Сапар аясында Қазақстан Президентінің Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекет қайраткерлерімен, іскер топ өкілдерімен бірқатар келіссөздері, сондай-ақ, Х Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінің жұмысына қатысуы жоспарланған.
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің іскер топтар өкілдерімен кездесті.
Кездесуге әмірліктердің әлемдік деңгейде жұмыс жүргізетін жетекші компанияларының басшылары қатысты.
Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыс аумағындағы негізгі серіктесінің бірі екенін атап өтті. Нұрсұлтан
Назарбаев тәуелсіздік алғаннан бері елімізге Біріккен Араб Әмірліктерінен келген тікелей инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтағанын айтты.
Қазақстанда әмірліктер капиталының қатысуымен 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олар ауыл шаруашылығы, металлургия және энергетика салаларын қамтиды.
Қазақстан Президенті Астанада жалпы құны 1,6 миллиард доллар болатын «Абу Даби Плаза» екі жақты ірі инвестициялық жобасы іске асырылып жатқанын ерекше атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі жақты келіссөздер аясында «Астана ЭКСПО – 2017» мен «Бюро
ЭКСПО Дубай 2020» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтіп, «жасыл» энергия немесе баламалы және жаңартылатын энергия саласы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерімен арада табысты ынтымақтастық орнайды деп үміттенетінін жеткізді.
Елбасы Бішкектегі ұшақ апатына байланысты көңіл айтты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Қазақстан Президенті Бішкек түбінде болған ұшақ апаты туралы және оқиға салдарынан көптеген адамдардың қаза болғаны жайлы хабарды қайғыра қабылдады» делінген хабарламада. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының атынан және жеке өз атынан қаза тапқандардың жақындары мен туған-туыстарына, сондай-ақ, қырғыз еліне көңіл айтты.
Қырғызстанда 17 қаңтар Қаралы күн деп жарияланды.
Бұл туралы ел Президентінің жарлығы шыққан. «Манас» әуежайына қонар кезде құлаған Boeing 747 жүк ұшағы Turkish Airlines компаниясына тиесілі болған. Гонконгтан ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортында екі ұшқыш пен техникалық жұмысшылар бар болып шықты. Ұшақ саяжай аумағына құлап, осының салдарынан қаза болған саяжай тұрғындарының саны 35 адамға жеткен. Олардың алтауы бала.
Inform.kz.