Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жиырма бес жылдың асуында - АРҚА АЖАРЫ

Жиырма бес жылдың асуында

Облыс орталығының іргесіндегі Застанционный (бұрынғы Көкшетау-2) кентіндегі біздің жаңа орта мектептің ашылғанына 25 жыл толды.

Жалпы, бұл темір жол стансасында білім ордасы 1958 жылдан бері бар. Жаңа мектеп  елді мекендегі білім беру  ісінің сапасына көп жақсы өзгеріс әкелді. Оқушылар үш қабатты, кең ғимаратта қысылып-қымтырылмай оқитын болды. Мұғалімдердің еңбек етуіне де дұрыс жағдайлар қарастырылған. Мектебімізде қазір 416 оқушы оқиды. 25 жылда әрине, қиындықты да, қуанышты да басымыздан кештік. Мектеп қабырғасында әр жылдары  көп мұғалімдер жұмыс істеді. Алтынай Есләмбекқызы Оспанова 18 жылға жуық осы білім ордасының директоры болды. Бұл еліміз тәуелсіздік алған 90-ыншы жылдармен тұспа-тұс келіп, көп ауыртпалықты еңсеруге  тура келді. Алғашқы  қазақ сыныбы да сол уақытта ашылды. Алтынай Есләмбекқызы өзінің парасаттылығымен басқа қиыншылықтарды жеңу өз алдына, мемлекеттік тілге де көңіл бөліп,  бұрын орыс тілінде білім берген мектепте қазақы ортаны қалыптастыра білді.
Сол сияқты, Роза Мусина, Людмила Бирюкова, Жібек Молдахметова, Ирина Евсеева, Светлана Порох сияқты ардагер  ұстаздар  білім мен тәрбие ісіне көп еңбек сіңіріп,  лайықты қолтаңбаларын қалдырды. Бұл ұстаздардың көбі қазіргі уақытта зейнет демалысында болғанымен, мектеп қабырғасында әлі еңбек етіп жүргендері де бар.
Жалпы, біздің №7 орта мектебі оқу-тәрбие жұмысын дұрыс жолға қоюының нәтижесінде соңғы бес жылда 6 «Алтын белгі», 3 үздік аттестат иегерін үлкен өмірге түлетіп ұшырған білім ордасы. Ол ұл-қыздарымыздың бәрі еліміздің медициналық  академиялары, аграрлық университеті секілді іргелі жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Алды жоғары білім алып, ел игілігі жолындағы еңбекке де араласып жатыр.
Мектебіміз жаңа ғимаратқа көшкен ширек ғасыр ішінде облыс, Көкшетау қаласының  білім беру саласындағы жетістіктеріне аз да болса, өзіміздің лайықты үлесімізді  қостық деп ойлаймыз. Жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеуде ойлағандай балл жинап, көрсеткішіміз өсумен келеді. Қалалық, облыстық  және республикалық пән олимпиадаларында жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Әсіресе, оқушыларымыздың еншісінде қазақ тілі, тарих, география, биология пәндерінен жақсы нәтижелер бар. Айталық, биыл оқуға түсіп кеткен Ирина Петченко деген шәкіртіміз қазақ тілінен, Ыдырыс Абдолла, Назерке Пошанова деген шәкірттеріміз тарих, орыс тілінен облыстық пән олимпиадаларында ерекше көзге түсті.
Бүгінгі таңда заман талабына орай білім берудің жалпы мазмұнына дейін жаңартылып жатқанына көзіміз жетіп отыр. Бірінші сынып оқушылары жаңа жүйе бойынша оқытылуда. Жаңа үлгідегі өзіміз алған бес кабинет, соның ішінде информатика мен химия кабинеттері материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайта түсуімізге септігін тигізіп отырған жайы бар. Бұған мектепте білім беретін мұғалімдердің 67 пайызының жоғары және бірінші санатты ұстаздар екендігін ескерсек, осы орайда әлі де жоғары нәтижелерге жетуімізге мүмкіндік мол.
Мектебіміз жалпы алғанда, кенттегі мәдени-тәрбие жұмыстарының орталығына айналып отыр. Балалардың ой-өрісін дамытып, күш-жігерін шыңдайтын көптеген үйірмелер жұмыс істейді.
Тағы бір атап өтерлігі, Бейбіт Әйтімұлы Жүсіповтің басшылығымен Көкшетау қалалық оқу бөлімі педагогтардың тактикалық-әдістемелік деңгейіне көп көңіл бөлуде. Білім бөлімінің басшысы материалдық-техникалық базамыздың нығайтылуына ғана назар аударып қоймайды, сонымен бірге, мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін арттыру мәселесін де жіті бақылауда ұстайды. Бірнеше рет мектебімізде болып, өзекті мәселелерге баса мән беріп, көмек-қолдау көрсетуі дәстүрге айналған.  
Осының бәрін ескергенде, мектеп  алға қойылған міндеттерді шеше отырып, уақыт талабымен бірдей қадам басып келеді деп ойлаймыз. Бір кездегі орыс мектебі мемлекеттік тілдің дамуының арқасында аралас мектепке айналып, әрі қазақ сыныптары басымдыққа ие болып отыр. Мәселен, қазір
1 сыныптан 9 сыныпқа дейін орыс сыныптары бар болса,  қазақ сыныптары 1-ден 11 сыныпқа дейін бар. Мектебіміздегі 416 баланың 250-ден астамы қазақ сыныптарында оқиды. Биылғы оқу жылында мектеп алдындағы даярлық сыныбынан бастап, бір қазақша, бір орысша сыныптар ашылған. Мектеп жанындағы «Бота» шағын орталығында  
50 бүлдіршін тәлім-тәрбие алуда.
Бір қуаныштысы, мектебімізде қазіргі уақытта алға қойылған міндетті шешетін білікті кадр-лар бар. Әдістемелік жұмыстар тұрғысында  ілгерілеушілік көзге айқын көрінеді. Осының бәрі ардагер ұстаздарымыздың сіңіріп кеткен еңбегі. Олар қиын-қыстау кезеңде білім ордасын сақтап қана қоймай, өздерінің орнын басатын лайықты ізбасарлар даярлап кетті. Осыдан 25 жыл бұрын пайдалануға берілген, ел тәуелсіздігімен бірге жасап келе жатқан жаңа мектеп ғимараты оқу-тәрбие жұмыстарына көп жеңілдік әкелгендігін жоғарыда айттық. Мектебімізде жақсы жабдықталған асхана, спорт залымыз бар. Қазір сырты әдеміленіп қоршалып жатыр. Осындай қолайлы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде жаңа биіктерге ұмтыла береміз деген сенімдеміз.
Сайран ШӘКІРОВА,
Сәуле БАБЫЛОВА,
№7 орта мектеп директорының оқу-тәрбие
 жұмыстары жөніндегі орынбасарлары.

Застанционный кенті,
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар