Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сайранның сара жолы - АРҚА АЖАРЫ

Сайранның сара жолы

Сайран Мағзұмовтың кіндік қаны тамып, балалық балдәурен шағы өткен бұрынғы Фрунзе, бүгінгі Абылайхан ауылы Бурабай баурайындағы қаймағы бұзылмаған елді мекен. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері, даңғайыр диқан Құдысбек мінезі қатал, шапшаң адам болатын. Белінен тараған төрт ұлы Еран, Біржан, Сайран, Думанды он жасынан бастап қол шалғыға үйретіп, үйдің барлық шаруасына бейім етіп өсірді. Жалғыз қыздары Маралды мәпелеп, ай жүзіне күн түсірмей бой жеткізді. Осылайша отбасындағы бақытқа, шаттыққа толы күндер бірнеше медаль-ордендердің иегері Құдысбек қария мен аяулы ана Майкамалдың мерейін өсірді.

 

Төрт ұлы «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін, қазақи қағидамен қанаттанып, ер жетті. Тұла бойы тұңғыштары Еран Президент Кеңсесінің лауазымды қызметкері. Біржан мен Думан туған ауылы Абылайханнан аттап басқан емес. Екеуі де жер баптап, мал өсіріп, бірнеше жерлесін жұмыспен қамтып отыр. Орайы келгенде мерейлі отбасы Мағзұмовтардың ортаншы ұлы Сайранға ойысайық. Қашан көрсең де ақшылт жүзінен күлкі үйіріліп, кімді болса да бауырына тартып жүреді ол. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Алматыда танымал бокс-шы, марқұм Қуанышбек Әжіғұлов таныстырып, содан бері дос әрі сырлас болып келеміз. Сайран ол кезде Алматы мал дәрігерлік-зооветеринарлық институтының соңғы курсында оқитын.
Белгілі бокс бапкерлері Жандос Көкімов пен Кентай Ахметовте жаттығып, студенттер арасында орта жеңіл салмақта ел чемпионы, Алматы қаласы біріншілігінің  жүлдегері болды. Осы табыстары үшін спорт шеберлігіне үміткер атағын алған. Институт бітірген соң барған жерінде ауыл балаларын боксқа үйретемін деп армандайтын. Алайда, қолына зоотехник дипломын алып, Щучье ауданындағы «Зеленобор» кеңшарының бөлімше зоотехнигі қызметіне кірісісімен бокс қолғабы шегеге ілінді. Жас маман күні-түні фермада, жайлауда жүрді. Бөлімшеде жұқпалы бруцеллез ауруы дендеп тұрды. Бірден мал дәрігерлік-зоотехникалық шараларды жүзеге асырды. Егу-дәрілеу жұмыстарын жүйелі жүргізді. Нәтижесінде мал шаруашылығы саласы қалпына келе бастады.
Сондай-ақ, Сайран Құдысбекұлы малшы еңбегін түпкі нәтижесіне қарай бағалаудың оңтайлы әдістерін қолданды. Бөлімше зоотехнигінің бұл еңбегін аудан басшылары әділ бағалады. Арада көп уақыт өтпей, ол өзінің туған ауылы Фрунзеге аға зоотехник болып ауысты. Отар-отар қойы бар ауылда еңбек ететіндердің барлығы өзінің аға-апалары, жерлестері «біреудің көзі, біреудің өзі жақсы». Оған ағайыншылық пен қазақылықты қосыңыз. Алайда, жас маман ұжыммен тез арада тіл табысты.
Қойшы ауылдың қам-қарекеті таусылмайды. Әсіресе, қысқы қой қоздату науқанында шопандар мен сақманшыларда тыным жоқ. Өкінішке орай, шопан еңбегі әділ бағаланбай жүрді. Аға зоотехник осы іске араласа жүріп, олардың еңбекақысын біршамаға өсірді. Шопандар әлеуметтік пакетке де қол жеткізді. Осылайша кешегі Құдысбек майдангердің ортаншы ұлы Сайран өзінің сара жолын салды.
Қуаныштысы, оның бұл жолы жемісті де табысты болды. 1985 жылы Көкшетау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұйрығымен Сайран Мағзұмов Чкалов ауданындағы «Амандық» кеңшарына бас зоотехник қызметіне тағайындалды. 40 мыңнан астам қой басы бар кеңшарда директор Төлеген Қонысбаевтың негізгі мамандығы инженер-механик болғандықтан, мал саласының тізгінін толықтай бас зоотехникке сеніп тапсырды. Өзі бас-көз болып, Сайран Құдысбекұлының ойға алған жоспарларына қолдау көрсетті. Өлім-жітімі, ауру-сырқауы тым көбейіп кеткен Жаңадәуір бөлімшесіндегі отарларды жас шопандардан алып, тәжірибелі адамдарға берді.
Етке өткізілетіндерін бөлек, жүнді бағыттағы қойларды бөлек бағуға ұсыныс жасады. Шопандар мен сақманшылар үшін мал дәрігерлік-зоотехникалық қысқа мерзімді курс ашылды. Онда қойды күтіп бағудың, қолдан ұрықтандырудың озық әдістері жайлы Шағалалы қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары дәріс оқыды. Арада көп уақыт өтпей «Амандық» кеңшарында қой қырқудың озық әдісі жайлы облыстық семинар-кеңес өткізілді. Асыл тұқымды жылқы өсіріп, оларды спорттық бағытта баптау жұмыстары қолға алынды. Бас зоотехник Сайран Мағзұмов Ресейден, Қазақстанның Қостанай облысы, Торғай өңірінен асыл тұқымды айғырлар мен сәйгүліктер сатып әкелді. Жүйелі жұмыс нәтижесін берді. Амандықтың аттары талай аламан бәйгенің алдын бермеді. Бұл да бас мал маманының мерейін өсіріп, беделін арттырды.
Сайран Құдысбекұлы «Амандық» кеңшарының директоры болып 1994 жылы тағайындалды. Бұл кеңестік кезең тарап, ауыл-село тарыдай шашылып қалған уақыт еді. Кеңшарда небәрі 30 000 бас қой, 1 000 бас жылқы, 1 200 бас ірі қара мал қалған. Жанар-жағармай, қосалқы бөлшек тек қана айырбасқа, яғни, бартермен алынды. Бұл түсініксіздеу бұлыңғыр уақыт 1996 жылға дейін созылды. Көкшетау облысы тарап, Солтүстік Қазақстан облысына қосылған соң директорлық қызметтен өз еркімен кетті.
Ақмола облысының орталығы Көкшетауға көшірілгеннен кейін  осындағы Экология министрлігіне қызметке тұрды. Қосымша оқыған экономист мамандығы кәдеге асып, Көкшетауда бірнеше жыл бойы салық саласында жетекші жұмыстар атқарды. Қала өмірі жары Айгүлге, ұл-қызына да ұнағанымен, Сайранның көңілі сол баяғыдай дала мен ауылда. Гүлнәрі жоғары білім алып, Астанада қызметте жүр. Ұлы Дархан әке жолын қуып, бокспен айналысып, талай байрақты бәсекелерде жүлдегер атануда. Өмір өзгермей тұрмайды. 2014 жыл да Сайран Мағзұмовтың өмірін күрт өзгертті.
Ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Бурабай аудандық аймақтық инспекциясына басшылық етуге шақырылды. Осылайша ол өзінің жүрегі қалаған мамандығына қайта оралды. Әмәнда Сайран салған сара жол алпысында дара жолға айналып, азаматтың абыройын әлі де асқақтата түсері сөзсіз.
Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар