М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын насихаттау, жас ұрпақтың поэзияға деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттыру мақсатында облыс орталығындағы бірқатар орта мектеп оқушыларының қатысуымен «Толқын» атты поэзия кеші болып өтті.
Өнертанушы, жыршы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жұмабай Есекеев ақиық ақынның «Оқжетпестің қиясында» поэмасынан үзінді оқыса, әнші, композитор Иран Тасқара М.Жұмабаевтың «Сағыныш» және «Сүй жан сәулем» атты өлеңдеріне жазылған төл туындысын нақышына келтіріп орындап берді. Сондай-ақ, Иран аға ақынның «Сүй жан сәулем» деген өлеңін орыс тіліне тәржімаласа керек. Сол өлеңді осы кеште оқырмандарға оқып, көпшілік тарапынан жақсы баға алды. Көкшетау қаласындағы №6 орта мектеп оқушылары Мағжанның «Мен жастарға сенемін», «Толқын», «Көкшетау» тағы басқа жүрек қылын шертетін сырлы лирикалық өлеңдерін мәнерлеп оқып, адам жанын сөз жеткізсіз сұлулыққа бөледі. Әдеби кеш барысында ақынның немере келіні Шекер Өмірбекқызы сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылары, әдебиеттанушы, ғалымдар Аманжол Ыдырысов пен Сәбит Жәмбек Мағжан Жұмабаевтың шығармаларына кеңірек тоқталып, жиналған оқушы қауымның білімдерін тереңдете түсті.
Әдеби кеш барысында оқу залы секторының кітапханашысы Мәдина Балтабекқызы «Ақиық ақын – Мағжан» атты кітап көрмесіне шолу жасады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.