«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-ші қадамында село округтері және басқа да шағын елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқару шеңберінде жеке бюджет құру жайы айқындалған. Қазіргі күні құзырлы органдар осы шараны жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізуде.
Таяуда Целиноград ауданының орталығы Ақмол селосында жергілікті өзін-өзі басқару шеңберінде салық түсімі тетіктерін қарастыру мәселесіне арналған дөңгелек үстел болып өтті. Оған Қазақстан Респуб-ликасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов пен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлан Хасенов, аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеев және Қаржы министрлігінің бірқатар жауапты қызметкерлері қатысты.
Жергілікті атқарушы органдардың өз бюджетін құру жайы біраз уақыттан бері айтылып келе жатқаны белгілі. Бұл жергілікті жерде қордаланған көптеген түйткілді мәселелерді шешуге игі ықпалын тигізер еді. Ауылдық, селолық және поселкелік округтер деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты жеке бюджет мынадай салықтардан құралады: табысқа байланысты жеке бастың салығы, жеке тұлғалардың мүлік салығы, жеке тұлғалардың жер салығы, заңды және жеке тұлғалардың көлік салығы.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімеде жергілікті бюджетті құруға көшу жайы жан-жақты талқыланды.
Нұрлан ЫСҚАҚОВ,
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы.
Целиноград ауданы.