Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев Егіндікөл ауданында болып, мұң-мұқтажымен келген тұрғындарды қабылдады, сондай-ақ, аудан активімен кездесіп, өңірді дамытудағы түйткілді мәселелерді сұрап білді.
Әуелі Мәжіліс депутаты осыдан 44 жыл бұрын салынған аудандық мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Мәдениет ошағына 2011 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Депутат мәдениет үйінің ұжымымен кездесіп, жағдайларын сұрап білді. Мұнда домбыра, гитара, би тәрізді үйірмелер жұмыс істейді. Ұжым облыстық, республикалық деңгейдегі мәдени шараларға қатысып, жоғары биіктерден көрініп жүр.
Одан әрі Жексенбай Дүйсебаев Егіндікөлдегі №12 агротехникалық колледжде болып, оқушылармен және педагогтар ұжымымен кездесті. Колледждің оқу корпустары мен студенттердің жатақханаларын аралап көрді. Ұжымнан өңірді дамытуда кедергі болып отырған кейбір түйткілді мәселелерді сұрап білді. Сумен қамтамасыз ету, жол және жер мәселесі туралы түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, ауданда жастарды жұмысқа орналастыру және мамандар тапшылығын шешуге назар аударды.
Аудан активімен өткен кездесуде Жексенбай Дүйсебаев алдымен еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына абыройлы жеткенін, ең бастысы, тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқанымыздың да сол егемендігіміздің жемісі екенін айтып өтті.
– Біздің мақсат – өңірдегі мәселелерді көтеру. Сол үшін де сіздермен кездесіп, өз ауыздарыңыздан естуге келдік. Ұсыныстарыңыз бен сұрақтарыңыз болса айтыңыздар. Жергілікті жерде шеше алмасақ, мәселені Мәжілісте көтеретін боламыз. Барлық айтылған сауалдар мен ұсыныстарды жазып аламыз, – деді ол.
Сапар соңында Мәжіліс депутаты әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерімен келген аудан тұрғындарына қоғамдық қабылдау өткізіп, сауалдарына құлақ түрді.
Аслан Оспанов.
Егіндікөл ауданы.