Аудан орталығында мемлекеттік қызметшілердің, кәсіпорын-ұйым, мекеме басшыларының қатысуымен өткен қысқы спартакиада Алматы қаласында өтетін ХХVІІІ дүниежүзілік қысқы Универсиадаға арналды.
Шараның мақсаты – елімізде бұқаралық спортты қолдап, дамытуға атсалысу және салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау. Спартакиаданың ашылу салтанатында аудан әкімі Қуандық Испергенов қатысушы спортшыларға жауынгерлік рух пен сәттілік тіледі.
Мемлекеттік қызметшілердің қысқы спартакиадасының бағдарламасына қысқы президенттік көпсайыстар енгізілген. Олардың ішінде ерлер мен әйелдер арасында көлденең тартылу, конькимен жарысу, дартс ойындары бар. Сайыс Балуан Шолақ атындағы алаңда өтті. Оған он бір селолық округ пен аудан орталығынан жеті ұйым, барлығы – 18 команда қатысты.
Ерлер арасында президенттік көпсайыс бо-йынша бірінші, екінші орындарды Вознесенский және Карамышевский селолық округтері иеленді, үшінші орын Макинск қаласының ерлер командасына бұйырды. Әйелдер арасында президенттік көпсайыстан бірінші орынды Макинск қаласының командасы жеңіп алды, екінші орынды Капитоновка селолық округінен келген спортшылар, үшінші орынды аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі еншіледі. Сондай-ақ, конькимен жарыстан және дартстан да жеңімпаздар анықталды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы грамоталармен, медальдармен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бұланды ауданы.