Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Дарын» жастар сыйлығын иеленген Манарбек - АРҚА АЖАРЫ

«Дарын» жастар сыйлығын иеленген Манарбек

Сәске кезі еді. Ұзын бойлы ақ сары жігіт кабинетке ізет танытып кіріп келді. Жас болса да мінез-құлқында үйренерлік, өзгеге үлгі боларлық қасиет көп екендігі бірден аңғарылды. Әсіресе, ұстамдылығы, ерекше қарапайымдылығы адамды бірден өзіне баурап әкететіні бар. Амандасып жөн сұрасқаннан кейін білдік. Редакцияға қуанышын бөлісе келіпті. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Манарбек Қыдырбайұлы анау-мынау емес, әркімнің маңдайына жазылмаған, уысына бұйыра бермейтін, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атаныпты. Ол аз десеңіз, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ақын-жазушылар арасындағы «Ауылым – алтын тұғырым» конкурсында «Ауыл тақырыбына арналған үздік драматургия» аталымы бойынша жүлделі І орынды жеңіп алып, ақшалай 500 мың теңгені қанжығасына байлаған. Осы бір қос қуанышты естіп, біздің де облысымыздың маңдайалды, талантты жас тарланын құттықтап, сөзге тартып, сұхбаттасуымыздың сәті түсті.

 

Айта кету керек, Манарбек Қыдырбайұлы қазіргі таңда Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Театр, кино және теледраматургия» факультетінің 3 курс студенті. «Мен қазақтың ғажап жазушысы Роза Мұқанованың курсында оқимын!», – деді ол ерекше мақтанышпен. Шынында да,  қаламын қару етіп, жүрегімен жаза білетін жазушы Роза Мұқановамен бәрімізде мақтанамыз.
– Көкшетаудан қол созым жердегі Қонысбай ауылында отбасым тұрады. Ауылдағы орта мектепте оқып жүрген кезден-ақ, әдебиетке қызығушылығым оянды. Менің бойымдағы қабілетімді байқап, сөз өнеріне баулыған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Қайыржанқызына ерекше ризамын, – деп бастады ол әңгімесін. – Орта мектепті тәмамдасымен, Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжіне оқуға түсіп, драма актері мамандығы бойынша оқып, Айжан Оспанованың алдынан тәлім алып, оқу орнын ойдағыдай бітірдім. 2013 жылы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма теат-рына жұмысқа тұрдым. Осында еңбек ете жүріп, әлі де болса білімімді жетілдіру керектігін түсіндім. Сөйтіп, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түстім.   Мереке қарсаңында қол жеткізген жетістіктеріне құтты болсын айта отырып, «осы екі марапат туралы кеңірек айтып өтсең?»  дедік біз де сөзге тартып.
–  Қазақ халқы сан ғасыр армандаған, армандап қана қоймай жан алысып, жан берісіп күрескен тәуелсіздігіне осыдан 25 жыл бұрын қол жеткізді. Иә, дәл сол 1991 жылдың желтоқсанында ақ түйенің қарны жарылып, елім еркіндік алды. Бұл тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Осыны бүгінгі ұрпақ  дұрыс түсінуі керек. Өз басым тәуелсіздік құрдасымын! Сол себепті де егеменді еліме өзімнің сүбелі үлесімді қосуды азаматтық парызым деп білемін.
Астанада өткен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып өткізілген жиын Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұйымдастыруымен өтті. Онда «Әдебиет» аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы Олжас Қасым мен маған бұйырды. Бұл марапат екі жылда бір рет әр салада қызмет етіп жүрген дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр және кино, классикалық ән және қоғамдық қызмет аталымдары бойынша берiледi. Бұған дейін осындай марапатқа біздің облысымыздан ақын Алмас Темірбай ие болған екен.
Жасырары жоқ, драматургия саласында қалам тербеп жүрген жастар некен-саяқ. Драматургия әркімге қамшы салдырмайтын күрделі жанр. Қалай дегенмен де, «талаптыға нұр жауар» демекші, мен де осы салада талпынып, өз қабілет-қарымымды сынап көрмекке «Ауылым – алтын тұғырым» атты ақын-жазушылар арасында өткен республикалық конкурсқа «Кек» атты шығармамды жіберіп, қазылар алқасының шешімімен жүлделі 1 орыннан көріндім. Сөз жоқ, бұл менің қабілет-қарымымды шыңдап, әлі талай тың шығармаларыммен елге танылуыма жол ашады, – дейді ол.
Бойында ізгілікке құштарлығы бар, табиғатынан талантты Манарбектің алар асуы, бағындырар белесі  көп болсын! Оқжетпестің биігіне жыр маржанын қадап, сексен көлдей мөлдір жырларымен ел аузындағы ақын ғана емес, Манарбектің болашақта сапалы да соны, тұғырлы туынды тудыратын қабырғалы қаламгер болып қалыптасуына шынайы тілектеспіз!

Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар