Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алғашқы алтын - АРҚА АЖАРЫ

Алғашқы алтын

Бәсі бөлек бәйге

1994 жылдың 24-ші ақпаны. Норвегияның Лиллехаммер қаласында өтіп жатқан XVII қысқы Олимпиада ойындарының аяқталуына 2 күн қалған. Дүбірлі додаға әлемнің 67 елінен келген 1739 спортшы тартыстың дуын қыздыруда. Әдеттегідей жарыстың соңғы күндерінде сайыстың ең ауыр соқталы түрлері тереңге тұнған шөгіндідей іріктеліп қалады. Соның бірі – шаңғыдан ерлер арасындағы 50 шақырымдық марафондық жарыс.
…Мәре сызығында қаздай тізілген шаңғышылар самсап тұр. Күн әжептәуір көтерілген. Аспанды жабағы бұлт тұтас торлаған, тас жабық. Қылаулаған қар ұшқыны аязды ауаның салқын нұрымен шағылысып, күміс кірпік ине-қылаулар көктен шашырай төгіледі…
Дүрс еткен дүмді белгіден соң аршындап жолға шыққан шаңғышылар тебіні қатты. Ойлы-қырлы, белегір-белесті айнала шапқан олар бар күшін соңына сақтап, сақтықпен таяқ сілтейді…
Жол ортадан ауғанда тұтас топтың шебі бұзылды. Бірнешеуі аламаннан бөлініп алға ұмтылды. Бұлардың көш басында ірі денелі, аяқ алысы ширақ, адымы аршын, жүрісі жылдам, таяқ
тастасы нық, тебіні түз қыранындай біреу кетіп барады. Оның классикалық әдісті әбден меңгергені анық байқалады. Күртігі арылған ақ қардың үстінде еркін қалқиды.
Жарыс жолының 40-шы шақырымы. Манағы сом денелі жігіт қара үзіп арқан бойы алға шықты. Күллі көрермен «Смерка, Смерка, Смерка» деп гулесін кеп. Мынаның шаршайтын түрі жоқ, жол ұзаған сайын қыза шабатын қазанаттай аршындайды. Қарап тұрған жанның қыбы қанады. Сілтейді-ақ екен…
Көмбеге 800 метр қалды. Жалғыз қара демінен жалын бұрқырап, ақ қардың апшысын қуырып, арғымақ жүріспен ағызып келеді. Ақыры қызыл сызықты да қиып өтті-ау. Чемпион! Олимпиада чемпионы. Көкірегін қуаныш кернеген азамат ақ қарды айқара құшақтап жата кетті. Осы бір күнді қаншама күтті. Осы биікті бағындыру үшін қаншама тер төкті. Ақыры дегеніне жетті…
Ақша қарда аунап жатқан арғымақ жігітті ентелеп кеп екі қазақ құшағына алды. Үшеуінің жанарынан тамшылар құлайды. Айқасқан құшақ жазылар емес. Өйткені, бұл бәйге бәсінің орны бөлек. Бұлар кім дейсіз бе? Аламаннан оза шауып, алтын алған ардақты азамат Владимир Смирнов еді. Ал, ана екі қазақ Аманша Ақбаев пен Анатөлі Құлназаров болатын.
Әлем алдында Қазақстан қақпасы осылай ашылды. Нақтырақ айтқанда, тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Олимпиаданың «алтыны» осылай келген болатын.
Аталмыш Олимпиадаға Қазақстан алғаш рет жеке мемлекет ретінде қатысты. Құдай оңдап осы додада ел қоржынына 1 алтын, 2 күміс медаль түсті. Бұл медальдардың үшеуін де шаңғышы Владимир Смирнов салды. Нәтижесінде, біз Франция, Қытай, Ұлыбритания, Украина сияқты спорт алпауыттарын артқа тастап, 12-орынға тұрақтадық. Содан бері 22 жылдан асып барады. Володя бағындырған биікке әлі ешкім шыққан жоқ. Енді қанша жыл күтеміз, ол жағы тағы да белгісіз. Сонымен…
Щучинскіден
Лиллехаммерге дейін

