Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік мекемелерге ұялы телефон алып кіруге болмайтын ереже шыққанымен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне мұндай шектеу қойылмайтыны айтылды.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғалым Қайшыбеков журналистердің сот мекемесіне ұялы телефон, диктафон, фотоаппарат, бейнекамера сияқты қызмет бабына қажетті құралдарды алып кіруіне болатындығын және соттың ашық отырысында да тиісті құралдарды алып кіруге рұқсат етілгендігін айтты. Қазақстан Республикасы журналистерінің Этикалық Кодексінің 2.3 бабында «Журналист қоғамдық тәртіптің тұрақсыздығын, әлеуметтік араздықты қоздыруды болдырмас үшін дәлелденбеген ақпараттан, асығыс және тексерілмеген ақпаратты жариялау мен таратудан бас тартады немесе аталған ақпараттың тексерілмеген сипатын көрсетеді» деп атап көрсетілген. Демек, журналист тексерілген ақпаратпен ғана жұмыс істеп, халыққа шынайы хабарды жеткізуі тиіс. Сол себепті де, соттың ашық отырыстарына қажетті құралдармен кіріп, барлық мәселенің бүге-шүгесін өз көзімен көріп, халыққа таратуға құқылы.
Шын мәнінде, мемлекеттік мекемелерге смартфонмен кіруге рұқсат етілмейтін заң шыққаннан бері, журналистерден де ұялы телефондарын алып қоятын үрдіс пайда болғаны жасырын емес. Алайда, заң мемлекеттік қызметшілерге ғана қатысты екенін мекеме қауіпсіздігіне жауапты адамдар ескермей жатады. Айта кетерлігі, қазіргі смартфондардың ішінде журналистің жұмысына қажетті диктафон, бейнекамера, интернет бар. Сол себепті де, журналистерден бұл құралды мемлекеттік мекемеге кіргенде алып қою дұрыс емес. Өйткені, бұл журналистердің жұмысына кедергі келтіреді.
Кейбір ашық сот отырыстарына қатысқан журналистердің тәртіп пен заң нормаларына сай келмейтін ақпаратты халыққа тарату жағдайлары да кездесіп жатады. Ондайда журналистер біреудің жеке өміріне қол сұғып, олардың адамдық ар-намысына залал тигізетін мәселелерді айтып, өзін де өзгені де ыңғайсыз жағдайда қалдыратыны жасырын емес.
«Журналист өз жұмысында қоғамдық жауапкершілікті толықтай сезініп, ақпарат таратқанда оның заң шеңберінде және адамдарға залалсыз болуына назар аударғаны жөн» дегенді айтты Ғалым Қайшыбеков. Сонымен қатар, журналистер соттың ашық отырысына қатысқанда ішкі тәртіпті де сақтаулары керек. Сондай-ақ, сот орындарына барғанда ақпарат саласында жұмыс істейтінін растайтын қызметтік құжатты алып жүруі, ал, соттың ашық отырысына қатысқанда осы жөнінде сол іске төрағалық ететін судьямен алдын ала келісіп алуы қажет.
«Алмақтың да салмағы бар» демекші, журналистер үшін қызмет бабына орай кеңшіліктер жасалғанымен, олардан этикалық нормаларға сай болу да талап етеді.
Назгүл Рабилова.