Целиноград ауданында өткен 1-інші азаматтық форумда өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың қоғамда алатын орны мен рөлі, атқарып жатқан жұмыстары талқыланды.
Ауданда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған азаматтық форумға 11 үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып, шараны аудан әкімінің орынбасары А.Айтқожинова жүргізіп отырды. Мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары бір диалог алаңында бас қосып, қоғамдық мәселелерді бірге талқылады. Бұл «үшінші сектордың» маңызы артқандығын айқын аңғартады.
Бүгінде ауданда 20 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олар аймақтағы экология, әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, гендерлік қарым-қатынас, адам құқығын қорғау және тағы басқа да қоғамдық маңызы зор салалар бойынша жұмыс істейді.
Форум барысында үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстарында түйткілді мәселелердің көп екендігі айтылды. «Нұр ғасыр – 2050» қоғамдық қорының төрағасы А.Төреқұлов бес институционалдық реформаны жүзеге асыру барысында үкіметтік емес ұйымдардың маңызы зор болып отырғандығына назар аударып, бұл мәселені кеңінен қарастыру қажеттігін ұсынды. Бұл салада әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша білімді де білікті мамандар қатары көп.
Аудандағы «Болашақ» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның төрағасы А.Қапанов. Бірлестік бес жыл бойы өңірдегі мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелерін ретке келтіріп келеді. Ауданда мүгедектердің саны 1123 адам. Оның 117-і он алты жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар. Сондықтан, бірлестік төрағасы әлеуметтік дүкен ашуды жоспарлап отыр. Бұл дүкенде дөңгелек жөндеу, тігін, пластикалық терезелерді құрастыру цехтары мен компьютерлік қызметтер көрсететін орындар да болады дейді ол. Басты ерекшелігі, онда тек мүмкіндігі шектеулі жандар ғана жұмыс істейді. Сол сияқты, «Батыр» қоғамдық бірлестігі халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек және қолдау көрсету үшін құрылған. Бұл бірлестік түрлі дертке ұшыраған мүгедек балалардың құқықтарын қорғау мен оларды қолдау, ауылдарда тұрып жатқан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың шығармашылық дамуына қол ұшын беру, оларды зияткерлік, адамгершілік, психологиялық, рухани жағынан дамыту, қазіргі заманға бейімделуіне қол ұшын беру бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Ұйымның төрайымы А.Болатованың мәлімдеуінше, мүгедектерге арналған жеке тұлғаны дамыту орталығын ашу жоспарлануда. «Ауылда тұратын балалардың білім алуға жете қол жеткізе алмайтындығы олардың дамуына және шығармашылығына кері әсерін тигізеді» – деді ол.
Шара соңында азаматтық қоғам өкілдеріне мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, өз жұмыстарын жетілдіруге тапсырма берілді, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың белсенді мүшелеріне аудан әкімі атынан Алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Целиноград ауданы.
Суретте: форумға қатысушылардың бір тобы.