Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баянғали Әлімжановтың он екі томдық шығармалар жинағы - АРҚА АЖАРЫ

Баянғали Әлімжановтың он екі томдық шығармалар жинағы

Жуырда есімі алты Алашқа мәлім белгілі ақын-жазушы, жыршы-жырау, манасшы, жерлесіміз Баянғали Әлімжановтың он екі томдық толық шығармалар жинағы жарық көрді. Оның алғашқы үш томы 2015 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан жарық көрсе, қалған тоғыз томы өткен жыл мен осы жылдың басында Көкшетау қаласындағы «Келешек-2030» баспасында басылып шықты.

Бұл – қырық жылдан астам баспасөз, әдебиет салаларында тынбай қалам тартып келе жатқан дархан дарынның өз оқырмандарына, жалпы, кітапсүйер қауымға тарту етіп отырған үлкен бір сыйы. Күннен-күнге, айдан-айға, жылдан-жылға ұласқан осыншама қомақты еңбек, көлемді шығармалар легі әрине, бір өзінде бірнеше талант қыры жарқырай көрінген бесаспап жыр жүйрігі, білікті проза, журналистика шебері, айтыскер ақын, драматургия майталманы, киносценарийшінің бойындағы ерекше қабілет-қарым мен үздіксіз маңдай тердің толымды өтеуі болса керек.
Қаламгердің тілеулестерін де қуантатыны осы жағы. Бұған Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жазушымен өткен жылы жүздесу де айқын айғақ боларлықтай еді. Бұл күні Астанадан Көкшетауға арнайы ат басын тіреген қаламгер осы кітапханаға өзінің баспадан жаңа шығып жатқан он екі томдық шығармалар жинағының бірнеше жиынтығын сыйға тартты. Кітапханаға тарту етілген кітап шын ниетпен халыққа да ұсынылған кітап екендігін ескерсек, Баянғали ағамыздың бұл білгендігіне де көңіліңіз марқая түседі. Сол арада абзал азамат осы көп томдық шығармасын облыс орталығындағы қазақ оқу орындарының қара шаңырағы – Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжіне сыйлауымен бірге, облыс өмірінің айнасы, бір ғасырлық тарихы бар «Арқа ажары» газетінің редакциясына да өз қолтаңбасымен тарту еткеніне зор ризашылығымызды білдіреміз.    
Ал, енді жерлес қаламгердің осынау көп томдық шығармаларының ретіне келсек,  оның бірінші томына ертеректе жазылған өміршең өлеңдері мен поэмалары, ал, екінші томына бірқатар облыстық, республикалық театрлардың сахналарында қойылып,  талғамы биік көрерменнен өзінің жоғары бағасын алған таңдаулы пьесалары енгізілген. Шығармаларының үшінші томына прозалық туындылары топтастырылса, оның дені «Хикматтың қиссасы» сияқты озық сатиралық хикаяттарынан тұрады. Сан қырлы талант иесінің көп томдығы осылайша, төртінші томы – бертін жазылған өлең, дастан, толғаулары, ән сөздері, бесінші томы – тарихи драмалары, комедиялық пьесалары мен балаларға арналған пьесалары, алтыншы томы – өзі 216 рет шаршы топта бақ сынаған айтыстарының бүгінгі күні сақталып қалған нұсқалары, жетінші томы – арнау өлеңдері мен ел айызын қандырған «Деген екендері», сегізінші томы – ата-аналар, мұғалімдер мен тәрбиешілер тарапынан жоғары бағаға ие болған балаларға арналған өлеңдері мен әңгімелері, пьесалары, тоғызыншы томы – бұрын ешқайда  жарияланбаған киноповестері мен әңгімелері, оныншы томы – орыс тілінде жазған шығармалары, он бірінші томы – өзі туған өңірінің, еліміздің белгілі тұлғалары, жақсы-жайсаңдары туралы ой-толғаныстары мен деректі әңгімелері, он екінші томы – әр жылдары газет-журналдарда, кітаптарда жарық көрген жазушының өмірі, шығармашылығы жайындағы көптің пікірлері мен рецензиялары, әдеби портреттер мен зерттеу мақалалар болып кете береді.
Бұл арада, жазушының соңғы жылдары әдеби ортада екі тілде бірдей жазатын қаламгер ретінде де таныла түсу екінің бірінің қолынан келе бермейтін өзіндік бір құбылыс деп бағалауға тұрарлық жағымды жаңалық екенін де айта кетпей болмайды. Осы тұрғыда жер бетіндегі мәңгі бітіспес майдан болып келе жатқан шындық пен қорқаулықтың, әділдік пен жалғандықтың ара-жігіне бойлауды мұрат тұтқан «Разрешите жить!» повесі және  қазақ ауыз әдебиеті мен аңыздарының негізінде жазылған «Абылай хан и его батыры» повесінің мазмұны мен көркемдік сыр-сипатында да қаламгердің бойына тәңірім әріден берген тума талантының қайнар көзі жатыр.
Осылай дегенде, жасөспірімдер мен балаларға арналған соңғы повесть-аңызында автордың орыс тілді оқырманға туған халқының өршіл рухы мен қайтпас қайсар мінезін дәл жеткізе түсуі үшін Шоқан Уәлиханов, Шәкәрім Құдайбердиев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, тағы басқа да ғұламаларымыздың еңбектеріне арқа сүйеп, көп ізденістерге барғандығын еске сала кеткен ләзім.
Сонымен, бүгінгі қазақ әдебиеті мен киносында тыңнан өз жолын салып, тынымсыз тер төгумен келе жатқан жерлес жазушы Баянғали Әлімжановтың көп томдық шығармалар жинағы облыстық кітапхананың кітаптар қорын толықтырумен бірге, оқырмандарға да жол тартты. Талантты тұлғаның қолынан шығып, сан жанрды қамтыған бұл туындылар жазушының бұған дейінгі кітаптары сияқты, бұл жолы да Баянғали Әлімжанов әлеміне бойлаймын деген әрбір адамның нағыз жан азығына айналып, үлкен олжа саларына шүбә жоқ.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар