Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көше тазалығына алаңдаған қария - АРҚА АЖАРЫ

Көше тазалығына алаңдаған қария

Бірде моншада біреулер мінезі қызық қария туралы әңгіме айтып отырды. Алғашында онша мән бермегенмін. Кейін ол кісі жайында тағы да біраз адамдардың пікірін тыңдадым.

Бірақ, ести келе әлгі қарияның кейбіреулерге оғаш көрінген қылығы мені қызықтыра түсті. Зейнеткер шал күйеуі қайтыс болған, екі баласы бар қызымен тұрады екен. Кісілердің айтуынша, шал күнде ертемен үйден қабын қолтығына қыстырып шығып, жол жиегіндегі жатқан қоқыстарды жинайтын көрінеді. Қабы қоқысқа толған соң оны апарып қоқыс жәшігіне тастайды. Күндегі әдеті осы. Бұл жұмысы үшін оған ешкім көк тиын төлеп жатқан жоқ. «Мұныңыз не?» деп сұрағандарға «таза ауа жұтып көшеде жүрген денсаулыққа жақсы, оның үстіне айналаны қоқыстан тазартып, пайдалы іс істеймін» дейтін көрінеді. Ақша алмай, аула сыпырушылардың жұмысын атқаратын қарияның қылығына жұрт «алжыған» деген секілді көзқараспен қарай бастапты.   
Бірақ, мен бұған келісе алмадым. Тіпті, кәстөм-шалбар киіп, галстук тағып, шіренгендердің темекілерінің тұқылын көрінген жерге тастап кете беретінін күнде көріп жүреміз. Аялдама алаңына, көше жиегіне қараңызшы. Темекі тұқылдары мен басқа да қажетсіз болып қалған заттардан көз сүрінеді. Рас, күнде таңертең аула сыпырушы бір рет жинап, сыпырып алады. Бірақ, кешке дейін айнала тағы қоқысқа толады. Ал, сыпырушының аяғы баспайтын тасалау жерлерде қоқыс айлап, жылдап үйіліп жатады. Сондайларға көзің түскенде, қоқыстың ортасында тірлік кешіп жатқандай сезінесің. Ал, сонда адам аяғы барыңқырамайтын жерлердегі үйілген қоқысты тазартып, айналаның тазалығын сақтауға үлесін қосып жүрген қарияның қылығы қалай «алжығандық» болмақ?
Жапонияда болып қайтқан бір танысымнан мынадай әңгіме естігенім бар. Ол айтады, қала көшелерінде аяқ асты болып жатқан қоқыс, не басқа зат көрмедім деп. Көше сыпырушылар үнемі тазартып отыратын болар дейін десе, біздегі сияқты көше тазартып жүрген жұмысшыларды да кездестірмепті. Содан бұл жайдың сырын білгісі келген әлгі танысым бірде дүкеннен алған сусынын ішіп, құтысын жағажолға тастайды. Өзі әрірек барып орындықта әдейі қарап отырады. Сәлден кейін жағажолмен жүріп келе жатқан егделеу жапон жол жиегінде тұрған құтыны көріп, оны көтеріп алады. Содан ерінбей әріректе тұрған қоқыс жәшігіне апарып тастайды. Сөйтсе, жапондар өздері көшеге қоқыс тастамайтыны өз алдына, көшеде жатқан қоқыс көрсе, оны апарып қоқыс жәшігіне салады екен. Міне, мәдениеттілік деген! Әрине, ондай мәдениетті сананы қалыптастыру үшін бізге көп жылдар қажет болар, қалыптастыра да алмаспыз. Десек те, арамызда әлгі қария сияқты бірлі-жарым болса да, жапондық мәдениетті санаға сіңірген жандардың барлығы қуантады.
Әлгі жұрт айтқан шалды кейінірек бір-екі рет сыртынан мен де көрдім.  Басына спортшылардың шәпкісін, үстіне жеңіл күрте киген қария жол жиегіндегі қоқыстарды теріп, қапқа салып, кетіп барады екен. Өзім тұратын Уәлиханов көшесінің арғы жақ жиегімен қоқыс терген қария көзге көрінбей алыстап кеткенше, соңынан ризашылықпен қарап тұрдым. Зейнеткермін деп үйде текке жатпай, таза ауада жүріп, денсаулығын бір нығайтса, жол жиегіне жұрт тастап кеткен қоқыстарды жинап, қоршаған орта тазалығын сақтауға және үлесін қосып жүрген ақсақалдың  мұнысы жастарға да, бүгінде қария деген атқа лайықсыздау теріс қылықтар жасап жататын  қарттарға да үлгі боларлық жай емес пе?!  Жұрттың бәрі осы қария сияқты қоршаған орта тазалығына жанашырлықпен қараса, елді мекендеріміз тазарып, көңіліміз жадырап қалары сөзсіз-ау.

Қалкөз ЖҮСІП.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар