Шойындыкөл, Жаңадала және Бірсуат ауылдық округтерінің әкімдері тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жылдың мақсат-міндеттері жайында баяндады және жұртшылықты толғандырған түйткілді мәселелерге қатысты сауалдарға жауап берді.
Бірсуат ауылдық округінің әкімі Орманбек Досжановтың есебіне сүйенетін болсақ, бұл елді мекенде 182 отбасын құрайтын 611 адам тұрады. Олардың 121-і қосалқы шаруашылықпен айналысса, 102-сінің үйлерінің жанында бау-бақшалары бар көрінеді.
Ауыл аумағында 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 16 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Тұрғындардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Ауыл тұрғындарын «Интернационал-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Судың 3 текше метрі – 320 теңгеден. Серіктестік сонымен қатар, ауыл көшелері мен тас жолдардың күтімі мен тазалығын да мойындарына алған. Оларға бұл қызметтері үшін жыл сайын бюджеттен қаржы бөлініп тұрады. Сондай-ақ, ауылды абаттандыру жұмыстары да осы серіктестікке беріліпті. «Луч» және «Сания» шаруа қожалықтары да ауылды қоқыстан тазартуға көмектесіп тұрады.
Округте «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымы жұмыс істейді. Партия ұйымының мүшелері ауылдың қоғамдық өміріне белсене қатысып, ауылды абаттандыру және көркейту жұмыстарына назар аударады, тұрғындардың түрлі мәселелер бойынша өтініштерін қарап, консультациялық кеңес береді. Сонымен қатар, ауылдық округте жеті қоғамдық ұйым бар. Олар: ата-аналар комитеті, ақсақалдар, әлеуметтік-экономикалық даму, әйелдер мен жастар істері, әлеуметтік және құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңестер, спорт федерациясы. Бұл қоғамдық бірлестіктер ауылда мәдени шараларды өткізу, жастарды тәрбиелеу, әйелдер құқын қорғау және басқа да туындаған түрлі мәселелерді шешу барысында ауылдық округ әкіміне көмектесіп, кеңес беріп отырады. Мұндай қоғамдық бірлестіктер Шойындыкөл, Жаңадала ауылдарында да бар.
Бірсуаттағы медициналық пункт, кітапхана сияқты бірқатар әлеуметтік нысандар «Интернационал-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғимаратында орналасқан. Ауылдағы мерекелік және демалыс шараларын ұйымдастыру осы серіктестіктің демеушілігімен жүзеге асырылады.
Округке қарасты Фурманов орта мектебінің жанында спорт зал жұмыс істейді. Онда ауыл жастары спорттық секцияларға қатысады.
Жұртшылық әкімнің баяндамасынан кейін жыл сайын көтеріліп келе жатқан Бірсуат-Державинск бағытындағы автожолды жөндеу, ауыз су құбырларын тарту қажеттігі туралы мәселелерді қозғап, оны биылғы жылы шешіп берулерін өтінді. Бұл жай Шойындыкөл ауылдық округінің тұрғындарының да бас қайғысына айналып отыр. Ондағы тұрғындар да Шойындыкөл-Державинск бағындағы автожолды жөндеу мәселесін көтеріп, ауыз су, елді мекендерді абаттандыру, жастарды ауылға тарту, жұмыссыздықты жою секілді жайларды көтерді. Ауылдық округ әкімі Нұрхан Бердіғали бұл мәселелер алдағы жылдары қарастырылып, мүмкіндігіне қарай шешімін табатындығына сендірді.
Ал, Тасты-Талды, Жаңадала және Зерноград ауылдарын біріктіретін Жаңадала ауылдық округінің әкімі Көкетай Хамзиннің тұрғындар алдында берген есебінен кейін жұртшылық ауылға жас мамандарды тарту, ауылдарды дамытуға арналған бағдарламалар жайлы халықты хабарландырып отыру, елді мекендерді көркейтуге бар мүмкіндіктерді пайдалану секілді ой-пікірлерін айтып, округтегі темір жол вокзалы жанындағы жағажолдарды, ауылдардың ішіндегі жолдарды жөнге келтіріп бергендері үшін алғыстарын да білдірді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Жарқайың ауданы.