің шығармашылық ұжымы өңірдің қоғамдық-саяси өмірі мен әлеуметтік, экономикалық даму мәселелерін терең ашып көрсеткені үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Грантына ие болды. Бұл еліміздегі қаншама облыстық газеттер арасында «Арқа ажарына» берілген зор баға еді.
Бүгінде Жомарт Әбдіхалық, Жабал Ерғалиев сияқты қаламдары қарымды, ой-толғамдары тұңғиықтай терең, нағыз газет үшін жаралған тұлғалардың тәлімі мен тәрбиесін, білігі мен білімін бойына жинақтаған қаламгер ақын, бас редактор Қайырбай Төреғожа да Сәкен Сейфуллин бастауында тұрған «Тіршіліктің» заңды жалғасы «Арқа ажарының» беделін бір саты төмендетпей, 2011 жылдың тамызынан бастап ілгері бастырып келеді.
Иә, осыдан 100 жыл бұрын жарық көрген, халықтық-ағартушылық, демократиялық бағытты ұстанған «Тіршіліктің» тарихы дәл бүгінгі уақыт өлшемімен тоқтап қалмасы анық. Өйткені, оның ел мүддесін алға шығара, халықпен біте қайнаса, көптің тыныс-тіршілігімен қабыса, шығармашылық әлеуетін бар қырынан көрсетіп келе жатқан заңды мұрагері «Арқа ажары» газетінің көші алға ұзай бермекші.
Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
«Арқа ажары» газеті бас редакторының бұрынғы орынбасары,
Қазақстанның құрметті журналисі, Халықаралық Жамбыл атындағы және республика журналистер Одағы сыйлықтарының иегері, Қорғалжын ауданының құрметті азаматы.