Жадырап жаз өте шыққан. Күздің келіп қалғанына қарамастан, бар атырап алтынға оранғандай өзінің әсем көрінісімен жан баласына жылылық сыйлап тұрғандай еді. Ауылда той өтіп жатыр. Өндіріс ауылында сабантой болады дегенді естіп, жақын маңдағы ауылдың өнерпаздары да ағылды. Ән мен жыр шашу болып шашылды. Ол сол тойға әкесімен бірге еріп барған. Сән-салтанаты жарасқан сабантойда әлі бала болса да, ауылдың айтулы өнерпаздарының жанынан шықпай, Арқаның әндері шырқала бергенде елең етіп, балаң жүрегімен барынша ынта-ықыласы ауып, елтіп отырған.
Кенет сахнаға өзінің қалай атып шыққаны да есінде жоқ. Бір тылсым күш оны көп алдына алып шықты. Атақты Балуан Шолақтың әнін айта жөнелді.
Атадан ұл тумайды мендей сабаз,
Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз.
Алты күн-ақ түрмеде қамалған соң,
Түсірді меруайдай маған қағаз, –
деп осы әнді өзінше ырғағына келтіріп орындады. Жұрттың бәрі «бұл Балуан Шолақтың абақтыда шығарған әні емес пе, әнді нақышына келтіріп орындап жатқан қай бала?» деп елең ете түсті. Сөйтсе, бұл ел арасына әділдігімен танылған Болат деген азаматтың Саян деген ұлы екен. Сол кезде «осындай терең мағыналы әнді орындап шыққан мына баланың талғамы жоғары ғой, өзі тегін бала емес көрінді» деген сөздер де естіле бастаған.
Міне, Балуан Шолақтың әнін шырқаған кешегі қара торы бала бүгінде Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжін басқарып отырған білікті басшы Саян Мұхамедияров. Бала кезінен күмбірлі күй мен әуезді әнге ғашық болып өскен ол әкесі Болаттың үйреткен Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса сынды сал-серілердің кең құлашты әндеріне құлағының құрышын қандырып, сол әндердің тарихын жасынан зерделеп, жүрегіне түйіп, түйсіне білді. «Әнші балапан» сынды ән байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрді. Сол бала кезінің өзінде дәстүрлі әнші болсам дейтін асқақ арманы алға жетелейтін.
Содан болар, тоғызыншы сыныпты бітірген соң, қазіргі өзі басқарып отырған колледжге Айнагүл Әубәкірованың күй класына оқуға түседі. Міне, осы қара шаңырақта оның шығармашылық биіктерді бағындыруда, өзін маман ретінде дамытуда мол мүмкіндіктері мен әншілік қарым-қабілеті ашыла бастады. Әсіресе, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, жезтаңдай әнші Бисара Мәкенова бұлақ көзін ашқандай, табиғи дарынын өрістетіп, шәкірті Саянға өнер жолында түзу бағыт-бағдар берді. Шымкент қаласында өткен Әміре Қашаубаев атындағы республикалық әншілер байқауында дипломант атанып, қазіргі күні есімдері алты Алашқа танымал Айгүл Қосанова, Ержан Қосбармақов, Ерлан Стамғазиев, Гүлмира Сарина сынды дәстүрлі әншілермен бір сахнада өнер көрсетіп, шығармашылығын шыңдады. Сондай-ақ, әлемнің он төрт мемлекетінен келген жас дарындармен халықаралық «Шабыт» жастар фестиваліне «халық әні» және «ансамбльде орындау» атты екі номинация бойынша қатысып, жеке орындаушылығы үшін екінші орынды иеленді. Сондай-ақ, «Кербез сұлу» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Біржан салдың «Мақпал» әнін орындап, ансамбльмен үшінші орыннан көрінді. Бұдан бөлек ол Түркия, Ресей, Франция, Прага елдерінде қазақтың қара домбырасымен, кең дауысымен қазақтың өскелең өнерін тамаша таныта білді.
1996 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық мемлекеттік консерваториясының «халық әні» дәстүрлі ән кафедрасына оқуға түсіп, Қазақстанның халық әртісі, атақты әнші Қайрат Байбосынов пен қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Тілеуханнан дәріс алады. Сөйтіп, төрт жыл бойғы олардың ағалық тәлім-тәрбиесімен өнер жолы тазалықты ғана ұнататынын одан сайын көңіліне берік ұялата түседі. Әсіресе, дәстүрлі әнші үшін өз халқының тарихы, салт-дәстүрімен қатар, ұлтқа тән асыл құндылықтарды да әрқашан жадында ұстау керек екенін түсінеді.
Қарт Алатаудың бөктерінде жүріп, «Шіркін-ай, Көкшетауда дәстүрлі ән класын ашсам ғой» деген арманға берілгені содан болар. Оқуын тәмамдаған соң, бірден туған жер төсіне келіп, өзі алғаш тәлім алған өнердің қара шаңырағы – Біржан сал атындағы музыкалық колледжге оқытушы болып орналасып, сол дәстүрлі ән класын ақыры ашады да. Қазіргі күні бұл колледжге дәстүрлі әнші боламын деп келетін жастар көп. Олардың дені ұл балалар. Соларды өнерге баулып жүрген Саян Болатұлы болса, оқытушылықтан, басшылық қызметтен бөлек, өңіріміздегі мәдени іс-шаралардың барлығына белсенді қатысып, әртүрлі шығармашылық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Оның өмірдегі ұстанатын басты қағидасы әйгілі әнші әрі жазушы, марқұм Жәнібек Кәрменовтің «Адам болып келдім өмірге, адам болып өту тілегім» деген ұлағаты. Осы күнге дейін бұл сөзді жадынан шығармай, өзінің де, шәкірттерінің де керегіне жаратып келеді.
Өнер жолындағы ең алғашқы ұстазы Ғабділмәжит Елемесұлы үшінші сыныптан бастап қолына домбыра ұстатқаннан бері әлі күнге қасиетті домбыраны кері ысырған емес. Керісінше, ұлттық ән өнерін жаңғырту жөнінде үнемі шәкірттерін қайрап отырады. Бұл да жас өнерпаздар үшін өнеге екені мәлім. Жастардың дені эстрадаға әуес болған қазіргі заманда ұлттық өнерімізді жаңғыртайық деп бұл салаға жас дарындарды тарту тағылымды іс. Кезінде Алматыда ақбас Алатауға қарап тұрып, Көкшетаудың саф ауасын аңсаушы еді. Енді бар білген-түйгенін сол туған елінің кәдесіне жаратып жүр. Ол Тоқтар Серіков, Мейрамбек Беспаев, «Ұлытау» тобының домбырашысы Ержан Әлімбетов, Қарақат Әбілдина сияқты замандас, курстастарымен қатар өнер саласында өз биігін бағындырған әнші. Жастайынан әкенің ұлағатын жүрекке түйіп өскен. Әкесінің «дүниеде ащы суды татып алма, одан соң қызғаныш деген дерттен аман бол. Өмірде әр адамның бағындырар бір биігі бар. Сол өз биігіңді табуға талпын» деген ұлағатты сөзі, аяулы анасы Мәфрузаның «балам, қашанда аққа құдай жақ болады. Сол себепті адалдығыңа, кісілігіңе сен» деген ақыл-кеңесі өмірлік қағидасына айналған.
Сондай-ақ, ол өз отбасында да асыл жар, балаларына қамқоршы әке. Жұбайы Маржан да өнер адамы. Екеуі қазіргі таңда Мирас, Айғаным, Ибраһим есімді үш бала тәрбиелеп отыр.
Өнер – Алланың пендесіне берген алтын тәжі. Осы өнерді өмірім деп білетін дәстүрлі әнші Саян Мұхамедияров өз жолын адаспай тапқан жан.
Назгүл Рабилова.