Біз сөз етіп отырған арда азамат Владимир Михайлович Смирнов 1964 жылы 7 наурызда қазіргі Ақмола облысы, Щучинск қалашығында туған. Ата-анасы қарапайым еңбек адамы. Тіпті, спорт атаулыдан хабары жоқ десе де болады.
1976 жылдың қысы еді, 11 жасар Володя ауланың жаңа жауған қасат қарын күреп тастап, үйге кірді. Әдеттегідей төрде тұрған қара теледидарды қосты. Мәссаған, Инсбрук қаласында ХІІ қысқы Олимпиада өтіп жатыр. Содан тікелей трансляция берілуде…
Дүбірлі додаға қазақстандық спортшы Иван Гараниннің де қатысып жатқанын көрген жас бала: «Япырмай, мынадай дүбірлі додаға қазақстандық адам да қатыса алады екен-ау» деген ойға қалады.
Осы ойдың ұшқыны оны шаңғы спортымен айналысуға итермеледі. Сөйтіп, шаңғыға деген құлшыныс пайда болды. 4-сыныпта мектеп чемпионы атанды. 5-сыныпта қала біріншілігін ұтып алды. 6-сыныпта облыстық жарыстардан көріне бастады. Ол тұста солтүстік өңір, яғни, тың өлкесі спортшылары одақтық жарыстарға тіке қатыса беруге болатын заман. Сөйтіп, 8-сынып оқушысы 16 жасар Володя алғаш рет Мурманск облысының Апатиты қаласында өткен КСРО жасөспірімдер біріншілігіне аттанды.
Аталмыш жарыста үздіктер қатарынан көрініп, ауылдасы Владимир Саховпен бірге КСРО жасөспірімдер құрамасына қабылданды. Өрлеу бас-талды… 1979 жылы КСРО жастар құрамасына екі ақмолалық азамат қатар алынды. Бірақ, бұл өте ауыр жылдар еді. Ең қиыны, шаңғышылар мен бапкерлер арасындағы бәсекелестік, көреалмаушылық, қызғаныш оты өршіп тұрған…
1985 жылы Смирнов КСРО ересектер құрамына ауысты. Құрама тек Олимпиада және әлем чемпиондарынан жасақталған. Осы жылы Смирнов алғаш рет әлем чемпионатына қатысты. 15 шақырымға шаңғымен жүгіріп, 16-шы орынға тұрақтады. Бұл чемпионатта КСРО құрамасының ерлер командасы сыпыра жеңілді. Тарихта болмаған жағдай. Ең жоғары орын 8-ші.
Бұған себеп не? Чемпионат толық шыршалай жүріс түрі бойынша өткен. Аталмыш әдіске кеңес шаңғышылары әлі жаттықпаған. Сөйтіп, жеңілген. Ол заманда КСРО-да шыршалай жүріс трассалары жоқ еді. Спортшылар айғыздалған шаңғы жолына үйренген. Осы оқиғадан кейін Владимир шыршалай шабуды (классикалық жүріс) меңгерді. Нәтиже жаман болған жоқ. 1988 жылы Канадада өткен Калгари қысқы Олимпиадасына қатысып, жүлдеге қол жеткізді.

Сәті түскен сұхбат

1991 жылы КСРО құлады. Қиын күндер басталды. Бұрынғы Кеңес Одағының спортшылары елден кете
бастады. Әсіресе, мықты хок-кейшілерді шетелдік клубтар сатып алып жатты. 1992 жылы Францияда өткен XVI қысқы Олимпиада кезінде Одақ спортшыларында ұстап шығатын ту болмады. Осы жағдай Смирновты да айналып өтпеді.
– Владимир Михайлович, сіз 1992 жылғы қысқы Олимпиададан алтын медаль алады деген үміткерлер қатарында болдыңыз, бірақ, үміт ақталмады? Неге?
– Альбервильге дейін өткен Әлем кубогы жолындағы кезеңде жақсы өнер көрсетіп, 9 медаль алып үлгерген едім. Бірақ, менің қуалап жарысудағы рейтингім әлемде 8-ші орында болды. Жарыс теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте өтті. Жаңадан қар жауып, шаңғы жолының жұмсақ болуы менің медальға ілінуіме кедергі келтірді.
– Осы Олимпиададан кейін уақытша Швецияға қоныс аудардыңыз емес пе?
– Менің Швецияға көшудегі себебім, спорттық нәтижелерімді жақсарту үшін еді. Тек шаңғышы дейтін құр атаққа ие емес, нағыз кәсіби шаңғышы болғым келді. Түсінбегендер көп болды. Олар «Смирнов жалғыз өзі не істемек, қатты қателесті», – деді. Бірақ, менің шешімім дұрыс екені дәлелденді.
– Қалай дәлелденді?
– 1993 жылы дәл мен қоныстанған қалада әлем чемпионаты өтті. Осыған қатысып, күміс жүлде алдым. Алғаш мәре сызығын қиып өткен сәтте чемпиондық таблода менің атым жазылып тұрды. 10 минуттан кейін менің фамилиямды өзгертіп, норвегиялық шаңғышы Бьерн Дэлиді чемпион деп жариялады. Мені екінші орынға сырғытып жіберді. 18 сантиметрге ұтылыппын.
– Лиллехаммер Олимпиадасына осы жерде дайындалдыңыз ба?
– Иә. Жоғары деңгейде дайындалдым. Олимпиадаға дейін кубоктық 8 турнирдің 5-еуінде топ жардым. Бірақ, әркез марафондық жарыста ағзада сұйықтық жетіспей қалатын. Өйткені, бұл көп қуат пен күш жұмсайтын қашықтық. 30 шақырымға дейін жақсы жүгірем де, 40 шақырымнан кейін болдыра бастайтын едім. Осыдан арылу үшін арнайы жаттықтым.
– Олимпиада «алтынын» алған сәтті әлі ұмытпаған боларсыз?
– Олимпиада алтынына жету үшін 18 жыл күш жұмсадым. Сол күні таңғы 7.00-де тұрдым да, қарақұмықпен тамақтандым. Себебі, жарыс жолы ұзақ болғандықтан, жақсы тамақтану қажет еді. Сағат 9.00-де үйден шықтым. Жарыс 11.00-де басталды. Жеңіс маған бұйырды. Ол оңай келген жоқ. Көптеген сынақтардан өттім. Сондықтан, бұл жетістік маған аса қымбат.
– Спорттық жолыңызды аяқтаған соң «Владимир Смирнов – человек победитель» атты кітап жаздыңыз…
– Олимпиададағы жеңістен кейін бірден сол сәтті қағаз бетіне түсіріп, кітап жазу ойыма келді. Бірақ, ойлағаныма бірден жете қойған жоқпын. Міндеттерімнен босадым, бос уақыт пайда болды, ойымдағыны іске асыруға кірістім. Кітапта тек қана менің спорттық жолым емес, танымал өзге де атлеттердің сәтті карьерасындағы тәжірибелері мен спортшылардың өмірін беруге тырыстым.

 

 

Қазақстан спортшылары тәуелсіз мемлекеттің құрамасы сапында 1994 жылдан бері қысқы, 1996 жылдан бері жазғы Олимпиадалық ойындарға қатысып келеді. Осы жылдарда олар 6 Олимпиадада жарыс көрігін қыздырды.  Біздің саңлақтарымыз бұл жылдары жазғы ойындарда 19 алтын, 22 күміс және 28 қола, барлығы 69 медаль жеңіп алса, қысқы ойындарда 1 алтын, 3 күміс және 3 қола, жалпысы 7 медальға қол жеткізді. Сөйтіп, екі ойындар жиынтығында 76 жүлдені қоржынға салды. Спортшыларымыз легінде 6 Олимпиадалық ойындарда 7 алтын, 7 күміс және 8 қола, барлығы 22 медаль алған боксшыларымыз, 6 алтын, 5 күміс және 4 қола, нәтижесінде 15 медальды қанжығаға байлаған ауыр атлеттеріміз, 1 алтын, 5 күміс және 11 қола, қорытындыда 17 медаль әкелген балуандарымыз ерекше көзге түсті.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ.

Суретте: Владимир Смирнов XVII қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атанған сәт. 1994 жылдың 24  ақпаны. Норвегияның Лиллехаммер қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар