«Достар» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланының құрамына кіретін 5510 әскери бөлімінің 25 жылдығына арналған салтанатты шара болып өтті.
Еліміз егемендік алып, еңселі ел болуға ұмтылған уақыттан бастап Үкімет Қарулы Күштерді нығайту бағытында көп жұмыстар жүргізіп келеді. 1992 жылдың қаңтарында «Қазақстан Республикасының ішкі әскерлері туралы» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы қабылданып, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер әскері құрылған болатын. Биыл Ұлттық Ұланның құрылғанына 25 жыл толып отыр.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы «Орталық» округіне қарайтын 5510 әскери бөлімінің командирі, майор Руслан Темірханов әр ер азаматтың парызы Отан алдындағы борышын өтеу және сарбаздық антқа адал болу екендігін айта келе, қатаң тәртіпті ұстанған Ұлттық Ұланның сарбаздары өздеріне жүктелген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтындығын атап өтті. Әскери бөлім сарбаздары қоғамдық тәртіпті сақтауға лайықты үлестерін қосып келеді. Шара барысында мемлекетіміздің бейбіт өмірі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет атқарып жүрген бірқатар әскери қызметшілерге мерекелік төсбелгі тапсырылды.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов әскери қызметшілерді атаулы мерекемен құттықтап, еліміздің тыныштығын қорғап жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді және облыс әкімі Сергей Кулагиннің атынан әскери бөлім қызметкерлері майор Медет Ертайлақов, майор Роман Евсеев, майор Ақбота Махметов, капитан Ерлан Жүсіпбеков, аға сержант Таңат Ысмағұлов, сержант Құралай Есләмоваға Алғыс хаттар табыс етті. Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.