«Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалының және қалалық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Бурабай» спорт сарайында тоғызқұмалақтан мемлекеттік қызметшілер арасында жарыс болып өтті.
Қазақтың ұлттық ойынына 16 мемлекеттік қызметші қатысып, жақсы өнер көрсетті. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зәуреш Нұрымова тоғызқұмалақтың ақыл-ойды дамытатын интеллектуалдық ойын екендігін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақ қазір шетелдерде де қарқынды дамып келеді. Мәселен, көршілес Қырғызстанда мектеп оқушылары арасында «Тогуз-коргоолдан» деген арнайы олимпиада өтсе, Қарақалпақстан мен Қытайда ұлттық ойынымыз туралы кітаптар шығып жүр.
Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасынан суырылып алға шыққан Амангелді Рыспамбетов бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Азамат Әбілғазинге берілсе, үшінші орынды Әбілғазы Әбсалам иеленді. Ал, әйелдер арасынан бірінші орын ойлы ойын көрсеткен Назерке Әуезбекке, екінші орын Айман Сейітоваға бұйырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.