Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халқының қалаулысы еді - АРҚА АЖАРЫ

Халқының қалаулысы еді

Жүйткіген жүйрік уақыт тоқтауды білмейді. Күні кеше арамызда жүрген аяулы азамат Кентай Күшәйірұлы Хасеновтың өмірден озғанына да біраз уақыт өтті. Көзі тірісінде зор құрметке ие болып, депутаттық парызын абыроймен атқарған, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, қоғамдық өмірге белсене қатысқан ағамыз өкінішке орай, өмірден ерте озып кетпегенде, бүгінгі күні қазыналы қария жасы – жетпіске келуші еді.

Ауданымызда енді ғана құрылған жаңа өкілетті орган – бірінші шақырылған  мәслихаттың тізгінін ұстап, оның хатшысы болған Кентай ағамыз өз өкілеттілігін асқан жауапкершілікпен орындап, өңірдің дамуы  үшін зор еңбек сіңірді.
Зерендінің тумасы болып кеткен абзал азамат жайлы айтар болсақ, ол 1947 жылдың 22 қаңтарында бұрынғы Көкшетау ауданының Қараөзек ауылында дүниеге келді. 1969 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң, өзінің еңбек жолын «Зеренді» кеңшарында агроном болып бастады. 1969-1970 жылдар аралығында Отан алдындағы әскери міндетін атқарды. Одан соң Зеренді ауданындағы Айдабол аудандық арнайы мамандандырылған шаруашылық бірлестігінде аға агроном,  22 партсъезд атындағы кеңшарда бас агроном болып абыройлы қызмет етті.  Атап айтқанда, осы өңірлерде астық шығымдылығын біршама арттыруға септігін тигізді.  Жұмысын жақсы істеп, көзге түскен Кентай ағамыз бұдан кейінгі жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтеріне дейін көтерілді.
1990-1993 жылдары халық депутаттары Зеренді аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары, одан кейін төрағасы болып сайланды. 1994 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық мәслихаттың хатшысы болып абыройлы қызмет атқарды. Жалпы алғанда, Кентай Хасенов төрт бірдей шақырылымның депутаты болды. Сайлаушылардың оған мұндай ұзақ мерзімге сенім білдіруі тектен-тек емес еді.  Ол жұртшылықтың осы сенімін ақтап, өзіне жүктелген аманатты абыроймен орындай алды.  Оның еңбексүйгіштігі, өз міндетіне деген адалдығы мен жауапкершілігі,
аудан тұрғындары мен сайлаушылардың көкейкесті мәселелерін шешудегі ерік-жігері  мәслихаттың өзінің және барлық депутаттардың беделін көтеруге зор  септігін тигізді. Кентай ағамыздың қабылдауына келген кез келген адам ол кісінің адаммен қарым-қатынастағы жоғары мәдениеттілігіне, кішіпейілділігі мен қайырымдылығына дән риза болып кететін, өйткені, бәріне де қолдан келгенше көмектесіп, жылы сөзімен шығарып салатын. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетінен, өмірлік тәжірибесінің көптігінен болар, мәселені  айқын болжап, оны шешудің жолдарын дәл таба білетін қасиеті бар еді.
Осылайша Кентай Күшәйірұлының өмірден озғанымен, соңында жақсы істері қалды. Тағдырға не шара?! Бүгінде Кентай ағамыздың өмірлік жан серігі Торғын апамыз зейнет демалысында, немерелерінің сүйікті әжесі. Аяулы қызы Данагүл жоғары оқу орнын  тәмамдап, қазір өз ісінің білгір маманына айналған. Әріптестері арасында әкесі сияқты сыйлы.  Отбасында  Ақназар, Інжу атты сүйкімді балалары өсіп келеді.
Еліміз тәуелсіздігін алған кезде құрылған өкілетті орган – мәслихаттың қалыптасып, жаңару кезеңдерінде халық қалаулысы  атанып, осы өкілетті органды көп жылдар бойы іскерлікпен басқара білген, сөйтіп, ауданымыздың дамуына үлкен үлесін қосқан халқымыздың айтулы бір перзенті Кентай Күшәйірұлы Хасеновтың жарқын бейнесі жерлестерінің есінде ұзақ сақталары анық.
Қайрат АУҒАЛИЕВ,
Зеренді аудандық мәслихатының хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар