Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қайсар Әлім әлемі - АРҚА АЖАРЫ

Қайсар Әлім әлемі

Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы мен өзіндік стилі қалыптасқан, өмірлік оқиғаны оқушыға қалай жеткізудің тәсілін әбден меңгерген және аты-жөні құрмет-қошеметпен тасқа басылып, «бұл кім-ау» дегізбейтіндей дәрежеге жетіп үлгерген Қайсар Әлім  шығармашылығы туралы әңгімені қалай, неден бастасақ екен деп «кібіртіктегендігімізден» болар, әріптестік тұрғыдан да сенің азды-көпті жазған-сызғандарыңа жанашырлық танытып, танытып қана қоймай, өз пікірін ашық айтып жүретін арадағы сыйластықтың арқасы болар, әйтеуір, бұл мақала оңайлықпен жалына «қол тигізбегені» анық-ты.

Қуаныш ЖИЕНБАЙ,
жазушы, халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты

Мәселе журналистің аз, не көп жазғанында емес, мәселе оқырман есінде аты-жөнінің қандай «қызметімен» жатталып қалғандығында. Жасыратыны жоқ, осы күндері бәріміз жабылып, Шер-ағаңның, Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі» мен «Егеменде» үзбей жарияланып тұрған «Бір ауыз сөзін» іздейміз. Бес-алты сөйлемнен аспайтын, бірақ, тиген жерін ойып түсетін бір ауыз сөз жетіспей тұрады ортамызға.
Иә, ұзақ жыл баспасөз саласында тынымсыз әрі табандап қызмет атқарған Қайсар Әлімнің қандай шығармалары есімізде қалды? Соларын санамалап көрелікші бір уақ. Отызға жуық  кітап шығарыпты.  Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында етек-жеңімізді жинақтап, кешегі озбыр саясаттың құрбаны болған арыстарымыздың өлмес есімдерін қайта жаңғыртып, «қапастағы құлыптың» кілті өзімізге тиген соң, оңды-солымызға жітілене қарай бастадық емес пе?! Әлі есімізде, 1992 жылдың қыркүйегінде Торғай облысынан жасақталған арнайы экспедиция Міржақып Дулатұлының мүрдесін жарты ғасырдан астам уақыттан соң қазып алып, өзінің туған топырағына, Жангелдин ауданындағы өз есімі берілген қауымдастықтың орталығына қайта жерлеу үшін Карель АКСР-інің Сосновец стансасына шұғыл аттанып кеткен-ді. Оның құрамында Қайсекең де бар болып шықты. Сапар салмақты, жүрекке жүк түсіретін сәттері жетерлік. «Оян, қазақ!» деп күйкі тірліктің қамытына жегіліп, өзінің бостандығы мен еркіндігін әлдекімдердің қолына бүтіндей ұстата салу арқылы ұлттық намыстан да кемшін көре бастаған қалың қауымды дүр сілкіндіріп, болашағына жүрдім-бардым қарамауды үндеген Міржақып мүрдесін қайтадан ашу кімге оңай бола қойсын. Осы мұңды сапардың басы-қасында болып, тек көрген-білгенін ғана термелеп қағазға түсіруді мұрат тұтпай, мұның астарында ұлттық мүдденің де бұғып жатқандығын жан-тәнімен ел назарына ұсынуға тырысқан журналист терең ой-толғамдарына беріледі, өзі де Торғай өңірінің тумасы болғандықтан, бұл тарихи оқиғаның туған жерге, туған жердің бүлдіршін-түлектеріне қандайлық әсері барлығын да, жүрек қылын шертетіндей өзекті ойларын да ортаға салады.
Газет тапсырмасымен жолға шыққандықтан, әрі сапар қорытындысын елден бұрын оқырманға жеткізу үшін журналистік парызды араға тықпалап, бірден мақала жазуға отырып, басқа біреу болғанда міндеттен оңай құтылудың тиімді жолын қарастыра қояр ма еді, кім білсін. Ал, біздің Қайсекең құлашын тереңге сілтейді, болған оқиғаның бүге-шүгесіне дейін сана сүзгісінен өткізіп, тың тақырып – табылған олжаның қыр-сырын өзінше зерттеп, түн ұйқысын төрт бөліп, қалай да жұрт тұшынып оқитындай бір соқталы дүние тудыруға тырысады. Онысы да ойдағыдай сәтімен аяқталған. Міржақыптың мүрдесі туған жер топырағына табысталады. Осымен бітті ме, жоқ-а, жоқ – «Мұңды сапар», «Міржақыптың оралуы. Возвращение из небытия» секілді бірінен соң бірі туындаған кітаптар қаламгердің  қандай тақырыпты болмасын «жанын шүберекке түйіп отырып», аса жауапкершілікпен қаламға жүгінетін ізденімпаздығы мен кірпияздығын дәлелдейді. Жат жердегі мүрдені ашу кезіндегі мына сәтті бір уақ көз алдыңызға елестетіңізші: «Міне, екі метр тереңдіктен табыт қақпағы көрінді… Бойым қалтырап қоя берді. Алмағайып бір сезімнен жүрек алқынды, тыныс тарылды. Көзім мұнартып, батылым жетпей, дәлдеп қарай алсамшы табытқа… Тәуекел! Ашылды табыт. Е, аруақ, рухыңа бас идік!» Журналист мұнан кейін де Міржақып тақырыбын жылы жауып қоя салған жоқ, халқы сүйген ардақты перзенттің артында қалған жалғыз қызы – Гүлнәр апаймен қаншама сұхбат ұйымдастырды десеңші, қаншама мақала жазылды десеңші!  «Мұңды сапарға» көбірек көңіл бөлуіміздің себебі не, себебі, қаламгердің жұрт сілтідей тынып, қолдарынан анау айтқандай бір жәрдем келе қоймаса да, сапардың  сәтімен аяқталуына іштей тілеуқор болған елдің күткеніндей толымды дүниенің біздің рухани қазынамызға айналғандығында еді.
Чернобыль АЭС-інде болған әлемді дүр сілкіндірген оқиғаны қаламына арқау еткен Қайсекең «Мәңгілік шер» деректі повесін жазып шықты. Мұны да оқырман жылы қабылдады. Қостанайлық қаһарман Л.Телятниковтің бастан кешкен қиын-қыстау сәттері шынайылықпен бейнеленді, өмірдің өзегінен суырып алғандай нақты эпизодтар оқырман есінде қалды. Көлік апатынан екі аяғы сал болып, отыз жыл төсекке таңылып жатса да, тіршіліктен жалқы сәт күдер үзбей, қайта күн сайын келер күндерден үміттеніп, қолынан қаламын тастамаған ауыл тілшісі Қалиасқар Түктібаевтың ерлікке пара-пар өмір жолдарын түзген «Мықшеге» хикаяты да көпшіліктің есінде болар. Қаламгердің Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовпен отыз жыл бойы үздіксіз хат жазысуы да сирек кездесетін құбылыс. Мұндағы хаттарды күнделікті амандық-саулықтан ада, ұлтымыздың мәдениеті, өнері мен әдебиеті жайлы ылғи толғаныстардан тұратын өмір үзіктері деп қарағанымыз абзал. Әзекең де қаламдас інісі туралы кейін былай деп ағынан жарылады: «Екеуміздің отыз жыл бойы хаттасуымызды арқау етіп Қайсар мен туралы «Махаббат жыршысы» кітабын жазып шықты. Оқырмандар жылы қабылдады. Тіпті, ол кітапты қазақ әдебиетінің эпистолярлық жанрындағы санаулы еңбектердің санатына қосып, әділ бағасын бергендер де бар. Қайсардың бұл кітабына менің ешқандай көмегім тиген жоқ. Тіпті, оның қолжазбасын да қолыма ұстап, қарап шықпаппын. Менің бар көмегім – автордың маған жіберген сұрақтарына тегіс жауап беруім ғана. Бар бітіргенім осы. Мұны неге айтып отырмын? Өзімді насихаттаудан аулақпын. Қайсардың кірпіштің қалыңдығындай кітап жазған ерен еңбегіне сүйсінгендіктен жылы сөзімді тежей алмадым».
Ағаның кіршіксіз ақ көңілі Қайсекеңнің әдресіне жарасып-ақ тұр. Бекзат болмысымен, шығарма жазудағы шеберлігімен, «мен, мен, мен едім, мені неге  көзге ілмей жатырсыңдар?» деп көрінгенге өкпесін айтып, өзін жарнамалауға мүлдем қарсы, қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафиннің жазушылық  лабораториясына ену, еніп қана қоймай, содан «сөз өнері дертінің» халыққа пайдасы тиер тұстарын инемен құдық қазғандай аршып, өзі де үлгі алып, өзгелер де үлгі алсын дейтіндей салмақты шығарма жазу, ай, сірә, екінің бірінің қолынан келе қоймас. Әу бастан сөзге сараң корифейдің әдебиет, қоғам, келешек, тіл төңірегіндегі толғаныстарын жүрек көмбесінен суырып алу да оңай еместігі белгілі. «Қарғалыда қар қалың» эссесі осылай өмірге келген-ді.  Қазақ жырының ақтангері Нұрхан Ахметбеков, қазақ поэзиясының қос алыбы Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков, әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев, академик Сайлау Байзақов, даңғайыр диқан Кәмшат Дөненбаева… Міне, Қайсар Әлімнің кейіпкерлері өстіп жалғасып кете берер еді. Кейінірек Қойшығара Салғарин, Сейіт Кенжеахметов, Сапабек Әсіпов, Қонысбай Әбілов, Жомарт Әбдіхалық, Қорғанбек Аманжол, Кеңшілік Мырзабеков, Тұрысбек Сәукетай, Жақау Дәуренбеков шығармашылығына «шұқшиды». Шұқшиды дегенде, сар желіспен сыдыртып өткен жоқ, кәнігі әдебиетшідей сөз өнеріне қойылар талап пен таразы тұрғысынан саралап, шамасы жеткенше таптаурын талдаулардан қашып, Қайсар Әлімше пікір топшылады, шығармалардың жетістігіне балаша қуана отырып, кейбір «әттеген-айларды» да «ұмыт» қалдырған жоқ. Сонысымен қаламдас әріптестерін соны шығармалар тудыруға итермеледі, желпіндірді, ең бас-тысы, үн-түнсіз қалған жоқ. Ал, шығармашылық жолдағы әріптестердің үнсіздігі «жағаға жармасқан жаудан жаман».
Қайсекең туралы да талайлардың жылы-жылы лебіз білдіргендерін білеміз. Оларды санамалап жатудың қажеті бола қоймас, жарияланған, тасқа басылған пікірлерді қайталап жату артық. Алдағы жазылатындардан қалам ұштары мұқалмағай! Жет-піс дейді… Дене бітімін тіп-тік ұстап, есек-аяң – жай жүру дегенді басы бүтін ұмытып, келер күндердің күтіп тұрған үлес-бәйгесінен құр қалатындай, қашан көрсең де жүгіре жортып; бір, не жарты сағат уақытын текке өткізбей, суып қалатын жарау ат секілді қаламын жанынан тастамай, қоғам, әдебиет, мәдениет, тіл төңірегіндегі түйткілді мәселелерге дер кезінде үн қатып, күллі қазақ баспасөзін күн сайын бір сүзіп шықпаса бойына ас дарымайтындай мазасыз әм тынымсыз Қайсекеңді қайтіп жетпіске қиярыңды білмейсіз! Әлі де жазамын деген дүниелері ұшан-теңіз. Тыныш отыра алмайды, түк таппаса күнделігін толтырады. Аса ыждаһатты, тыңнан айтылған жарты ауыз сөз де жерде қалмайды. Бәрін ықтияттап жинап, компьютерге көшіріп қояды.
Қаламгердің қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлестері туралы әңгімені қысқаша қорытындылағанымызда, әрине, оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген «Сейілмейтін мұң», «Алашшыл жүрек», «Қос айқай», «Кәусар», «Мекке, Мәдинам менің!», «Сыздамашы, жүрегім!», «Құдай-ау, қайда сол жылдар?!», т.б. кітаптарының орны бөлектігін айтқанымыз абзал.
Міне, қаламға адал, ақ қағаз алдындағы жауапкершілігінің арқасында жазған-сызғандары ел есінде сақталып, тек өзіне ғана тән Қайсар Әлім әлемін қалыптастырды. Осы әлемнің ғұмыры ұзақ болғай!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар