Аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияны аудандағы ең іргелі оқу орны деуге әбден болады. Бұл әрине, аудандағы басқа оқу орындарының дәрежесі төмендеу деген сөз емес. Олардың бәрі де жас жеткіншектерге сапалы білім беруде өзіндік орны бар мектептер.
Аудандағы ең ірі, әрі ең байырғы мектептің бірі ретінде аталмыш мектеп-гимназияның көптеген көрсеткіштері бойынша алдыңғы саптан көрініп жүргендігі шындық. Шынында да, бұл мектептің табалдырығын аттағаннан-ақ, мұндағы тазалықты, көрнекі құралдардың белгілі бір тәртіппен, ойлы жүйемен орналастырылғандығын көріп мектеп ұжымының өз істеріне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтындығын пайымдауға болады.
– Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мектебімізді толық жөндеуден өткіздік, – дейді бізбен әңгімесінде мектеп-гимназия директоры, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері, білімді де білікті басшы Нұрлан Есіркепұлы Тәжин. – Жөндеу жұмыстарына 10 миллион 300 мың теңге қаржы бөлініп, жылдар бойы күткен көптеген шаруаларымызды тындырып алуға мүмкіндік алдық. Сонау 1964 жылы ашылған біздің мектеп аудандағы байырғы оқу орындарының бірі.
Бүгінде мектепте 460 оқушы дәріс алады, оларға 59 ұстаз білім береді. Өткен оқу жылында аталмыш мектепті екі оқушы «Алтын белгімен» бітірсе, бір оқушы қызыл аттестат алған екен. Ал, ең маңыздысы, олардың үшеуі де жоғары оқу орнына түскен. Яғни, бұл көрсеткіш қуалау емес, ол оқушылардың сапалы білім алғандығын көрсетеді. Мектепті үздік бітірген Ерсұлтан Баешев Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетте білім алса, Әсел Аханова мен Мөлдір Сайлаубек Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқып жүр.
Мектепте жекелеген пәндер бойынша да оқу орнының атын шығарып жүрген оқушылар аз емес. Мәселен, Александр Соколова биология пәні бойынша олимпиадаға қатысып облыста екінші орын алса, республикалық байқауда да жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Бұған әрине, оның ұстазы биология пәнінің мұғалімі Роза Беспалаяның да қосқан үлесі қомақты. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беретін Гүлден Сұлтанова, математика пәнінің мұғалімдері Қарлығаш Имажанова, Майра Уапова, мектеп директорының орынбасары Баян Жүсіпова, Индира Қуанышева сынды ұстаздардың жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие берудегі ерен еңбектерін атап өткен абзал.
Талғат БАҚТЫБЕКҰЛЫ.
Қорғалжын ауданы.